ШҚО полицейлері іздестіруде жүрген 6 қылмыскерді ұстады

431
көрілім

«Мигрант» жедел алдын алу шарасы кезінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1009 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаевтың сөзінше, 7-16 маусым аралығында облыс аумағында «Мигрант» жедел алдын алу шарасын өткізу кезенінде Шемонаиха полиция бөлімінің көші-қон қызметкерлері заңнан аттаған азаматшаны анықтады.

- Құжаттарды тексеру кезінде Ресей Федерация азаматшасының төлқұжаты бола тұра ел аумағына өткенде Қазақстан Республикасы азаматшасының құжатын пайдаланғандығы анықталды. ҚР ӘҚБтК 496 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды және сот шешімінен республика аумағынан шығарылған, - деді басқарма бастығы.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, шетел азаматтарының келгені туралы полиция органдарына уақтылы хабарламағаны үшін еліміздің 339 азаматына жаза қолданылып, уәкілетті органның рұқсатынсыз шетел азаматтарының еңбек қызметін жүзеге асырған 43 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұдан бөлек, 43 шетел азаматы соттың шешімімен елден тысқары шығарылып, қылмыстық полиция қызметкерлері іздестіруде жүрген 6 қылмыскерді ұстады.