ШҚО жолдары қысқы маусымға дайын ба?

508
көрілім

Облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында құзырлы мекеме басшылары өңіріміздегі жолдардың қысқы маусымға деген дайындықтарын баяндап, көктайғақ пен қызыл суға қарсы инертті материалдар мен жанар-жағармай қорының жайын сөз етті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Өткен жылғы тәжірибені ескере отырып, облыстық маңыздағы жолдардың жиі бұрқасын соғып, қар алып қалатын учаскелеріне стационарлы қар ұстайтын қоршаулар орнатылды, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев. – Қазіргі уақытта орнатылған жалпы ұзындығы 22 шақырымдық қар ұстайтын қалқаншалар мен 1300 метрлік трос арқандар жолды қардан тазартуға кететін шығынды біршама азайтуға септігін тигізбек. Трос қоршаулар «Өскемен-Таулы Үлбі-Северное» тас жолына орнатылса, қар ұстайтын қалқаншалар Күршім, Бородулиха және Жарма аудандарындағы жолдарға қойылуда.

Басқарма басшысының айтуынша, 750-ге жуық қар тазалайтын техника биылғы қыс маусымына сақадай-сай дайын. Бүгінгі күні Умыш асуындағы, Тарғын, Егінбұлақ және Ұранхай ауылдарындағы төрт жылыту пункттерінің жұмыстары пысықталып, дайындығы тексерілген.

Көктайғаққа және қызыл суға қарсы инертті материалдар қоры да бар, – дейді Мұрат Хабдылжаппарұлы. – 1950 тонна көктайғаққа қарсы материалдар, 68 тоннадан астам жанар-жағармай дайындалып, жол көлігі, төтенше жағдайлар және ішкі істер органдары қызметтерімен бірлескен әрекет жоспары жасалды.