ШҚО мектептерінде смартфонға тыйым салынады

577
көрілім

Шығыс Қазақстан облысының мектептерінде бұдан былай «интеллектілі» ұялы телефондарды пайдалануға тыйым салынбақ. Облыстық прокуратураның мәліметіне сүйенсек, балама ретінде қарапайым батырмалы телефон ұстауға болады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Жуықта облыстық прокуратура мен білім басқармасының бірлескен жұмысының нәтижесінде аймақтағы барлық мектептерде смартфондарға тыйым салу туралы шешім қабылданды.

— 659 мектептің ішінде 579 оқу орыны ата-аналардың келісімімен аталған жаңа тәртіпті енгізіп отыр. 80 мекемеде оған қажеттілік жоқ, себебі бұлар бастауыш мектептер немесе ұялы байланыс операторларының аясынан тыс жерде орналасқан, — деп хабарланған қадағалау органының ресми сайтында.

ШҚО Білім басқармасының берген ақпараты бойынша, бұл мәселе әр мектептің ата-аналармен өзара келісуі арқылы шешілуде. Егер олар қарсы болмаса, мектеп жарғысына сәйкес өзгертулер енгізіледі. Дегенмен, оқушыларға қарапайым батырмалы ұялы телефондарды пайдалануға рұқсат етілген.

Ереже бұзылған жағдайда, оқушылармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелесу жүргізіледі.

Сондай-ақ, балалардың қарапайым телефон ұстауы ұрлау және тонау қауіпінен бір елі алшақ жүруіне де себеп болады.