ШҚО Прокуратурасы қиын жағдайға ұшыраған 3 мүгедекке көмек көрсетті

441
көрілім

ШҚО Прокуратурасына үш мүгедек адам өз құқықтарының бұзылғандығын айтып шағым түсірген. Қазіргі уақытта барлық факті бойынша жедел көмек көрсетілді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі. 

Ең алдымен көзінің кемістігі бойынша мүгедектік алған адамның құқығы қорғалды. Егде жастағы азамат ондаған жылдар бұрын өндірісте зақым алыпты. Осы себепті жұмыс беруші мүгедекке ай сайын өтемақы төлеп келген. Бірақ, биылғы жылдың екінші тоқсанында құжаттардың дұрыс рәсімделмеуіне байланысты төлемді тоқтатқан. Прокуратураның араласуымен таяу мерзімде мүгедек жан тиісті төлемдеріне қайта қол жеткізеді.

Екінші жағдайда облыс тұрғыны жиһаз жасау цехында жұмыс істеп жүріп ауыр жарақаттанған. Зақым кеселінен азамат бір аяғынан айырылыпты. Бес жыл бойы цех басшылығы мүгедекке арнайы қозғалу құралдарын (балдақ, кресло-арба) алып беруге жәрдемдескен. Алайда, 2011 жылы фирманың жабылуына байланысты, мүгедек тиісті көмекті ала алмай қалыпты. Осы орайда, Прокуратура мүгедек жанға жеке оңалту бағдарламасын әзірлеуде. Жұмыс істеген мекеме өз қызметін тоқтатуы себепті, көмек мемлекет тарапынан берілетін болды.

Шағым түсірген үшінші азамат биылғы жылдың басында ЖКО-ға түсіп, соның салдарынан аяғын жаралаған. Аталған жайт негізінде қаралған мүгедектікке шығу мәселесі бойынша бастапқы кеңесте мамандар мүгедектің талабын қанағаттандырмапты. Қадағалау органы мүгедектің медициналық-әлеуметтік сараптама дәрігерлерінің кеңесінен қайта өтуіне жәрдемдесті. Қосымша тағайындалған зерттеулер нәтижесі ер адамда мүгедектік тағайындау белгілері бар екендігін көрсетті. Сөйтіп, ол азаматқа мүгедектікке куәландырудан өту тәртібі жіті түсіндірілді.

Шағымдары қанағаттандырылған мүмкіндігі шектеулі жандар облыс прокуратурасына өз ризашылығын білдірді.