ШҚО-да алимент төлеуден жалтарған екі жүз борышкер жүргізуші куәлігінен айырылды

659
көрілім

Алимент төлемеу мәселесі ШҚО Прокуратурасының ұдайы бақылауында тұр. Жылда Прокуратура қызметкерлері алимент төлемейтін отбасы балаларына қол ұшын созып, борышкерлермен күрес жүргізеді. Облыстық Прокуратура басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Бижанов сол жұмыстардың бүгінгі жай-күйін мәлімдеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Өңір тұрғындары бұрынғы жұбайларының алимент төлемейтіндігі жайында жиі шағымданып жатады. ШҚО Прокуратурасында осындай 16 мың атқарушылық құжат тіркелген. Қазіргі таңда облыс бойынша 17 мың балаға алимент төленуі тиіс.

Көптеген борышкерлердің тұрақты жұмысы жоқ. Облыста 16 мың борышкердің тең жартысы жұмыс істемейді. Ал алименттің уақтылы төленбеуіне тағы бір себеп – сот орындаушыларының атқарушылық істі созбалаңға салып, өз жұмысына үстірт қарауында. Сондықтан да прокуратураға сот орындаушыларының жұмысына көптеген шағымдар түсуде, – дейді Нұрлан Бижанов.

Алимент төлемеген азаматтарға әр түрлі шектеу шаралары да қолданылады екен. Нақты айтсақ, 3700 борышкерге шетелге шығуға, 200 борышкерге көлік тізгініне отыруға тыйым салынған. Қасақана алимент төлемейтін 500 борышкер әкімшілік, 9 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты.

Осы кешенді шаралар өз нәтижелерін беруде. Мысалы, өткен жылы аумақта алимент бойынша берешек 1,6 млрд. теңгеден 990 млн. теңгеге дейін азайтылды. Осының нәтижесінде біз шамамен 3700 балаға көмектестік, – деп атап өтті Нұрлан Бижанов.