ШҚО Белоусовка кентінің тұрғыны өз-өзін не үшін жарып жіберді?

882
көрілім
Николай Кузнецов осы жерде өзін-өзі жарып жіберген.

«Қазақмыс» корпорациясының Белоусовска ауылындағы кенішінде жұмыс істейтін ер адам белгісіз жарылғыш затпен өзін-өзі жарып жіберді. Адам нанғысыз оқиға Пушкин көшесінде орналасқан дүкеннің артқы жағында орын алған. Ер адамның көз жасын көл етіп, қайғыдан қан жұтқан анасы бетегеден аласа, қойдан жуас баласының бұл әрекетіне әлі күнге дейін сенер-сенбесін білмейді. ШҚО ІІД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, осылайша 35 жастағы азамат өзіне қол жұмсап, бұл дүниемен қош айтысқан. Ал марқұмды жақсы таныған ауыл тұрғындарының айтуынша, оның осындай қорқынышты қадамға баруына азаматтық некеде тұрған әйелімен берекесіз қарым-қатынасы себепші болған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Тарс еткен дыбыс

Глубокое ауданы тұрғындарын дүр сілкіндірген қайғылы оқиға 25 қыркүйек күні кешкі уақытта орын алды. Дүкен қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, Николай Кузнецов (адам аты-жөндері толықтай өзгертілген) дүкеннен энергетикалық сусын сатып алған. Содан соң ол дүкен иесінен ғимараттың артқы жағындағы алаңда отыра тұруға рұқсат сұрайды. Николайды жақсы танитын кәсіпкер қарсылық білдірмеген соң ер адам сол жаққа қарай беттейді. Араға біраз уақыт салып дүкен қызметкерлері тарс еткен бір дауысты естіген, бірақ олар бұл дыбысқа аса назар аудара қоймайды.

Біз сол жерде ескі қораптарды өртейтін едік, – дейді дүкен сатушысы Анна. – Бірде сол қораптарға бір адам монтаж көбігі бар баллонды лақтырып жіберіп, тарсылдаған дыбыс шыққан еді. Сол қаралы кеште дүкенге менің орныма екінші сатушы шыққан болатын. Ол тарс еткен дыбысты естігенімен, аса мән бермейді. Бұдан соң дүкен иесінің оған қойған «Тағы да қоқыстарды жағып жатырсың ба?» деген сұрағына, «Жоқ» деп жауап қайтарады. Біршама уақыт өткен соң дүкенге келушілердің бірі дүкеннің артқы жағында Николайдың еш қимылсыз жатқанын жеткізген. Дүкен иесі бірден қолына фонарик алып, дүкеннің артқы жағына мән-жайды анықтауға кетеді. Қорқынышты сөздің шындық екендігіне көз жеткізген соң оқиға орнына жедел-жәрдем мен полиция қызметкерлері шақырылды.

Тергеу жүргізілуде

Құқыққорғау органының анықтауынша, ер адам өзін-өзі жарып жіберуі мүмкін. Алдын ала болжам бойынша, кеуде мен мойын тұсынан жарақаттанған азамат сол жерде көз жұмған. ШҚО ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, Белоусовка ауылының тұрғыны өз өмірін қию үшін «белгісіз жарылғыш затты» қолданған.

– Бұл оқиға сотқа дейінгі тергеудің біріңғай реестрінде ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша (өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) тіркеуге алынды, – дейді ШҚО ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Торғаев. – Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары бар мән-жайды анықтау үстінде.

Бейресми деректерге сүйенсек, сол жерден сымдар, батарейкалар және арақ бөтелкесі табылған екен. Десе де, дүкен сатушылары Николайдың өзіне қол жұмсаудан бұрын олардан ішімдік сатып алмағанын алға тартуда. Осы ретте айта кету керек, Николай Кузнецов о дүниеге аттанған жер оның бұрынғы азаматтық некедегі әйелі Анастасия Дуденкова тұратын үйдің дәл қасында орналасқан. Мүмкін азамат бұл дүкенді жайдан-жай таңдамаған шығар?

Ауыл халқы арасында марқұмның жарылғыш затты іске қосудан бұрын Анастасияға өз телефонынан хабарлама жібергендігі жайлы сыбыс жүруде. Хабарлама мәтінінде ер адам әйелден балаларына қамқор болуды сұраған көрінеді.

