ШҚО ТЖД өңір тұрғындарын найзағайдан сақ болуды ескертеді

599
көрілім
Жаз мезгілі таяған сайын күн күркіреп, найзағай ойнайтын мезгілдің де уақыты жақындайтыны белгілі. Осыған орай жергілікті жерлердегі Төтенше жағдайлар қызметтері жасынның қаупі жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО ТЖД-не сілтеме жасап.

Найзағай – бұлт арасында пайда болып, ұзындығы бірнеше шақырымды, диаметрі ондаған сантиметрді құрайтын разряд бір секундтың бір бөлігіне жетер-жетпес уақытта түскен жерін қара күйікке айналдырып жібереді. Жасын жарығының температурасы 3000 градусқа (күн маңындағы температурадан 6 есеге көп), ал түсу жылдамдығы секундына 100 мың шақырымға дейін жетуі ықтимал. Жыл сайын әлемде найзағай 3000-ға жуық адамның өмірін жалмайды.

ШҚО ТЖД Абай аудандық ТЖ бөлімінің хабарлауынша, өткен жылы аталмыш аудан аумағында найзағайдан 2 адам зардап шегіп, біреуі ажал құшқан.

Найзағайдан сақтану жолдары:

— Табиғатқа шықпас бұрын ауа райын бағдарлап, егер жаңбыр жауатын болса шықпағаныңыз абзал;

— Есік-терезелерді жауып, тұрмыстық техникаларды сөндіріңіз. Мұржадағы түтіннің жай тартатын қасиеті бар, сондықтан пеш жақпаңыз;

— Телефонмен сөйлеспеңіз, теледидарды, радионы электр құрылғыларын өшіріңіз;

— Найзағай кезінде электр кабельдеріне, қабылдағыш антенналарға, су ағатын құбырларға жоламаңыз;

— Орманда емен, қарағай сияқты биік ағаштардың астына емес, аласа бойлы бұталардың арасына тығылыңыз;

— Су жағасынан алыстап, биік төбелерге шықпаңыз;

— Паналайтын жері жоқ жазықта жерге жатпаңыз, шұңқырлау жердің жиегіне аяқтарыңызды құшақтап отырыңыз;

— Спортпен айналысып жатсаңыз, уақытша тоқтап, металл құралдардан алыстаңыз;

— Найзағай кезінде көлікте болсаңыз, терезелерін жауып, қабылдағыш антеннасын түсіріп қойыңыз.

Ерлен Османов