ШҚО-да кәмелеттік жасқа толмағандар арасында қылмыс азайып келеді

638
көрілім

Бұл туралы ШҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өткізген жиында айтылды, деп хабалайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Статистикалық мәліметтер былтырғы жылмен қорытындыланып, қаралатын істер бойынша қылмыс саны азайғанын көрсетті. Айталық, былтыр жыл көлемінде 581 азаматтық іс түскен. Соның 275-і бойынша шешім шығарылды.

– Азаматтық іс бойынша ата-ана құқығынан айыру немесе шектеу жағы қарастырылады. Қылмыс жасаған тәртібі қиын балалар арнайы мектептерге жіберіліп, әрі қарай оны асырап алу жағы, берекесі қашқан шаңырақтан басқа жаққа ауысуды ойлаған жасөспірімнің өтініші сияқты мәселелер күн тәртібінде тұрады. Алимент төлеуден жалтаратын әкелер де бар, – деді сот төрайымы Сәния Мүтанқызы.

Айта кетерлік жайт, екі жақты татуластыру арқылы түйткілді шешіп, қордаланған сұрақтарға жауап іздеу тұрғысынан былтырғы жыл жемісті болған. 2021 жылы 129, ал былтыр 148 іс бойынша шешім шығарылды. Сәния Тұтқанбаева кез келген сот ісі адам бойындағы күш-қуатты сығымдап, үлкен еңбекті қажет ететіндігін баса айтты. Мәселен, бір тараптың арызын тыңдап, сараптауға бірнеше сағат кетсе, екінші жақтың айтқанына құлақ түреміз деп жарты күндерін сарп ететін көрінеді. Ең алдымен «екеуара келісіп неге бір ымыраға келе алмайды?» деген сауал көлденең қойылмақ. Мұның барлығы азаматтық іс бойынша.

– Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс бойынша 61 іс қаралды. Оған дейін келіп түскен тағы 63 іс бойынша шешім шығарылды. Тараптарды татуластырудың да сәті түсіп, осы бойынша 14 істі қарау тоқтатылды, – деді Сәния Тұтқанбаева. – Мұндайда зардап шеккен адам құқық бұзған жасөспірімге кешірім танытады.

Бұдан кейінгісі – әкімшілік істі қарау. Сот төрайымы осы жерде де оң статистика байқалатынын жеткізді. 2022 жылы 62 іс қаралса, одан бір жыл бұрын 187-ге дейін өскен.

Әкімшілік іс дегенде, көбінде ата-ана ретіндегі міндетін атүсті атқару жағдайлары мәселе өзегіне айналады. Баласын қараусыз қалдыру, еркіне жіберу, осы уақытта әке-шешісінің ішімдікке салынып, болмаса есірткі тұтынуы жағдайды мүлде ушықтырып жібереді. Ересектер есіріп, есін жоғалта бастағанда көше кезген жасөспірімдер түрлі жағдайларға ұрынады дейді сот төрайымы.

Әділхан ЕСІМХАНОВ