ШҚО-да 16 жастағы студенттен қару тәркіленді

339
көрілім

Облыс аумағында құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жедел алдын алу шарасы барысында колледждің 16 жасар студентінен тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді. Кәмелетке толмаған бала өткен жылдың қазан айында үйінің шатырынан қапқа оралған мылтық тауып, ол туралы анасына айтып берген. 
Полицейлер әлеуметтік желілерді тексеру барысында қаруды заңсыз сақтаған жасөспірімді анықтады, ол өз аккаунтында мылтықпен түскен суретін жүктеген.
- Мекенжайға келген полицейлер кәмелетке толмаған баланың үйінен осы мылтықты тәркілеген. Сарапшының қорытындысына сәйкес бұл қару 12 калибрлі аңшылық патрондармен ату үшін жарамды және 12 калибрлі тегіс ұңғылы атыс қаруы болып саналады. ҚР ІІМ БДБ базасының есебі бойынша аталған мылтық тіркелген және криминалдық қару ретінде көрсетілмейді, - делінген мәліметте.
Кәмелетке толмаған бозбаланың 37 жастағы анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабының 1-бөлігіне (жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленуі, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруі, тасымалдауы) сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, оның санкциясымен 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл көзделген.

Жалпы,  іс-шара басталғаннан бері заңсыз алып жүру мен сақтаудың 10 фактісі анықталды.