Махаббат драмасы

Сайт тілшісі Глубокое ауданына жол тартып, қайғыдан қара жамылып отырған Николайдың отбасымен сөйлесіп көрді. Марқұмның анасы Зинаида ұлының жеке басындағы күрделі қарым-қатынасы жайлы баяндап, оның өз-өзіне қол жұмсауына дәл осы жайттың себеп болуы мүмкін екендігін айтты.

– Николай мен Анастасия 11 жыл бойы күрделі қарым-қатынаста болды, дейді ол. Әуел баста екеуінің қарым-қатынасы ойдағыдай өрбіп, Анастасияның аяғы ауыр болды. Осыған дейін де оның басқа күйеуінен 1 қызы болған еді. Сол уақытта балам мен оның азаматтық некедегі әйелі арасында кикілжің туындап, ол менің ұлымды үйден қуып шыққан. Мұнымен қоймай, құрсағында бала жатқанына қарамастан басқа еркекке кетіп қалды. Онымен де азаматтық некеде тұрып, өмірге келген қызын сол адамның атына жаздырған.

Зинаиданың сөзіне сүйенсек, сәби 2 жасқа толғанда Анастасия мен Николай қайта татуласқан. Сол кезде ол ұлыма «Қызыңды өз атыңа аударып, қарамағыңа ал» деп өтінген. Бұдан соң олар қайта жанұя болып қосылып, бәрі өз орнына келгендей болды, бірақ…

Бірақ ұлымның бақыты ұзаққа созылмады, дейді Николайдың анасы. Тағы да бүйректен сирақ шығарған Анастасия оған «кет» деді. Ол Николайды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын. Мінезі жуас балам әйеліне иіліп төсек, жайылып жастық болса да еш жақпады. Осы 11 жыл бойы олар бірде айырылысып, бірде татуласып жүрді. Ақыр аяғында ол әйел ұлымның баласын тартып алды.

Николайдың апайы Светлана марқұм бауыры қызын қатты жақсы көргенін айтты. Жар дегенде жалғыз баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеген ол қызына қажетті заттардың барлығын алып беріп, қалаға жиі апарып, саябақтарда серуендететін. Қажырлы еңбегін серік еткен ер адам азаматтық некедегі әйелінің жағдайын жасау үшін де бар күшін салған көрінеді.

Ол Анастасияның үйіне керемет жөндеу жұмыстарын жүргізіп берді, дейді Светлана. Әрдайым жұмыс істеп, нәпәқасын маңдай терімен тауып отырды. Азаматтық некедегі әйелінің үлкен қызын да өз баласынан кем көрмей, шама-шарқы жеткенше асырап отырды. Бір жұмыстан шығып қалса, дереу басқасын тауып алатын. Жегені алдында, жемегені артында болған Анастасия ештеңеге мұқтаж болған жоқ.

«Бір орнында отыра алмайтын»

Николай Кузнецовтың анасы мен апайы Анастасия Дуденкова туралы жақсы пікірде емес. Олардың сөзіне сүйенсек, Анастасия басқа еркектермен көп сөйлесіп, Өскемен қаласына жиі қыдырып кететін.

Сол жақта жүргенде ештеңе болмағандай ұлыма хабарласып, «Мені алып кет» дегенді айтатын, деп наразылығын білдірді марқұмның анасы.

Ол өзін бостандықта сезінгенді жақсы көретін. Бауырыммен айырылысып кеткеннен кейін оның үйінде ішімдік ішкен «достары» жиі жүретін, дейді Светлана.

Үнсіз кетті

Қыркүйек айында Николай еңбекке жарамсыздық парағын ашып (больничный лист), жұмысқа бармай жүріпті. Бұл Анастасиямен кезекті айырылысу кезінде болған көрінеді. Ер адам бір апта бойы анасының үйінде ешқайда шықпай, түпсіз ойдың тұңғиығында батыпты. Содан соң еңбекке жарамсыздық парағын жабуға жол тартады. Ауруханадан қайтып келген соң түскі асын ішкен.

Үйге келсем ұлым салат жасап, жеп отыр екен, деп еске алды Зинаида. Мен одан «Неге өзіңе вареники жасап алмадың?» деп сұрадым. Ол маған «Жарайды, мама, артынан дайындаймын» деп жауап берді. Содан кейін өз бөлмесіне барып, киімдерін киді де, сыртқа шығып кетті. Осылай қараптан-қарап жер астынан жік шығатынын кім білген.

