ШҚО-да кәсіпкерлердің біріне 340 мың теңге заңсыз айыппұл салынған

678
көрілім

Өскемен қаласының прокуратурасының сенім телефонына бір ЖШС-нің директоры қоңырау шалған. Кәсіпкер өз арызында 150 АЕК (340 350 теңге) оған мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік жауаптылыққа заңсыз тартылғаны жөнінде шағымданған. Бір қызығы, кәсіпкердің шағымы негізді болып шығып, оның кәсіпкерлігін тексерген мемлекеттік инспектордың жұмысында олқылық анықталды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

ШҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, мемлекеттік еңбек инспекторының қаулысына сай, кәсіпкер Еңбек кодексін бұзып, 2016 жылдың тамыз-қыркүйек айында өз қызметкеріне төлемді кешіктіріп, ҚР Ұлттық Банкісінің қайта қаржыландырудың ресми бағасына сай үстемақы төлемеген. Төленбеген қаражат сомасы тамызда – 2 486 теңге, қыркүйекте — 6 999 теңге құраған.

Әкімшілік материалдарды зерделеп, прокурорлар жұмысшы мен жұмыс беруші арасында жасалған еңбек шартына сәйкес жалақы нақты орындалған жұмысқа төленгенін анықтапты. Тіпті құзырлы органның қызметкерлері жұмысшыға соманың артық төленгенін есептеп шығарған. Алайда мемлекеттік еңбек инспекторы жұмыс берушінің уәжін ескермей, одан тиісті түсініктеме алмай, берешек пен үстемақыны төлемеу фактілерін дәлелдемеген. Сонымен қатар, мемлекеттік еңбек инспекторы әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің талаптарын бұзып, кәсіпкерді жауаптылыққа тарту туралы қаулы шығарған.

Әкімшілік істі зерделеу нәтижелері бойынша қала прокуратурасы наразылық келтіріп, уәкілетті орган оны қанағаттандырды. Кәсіпкерді жауаптылыққа тарту туралы әкімшілік іс құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қысқартылып, кәсіпкердің құқықтары қорғалды.