ШҚО мамандандырылған күзет қызмет басқармасы 1- батальонының полицейлері өлім аузында жатқан аспазды құтқарды

1485
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Жазмыштың пенде атаулыға әзірлеп қойған тосынсыйын болжап білу мүмкін емес. Әрі кеткенде Жаратқаннан жәрдем сұрап, алаңсыз оянған әр таңына «шүкіршілік» айтып тәубә етудің өзі көп кесапаттан сақтайды деген сенімді серік етеді. Ал аяқасты есінен танып, ойда-жоқта тұрған орнында еңсесі еңкейіп барып, сұлап түсті десек ешкім сенбес. Дегенмен облыс әкімдігінің асханасында болған жайт шынымен де бір адамның өмірін жалмап кетуі мүмкін еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аузынан көбік ақты

Абырой болғанда дейік, көмекке ұмтылған жандар қасынан табылған. Асын қамсыз әзірлеп тұрған Кристина Давыдованың көңілінде еш алаң жоқ, санасы сергек. Асханадағы аспаздармен қауқылдасып, күйбең тірлікті, арагідік өткен-кенткенді әңгіме етіп, ой алмасып тұрған. Кенет қол-аяғы тартылып, өзін жайсыз сезіне бастайды. Бұл мамыр айының 17-сі, таңғы сағат 8:00-дер шамасы. Қас пен көздің арасында еденге сұлап түсіп, аузынан ақ көбік ағып, өне-бойы діріл қағып, құрысты да қалды. Мұны көрген әріптесі сасқалақтап, бұрын-соңды Кристина Александровнаның мұндай күйге түскенін көрмеген ол абдырап қалған. Алайда секундтар тырсылы іске қосылған сәтте бірінші қабатта күзетте тұрған қызметкерлерге алып-ұшып жетеді. Дүйсенбі күні сол орында мемлекеттік күзет қызметінің басқармасының қызмет инспекторы Азамат Бақпаев тұрған. Бір сәт те аялдамай, асханаға қарай асығады.

– Кристина Давыдованың жағдайы мүшкіл екенін көмекшісі хабарлады. Барсам сұлқ түсіп, ұстамасы ұстап, дірілдеп жатыр екен. Аузынан аққан көбігі тамағына кетіп қалмас үшін дереу қырымен жатқыздым. Тілін қыршып алмас үшін, тісін ұстадым. Сәл болмағанда жұтып қояр ма еді?.. Әйтеуір басын сәл бұрғанымда сабырға келіп, шамамен 30 секундтан кейін дем ала бастады, – деді күзет қызметінің инспекторы.

Суретте: Әли Қасымов пен Азамат Бақбаев

Жедел жәрдем жеткенше жанынан кетпеді

Бір адамның өмірін арашалап қалған жерлесіміз Зайсан қаласының тумасы. Айтуынша, мұндай жағдаймен алғаш рет ұшырасып тұрған жоқ. Маңыздысы сол, қаншалықты күрделі, тіпті жантүршігерлік жайт болса да сасқалақтап, күйгелектік танытудың еш қажеті жоқ. Оған қоса біреудің тағдыры таразыда тұрғанда немқұрайлылық танытуға болмайды. Мемлекеттік күзет қызметі басқармасының взвод командирі, аға лейтенант Әли Қасымовтың айтуынша, жедел жәрдем көлігі жеткенше Азамат Амантайұлы аяқасты сырқаты дендеген аспаз-әйел қарай бет алғанда өзі сол арада жедел жәрдем бөліміне қоңырау шалған. Алайда дәрігерлер кенеттен жағдайы нашарлаған жанның аты-жөнін тіркеп, келіп-жеткендерінше біршама уақыт өтіпті. Абырой болғанда, оқиға сәтімен аяқталып, облыс әкімдігінің асханасында бір айдан бері аспаз болған Кристина Александровнаның қазіргі жағдайы оңалған.

Ортада Кристина Давыдова

– Алғашқы көмекті көрсеткен азаматқа айтар алғысым шексіз. Қол-аяғым тартыла бастағанда шарасыз күйде қалдым. Тумысымнан эпиллепсия жоқ болатын, кейіннен пайда болды. Дәрігерлер келген сәтте тілге келіп қалғам. Салған жерден жағдайым жайлы хабар берген қыздарға да зор алғыс, – деді аспаз әйел.

Дәрі-дәрмек қабылдауда

Иә, қауіпті дерт. Оңашада осындай халге түссе, ажал араны тартып әкетуі де ғажап емес. Сол күні, яғни мамыр айының 17-сі күні ауа райы бірден ысып, асхана іші де қапырық болып кеткен көрінеді. Аяқасты болған аптапқа бой үйретіп үлгермеген Кристина Давыдова қазір ақ халаттылар жазып берген дәрі-дәрмектер қабылдап, денсаулығына мән бере түскен. Өз кезегінде взвод командирі Әли Төлеубекұлы мен аға лейтенант Азамат Бақпаевтың бұл әрекеті өзге де азаматтарға үлгі боларлығы сөзсіз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