ШҚО мен Моңғолия аралығындағы жол қысқармақ

806
көрілім
Шартты фотосурет.

Баян-Өлгей аймағының губернаторы Ғылымхан Айп ШҚО әкімі Даниал Ахметовпен кездесу кезінде Моңғолия шекарасынан Шығыс Қазақстанға дейінгі жолды қысқартуды ұсынды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі күні Моңғолия тұрғындары Қазақстанға келу үшін қос шекарадан өтуге мәжбүр. Бұл көп ыңғайсыздықтар тудыруда. Ғылымхан Айп бұл мәселенің шешімін Баян-Өлгей мен Шығыс Қазақстанды тікелей байланыстыратын тас жолын салу арқылы шешуге болатындығы туралы пікірін білдірді.

— Дәл қазір логистика бойынша проблемалар туындап отыр, Қазақстанға келу үшін алдымен Ресей шекарасынан қию керек. Бұл, әсіресе, жүк тасымалында ыңғайсыздықтар тудыруда. Алайда, 200 шақырымдық жол бар екендігін де айта кеткен жөн. Бұрын ол телімде мал айдаған болатын. Егер аталмыш жерге тас жолын салсақ, бұл сапар тездігі және ыңғайлылығын қамтамасыз етумен қоса, қос аймақ арасындағы тауар айналымын арттырары сөзсіз, — дейді Ғылымхан Айп.

Даниал Ахметов жолды қысқарту туралы ойдың маңыздылығын атап өтіп, бұл мәселенің шешу жолында Шығыс Қазақстан тарапынан да барынша күш салынатындығын айтты.