ШҚО-да қарызға батып, банкроттыққа өтінім бергендер қандай рәсімдерді білуі тиіс?

148
көрілім
Фотосурет ашық дерекккөзден

2023 жылдың 3 наурызынан бастап республика көлемінде «ҚР Азаматтарының банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы» Заң қолданысқа енгізілді. Соның аясында төленбей жатқан несиелері бар тұрғындарға негізгі бағыттар түсіндіріліп келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Сайран Уалибекованың сөзінше, бұл заң үш рәсімді қарастырады. Біріншісі – соттан тыс банкроттық рәсімі, екіншісі – соттық-банкроттық рәсімі және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
– Соттан тыс банкроттық рәсім – жергілікті азаматтардың тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан жүзеге асырылады. Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану үшін келесідей шарттар сақталуы тиіс: банктер, коллекторлар және микроқаржы ұйымдары алдында жеке тұлғаның қарызы 1600 АЕК-тен аспауы керек. Бұл бірінші шарт. Екіншісі – жеке тұлғалардың мүлігі, соның ішінде, жергілікті тіркеу органдарында тіркелуге жататын мүлігі болмауы тиіс. Үшіншісі – банк алдындағы берешегі бойынша реттеу жұмыстарын жүргізу, – деді басқарма басшысы.
Мәлім болғандай, заң жобасымен ерекше жағдайлар қарастырылған. Соның бірі – егер банкроттыққа өтінім берген жеке тұлғаның қарызы бес жылдан астам уақыт төленбесе, жоғарыда жазылған шарттар қаралмай, өтініштер қабылданады.
Соттан тыс банкроттық рәсімнің бір бағыты осы. Екіншісі – соттық-банкроттық рәсім.
– Аты айтып тұрғандай, бұл рәсімді қолдану үшін жеке тұлға өтінімді тұрғылықты жеріне байланысты қалалық немесе аудандық сотта қаралады. Бұл өтінімді берген күннен бастап рәсім алты ай мерзімде жүргізіледі. Яғни, өтінім тапсырмған күннен бастап сот ұйғарым шығарады. Жергілікті соттар кейін құжатты бізге жібереді. Біз бұйрық негізінде жеке тұлғаға қаржы басқарушысын тағайындаймыз. Осы сияқты қадамдар қолдау тапқан соң барып жеке тұлға банкрот деп танылады, – деді Сайран Уалибекова.
Ескере кетер жайт, соттық-банкроттық рәсім кезінде жеке тұлғаның өз баспанасы болса және ол баспана кепіл зат болып саналмаса, аталған рәсімде ешбір кредитор мүлікке өз талаптарын қоя алмайды.
– Егер де мүлкі (мәселен баспана) болып, ол кепіл зат ретінде саналса, сот-банкроттық рәсім кезінде бағаланып, сатылып, соның есебінен берешегі төленбек. Бұл жерде айта кетер мынадай жағдай бар. Соттан тыс банкроттық рәсім мерзім бойынша алты айды құрайды. Дегенмен рәсімді өткізу барысында мүлкі сатылып үлгеремесе, ондай рәсім тағы алты айға ұзартылуы мүмкін, – делінген мәліметте.
Әділхан ЕСІМХАНОВ