ШҚО-да алдағы екі жылда 600 шақырым жол жөндеуден өтеді

723
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында алдағы екі жылда жалпы құны 16,1 миллиард теңгеге 600 шақырымға жуық облыстық деңгейдегі жол жөндеуден өтеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО ақпараттық орталығына сілтеме жасап.

Жөндеу жұмыстары бірқатар елді мекендерге апаратын жолдарды қамтығанымен, туристік аймақтар мен демалыс орындарына апаратын жолдар да басты назарға алынып отыр.

Сондай-ақ, ШҚО аумағында жатқан 3414 шақырым республикалық деңгейдегі жолды жөндеу жоспарланған. Биылғы жылдың өзінде бұған 13,3 миллиард теңге бөлініп отыр. «ҚазАвтоЖол» ҰҚ ШҚОФ таратқан мәліметтерге сәйкес, қазірде «Омбы – Майқапшағай» тас жолының жалпы ұзындығы 125 шақырым болатын 3 бөлігінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде 36 шақырым жол биылғы жылы қолданысқа берілмек. Ал «Өскемен – Зырян – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» тас жолының Осинов асуының 56-72 шақырым (16 шақырым) бөлігінде жөндеу ағымдағы жылы аяқталса, 72-88 шақырым (16 шақырым) бөлігін жөндеу үшін байқау жарияланған.

ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаевтың айтуынша, Жидебайға (Абай ауданы), Алакөлге апаратын жолдар мен Бородулиха – Шемонаиха аралығындағы тас жол жөнделеді.

2017 жылы өңірде 3,2 миллиард теңгеге 185,38 шақырым жол жөнделуде. Аталған жұмыстар қыркүйек айының соңына дейін өз соңына жетпек.

Сондай-ақ, биылғы жылы су басу қаупі туған сәтте жіберілген қателер ескеріліп, алдағы қыс, көктем мезгілеріне су басу қаупінің алдын алуға арналған жұмыс жоспары бекітілген.