Бұл Николайдың анасымен соңғы сөйлесуі болды…

Сол күні кешкі уақытта телефоныма Анастасия қоңырау шалып, «Дүкеннің артында Николай, дүкеннің артына Николай» деп жыламшы үнмен қайталай берді, – дейді Зинаида. Бірден киімдерімді киіп, дүкен жаққа қарай жүгірдім. Барсам, айналада адамдар толып жүр. Полиция қызметкерлері де келіп жетіпті. «Мені ары қарай өткізіңдер! Не болғанын көруім керек» деп айттым, бірақ оған полицейлер рұқсат берген жоқ.

Көз жұмған азаматтың жақындары бұл оқиғаны Анастасияның келесі күні-ақ ұмытып кеткенін айтуда. Светлананың сөзіне сенсек, арада тоғыз күн өткен соң Анастасия Дуденкованың үйіне басқа еркек келіп қонған.

Бұл неткен масқара! деп Николайдың апайы өз таңданысын жасыра алмады. Қызы әкесінен айырылып отырғанда қалайша осындай әрекетке баруға болады?! Мың ойланып, жүз толғансақ та оның бұл әрекетін еш түсіне алмаймыз.

Белоусовка ауылының тұрғындары арасында осы мәселе қызу талқыға түскен. Жұрттың бірі марқұмды жақтаса, кейбіреулер Анастасияны қорғаштайды.

Байғұс балапаным-ай, – деп Зинаида көзіне жас алды. – Жүрегі пәк, ешкімді ренжітпейтін жуас адам еді ғой, шіркін. Тапқан-таянғанын азаматтық некедегі әйеліне беріп, өзіне ештеңе алмайтын. Тіпті маған келіп темекіге ақша сұраушы еді…

Анастасия не деді?

Белоусовка ауылында жүргенде Анастасия Дуденковамен де жолығып көрдік. Ол бізбен сөйлесе алмайтындығын айтып, жұмысқа асығып тұрғандығын жеткізді. Десе де, ол қойған сұрақтарымызға қысқаша жауап беруден бас тартқан жоқ. Оның айтуынша, Николай жаман адам болмаған, дегенмен екеуінің қарым-қатынасы берекелі болды деуге мүлде келмес.

Осы орайда, «Николай Кузнецов жарылғыш затты қайдан алды?» деген заңды сұрақ туындайды. ШҚО Ішкі істер департементі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан бұл сауалға жауап беруден бас тартты. Ал бейресми дерек бойынша, ер адам белгісіз жарылғыш затты өзінің соңғы жұмыс орнынан, яғни «Қазақмыс» корпорациясының Белоусовска ауылындағы кенішінен ұрлап кеткен.

Жерлеу рәсіміне келген азаматтар Николайдың өзін-өзі өлтіруге баяғыда-ақ кекіл түйіп, 3 айдай уақыт дайындалып жүргендігін айтты, – дейді Светлана. – Оны қайдан білгендерін ұқпадық…

Соқыр сезім құрбандары

Шығыс Қазақстан облысында екінші жартысымен қарым-қатынасы шиеленісіп, соның салдарынан өз-өзіне қол жұмсаған оқиғалар мүлде орын алмаған десек – өтірік болар. Сіздерге махаббаттың құрбаны болған адамдар жайлы бірнеше мысал келтіруді жөн көрдік:

2013 жылдың қыркүйек айы. Глубокое ауданы, Прапорщиково ауылының тұрғыны әйелімен жанжалдасып, далаға шығып кетеді. Бойын ашу билеген азамат аулада өз үстіне жанар-жағармай құйып, өртеп жіберген. 34 жастағы ер адам ауруханаға жетпей жатып көз жұмды.

2015 жылдың қараша айы. Семей қаласының 25 жастағы тұрғыны монша ішіне қамалып алып, үстіне жанармай құйып, өзін-өзі өртейді. Ауруханаға жатқызылған жігіт келесі күні қайтыс болып кеткен. Оның мұндай әрекетке баруына кездесіп жүрген қалыңдығымен ұрсысып қалуы себеп болған.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Фотосуретті түсірген автор