ШҚО Прокуратурасы алимент төлей алмайтын әкелерге жұмысқа тұруға көмектесуде

503
көрілім

Облыс прокуратурасы жұмыспен қамту органдарымен бірлесе отырып алимент бойынша борышкерлерге өз балаларына төлемді уақыты төлеу үшін оларға жұмысқа тұруға көмектесуде, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Алимент төлеу мәселесі Шығыс Қазақстан облысы үшін өте өзекті. 2013-2016 жылдары облыс бойынша жыл сайын 10 мыңнан 13 мыңға дейін неке тіркелген. Ал ажырасудың саны орташа алғанда 5 мыңды құрайды, оның 60-70% ортақ кәмелет жасқа толмаған балалары бар жанұяларға тиесілі. Сот орындаушыларына жыл сайын 3-4 мыңның көлемінде алимент өндіру туралы атқарушылық құжаттары келіп түседі.

— Прокуратураның талдау нәтиежесінде анықталғандай, азаматтардың өз балаларын қамтамасыз етуге асықпауының бірден-бір себебі, ол борышкерлердің көп бөлігінің тұрақты жұмыс орнының болмауы. Алиментті төлеу үшін оларды жұмысқа тұруға міндеттеу заң бойынша мүмкін емес. Сол себепті, ШҚО Прокуратурасы борышкерлерге өздеріне келетін жұмыстарды табуға көмек көрсету үшін бірқатар шараларды қолға алды, — дейді ШҚО Прокуратурасының баспасөз қызметі.

Қадағалаушы ведомство жергілікті атқарушы органмен бірлесе отырып, жұмыссыз борышкерлердің есепке алынып әрі қарай жұмысқа тұруы үшін көмек көрсетуде. Ол үшін сот орындаушылары азаматтардың мамандығына сай жұмысқа орналасуға болатын жұмыспен қамту бөлімдері арқылы борышкерлерге хаттар жолдайды.

Қадағалаушы ведомство жоба аясында қабылданған іс-шаралар барлық өңірлерде алимент бойынша берешектің күрт азаюына көмектесетініне сенім білдірді.