ШҚМУ-да журналистика мамандығының студенттеріне арналған телестудия ашылды (Фото)

1000
көрілім
Фотосуреттер - автордікі

Бүгін  С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың әкімшілік ғимаратында студенттерге арналған телестудияның ресми ашылу салтанаты өтті.  "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында және журналистика мамандығының құрылғанына жиырма жыл толуына орай ашылған телерадио кешенінің қолданысқа берілуіне университет ректоры Мұхтар Әділбекұлы мұрындық болды,  – деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Телестудияның ашылу лентасын Абайтанушы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы мен Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Борис Щербаков қиды.

– Қазақ телевизиясы 8 наурыздан бастап 60 жылдығын атап өтуде, – дейді белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлы, – Бүгінгі қуаныш сол тойдың жалғасы деп топшылаймын. «ALTAI JASTARY» деген телестудияның ашылуы тек телевизия саласына ғана емес бүкіл қоғамға керек дүние. Мұның жастарға беретін пайдасы өте зор. Қазақ журналистикасы – азаттық жылдарында тәуелсіздік шежіресін жасаған ең үлкен қоғам, ең үлкен жауынгер. Мереке мерекеге ұлассын деймін.
Ашылу салтанатына «Qazaqstan» ҰТА директоры Еркін Мұхамеджанов, Аймақтық хабар таратуды дамыту дирекциясының директоры Ержанар Әшейхан мен өзге де елімізге белгілі тұлғалар, университет оқытушылары мен студенттер қатысты.

 – Бұл күнді журналистика мамандығы көптен күтті. Болашақ журналистердің бәсекеге қабілеттілігін арттыра түспек. Университет ректорының бастамасымен қолға алынған телерадио кешені болашақта өз жемісін береді деп ойлаймын. Дыбыс жазуға жабдықталған арнайы студияның болғаны сапалы жұмыс істеуге көмектеседі. Журналистерге осындай мүмкіндік жасап бергендеріне өте қуаныштымыз, - деді журналистика мамандығының 4 курс студенті Жазира Ибрайханова.

 

Ботакөз КЕНЖЕХАНОВА