ШҚО әкімі: «Жергілікті жобалаушыларға сенеміз деп, қатты айтқанда бармағымызды тістеп қалдық»

652
көрілім
Шығыс Қазақстанда алдағы 3 жылдың ішінде жол жөндеу жұмыстарына 16,5 млрд теңге бөлініп, 580 шақырымнан астам жол жөндеуден өтпек. Биыл бұл қаражаттың 4,58 млрд теңгесіне облыстағы бірқатар бағыттағы жолдар қалыпқа келтіріледі. Алайда осы жұмыстарға жауапты мердігерлер жобалық сметалық құжаттарын уақтылы өткізбей отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Облыс жолдарын жөндеу үшін қолға алынған жоспарлар да, бөлінген қаражат мөлшері де аз емес. Десе де өңіріміздің бірқатар елді мекендеріндегі 1 шілде күні басталуы керек жол жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін қолға алынбаған. Облыс әкімі Даниал Ахметов осындай олқылыққа жол берген жобалаушы компанияларды сын садағына алды.

Жол жөндеу жұмыстарының жобасын жасаушылардың бірде-біреуі жобалық сметалық құжаттарды уақтылы даярламаған. Енді олардың барлығы келесі жылдан бастап қатаң бақылауға алынатын болады. Егер облыстағы жобалаушы компаниялар бекітілген талапқа сәйкес жұмыс атқармайтын болса, онда Астана, Алматы немесе Павлодар қалаларының жобалаушыларымен келісішартқа отыру керек. Жергілікті жобалаушыларға сенеміз деп, қатты айтқанда бармағымызды тістеп қалдық, – дейді аймақ басшысы.

Облыс бойынша 2017-2019 жылдары жол жөндеуге 16,5 млрд теңге бөлу жоспарлануда (2017 – 4,58 млрд, 2018 – 5,8 млрд, 2019 – 6,1 млрд). Бұл қаражат мөлшері алдағы уақытта өсуі де мүмкін. Жөндеу жұмыстарын кеңінен жүргізу үшін жолдардың көбі орташа жөндеуден өтеді. Жоспар бойынша 3 жылдың ішінде 580 шақырым жол қалыпқа келтірілетін болады.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