ШҚО әкімі орталық көшелерді жарнамалық баннерлерден тазартуды тапсырды

666
көрілім

Өскемен мен Семейдің орталық көшелеріндегі бүгінгі уақыт талабына сәйкес келмейтін жарнамалық баннерлер түгелдей алынатын болды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов кеңейтілген аппараттық кеңесте осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Бір айдың ішінде аталған қос қаланың көшелерінде орналастырылған түсі оңып кеткен, жыртылған, тақырыбы ескірген немесе басқа да талаптарға сай келмейтін жарнамалық баннерлер мен керілген көрнекі ақпараттар алынып тасталуы тиіс. Аймақ басшысының айтуынша, мұндай баннерлер шаһардың сәнін кетіріп, көліктердің қозғалысына кедергі келтіреді.

– Өскемен және Семей қалаларындағы көшелердің бойында заманауи стандарттарға сәйкес келмейтін жарнамалар мен құрылымдар ілініп тұрады. Астана мен Алматы көшелері мұндай жарнамалардан баяғыда тазартылған. Дәл осы жұмысты біздің өңірде де жүргіземіз, – дейді Даниал Ахметов.

Қазіргі күні облыста 1600-ден астам көрнекі ақпарат ілетін металл құрылым бар болса, оның бір пайызы бос тұр. Ал 80 пайызы әлеуметтік-саяси, 19 пайызы коммерциялық бағыттағы баннерлер.