ШҚО-да көктемгі қар суының алапаты талайды теперішке түсірді

707
көрілім

Мерекеден кейінгі қамсыз күн қас-қағымда қысылтаяң шаққа ұласады деп ешкім де ойламады. Толассыз жауған жаңбыр мен еріген қар суы тасқынға айналып, атырапқа жөңкіле жөнелген. Шалғайда жатқан елді мекендер тұрмақ облыс орталығының өзіне жайылған мол су тасжолдарды бөгеп, жер үйлерді шайып кетті. «Жер астынан жік шықты, екі аяғы тік шықты» дегендей, Аягөз, Үржар, Күршім, Ұлан, Глубокое, Зайсан аудандары су құрсауында қалып, бұқара халықты бір тарының қауызына сыйғызған. ШҚО әкімі Даниал Ахметов табиғаттың тосын мінезіне әзір болмай шыққан Өскемен қаласының әкімдігі мен облыстық Төтенше жағдайлар департаментін қатаң сынға алды.

Биылғы көктем күлімдеп емес, айбатына мініп келіпті. Дәс әуелі күн реңі ашылып, айнала жыли бастағанымен, көпке созылмай жаңбыр жауып, оның соңы қарға ұласты. Көлкіген қар аралас жаңбыр суы жерге сіңбей тасқындата жөнелген. Тығырыққа тіреген қарғын су талай елді мекеннің жұртына қорғасындай ауыртпалық түсірді. Әсіресе ойда жоқта тұрғын үйлерін су басқан аягөздіктер қалтырап, аңырап далада қалған. Хош. Әңгімені басынан басталық. Сіздерге әр күннің оқиғасын тәптіштеп баяндап беруді жөн көрдік…

Сенбі. 10 наурыз

Күндіз-түні толассыз жауған жаңбырдың соңы қарға айналды. Қас қарайып, ала кеуім тартқан шақта көктайғаққа байланысты тасжолдар жабыла бастады. Атап айтқанда, Өскемен-Зырян-Қатонқарағай-Рахман қайнарлары жолының Ушанов елді мекенінен Зырян қаласына дейінгі аралықтағы көлік қозғалысына шектеу қойылды.

Жексенбі. 11 наурыз

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 11 наурызға қараған түнде жауған қардың деңгейі 11 миллиметрге дейін жеткен. Облыс орталығында екі тәулікте түскен жауын-шашын мөлшері 48.2 миллиметрді құрапты. Бұл көрсеткіш айлық деңгейден 72%-ға артық. Бұған қоса, қыс бойы қалада қар аз болғандықтан жер тоңы 1,5 метрге дейін қатып қалған. Нәтижесінде, еріген қар мен жаңбыр суы жерге сіңбей, үстіңгі бетте көлкіп молая берді.

– Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан Шығыс Қазақстанның бірнеше ауыл-аймақтарын су басқан, – дейді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі, – Облыс бойынша 6 үй мен 25 аулаға су жайылды. Нақты айтсақ, Өскемен қаласында 4 жеке тұрғын үй мен 14 аулаға, Аягөз ауданында 2 жер үй мен 6 аулаға, Ұлан ауданында 5 аулаға су кірген.

Ұлан ауданы Мамай батыр ауылындағы жалғыз көпірді де су алып кеткен. Ауылдағы өзен суының деңгейі көтеріліп, көпірдің бетіне жайылған. Ауыл тұрғындары осы көпір арқылы негізгі тасжолға шығатындықтан, бұл жағдай тұрғындарды біршама әбігерге түсірген.

– Су басқан аумақтарға 186 адам мен 46 техника, 17 су сорғыш қондырғы жұмылдырылды, – дейді ТЖД өкілі Анастасия Скляр, – Су кірген үйлер мен аулаларды судан тазартып, құмнан бөгет төсеу жұмыстары жүргізілуде. Ұлан ауданында «Өскемен-Алматы» бағытындағы жолдың екі бөлігінде су жайылып кеткен. Осы орайда суды бөгеу жұмыстарын «ҚазАвтоЖол» мекемесі қолға алып отыр. Зардап шеккен адамдар тіркелген жоқ.

Бұл күні «112» нөмірі дамыл көрмеді. Тіпті 11 наурызға қараған түнде қоңырау шалғандардың саны 300 адамнан асқан. Ал тосын мінез танытқан табиғат-ана қар аралас жаңбырын әлі де толастатар емес…

Сағат 12.00

Сай-салаға сумаңдай аққан тасқын су атырапқа ағылуда. Өскемен қаласындағы орталық көшелердің өзінде көлік қозғалысы біршама шектелген. Жаңбыр мен еріген қардың суы таудан жерге қарай ағып келе жатыр. Осы ретте, шаһар тазалығына жауапты мекеме мамандары мөлшерден тыс суды таратуға жерасты құдық желілерінің шамасы еш жетпей жатқандығын хабарлады.

– Жаңбыр мен қар суына таудан құлаған лайсаң қосылуда. Мұншама суды жерасты тораптарының таратуы тіптін мүмкін емес. Жібек жолы мен Сәтпаев даңғылының қиылысындағы су Шешек асуынан жеткен. Ал Красин кентінің Пушкин көшесіндегі қарқынды су Ботбай тауынан бастап ағып келді. Малдыбаев көшесі мен Самсоновка ауылында бірнеше отбасы қауіпсіз жерге көшірілді. Тасқынмен күресуге су сорғыш техникалардың шамасы жетпей жатыр, – дейді «Өскемен-Тәртіп» коммуналдық кәсіпорынның директоры Тамара Рахымжанова.

ШҚО Төтенше жағдайлар Департаменті Қарағанды-Аягөз-Бұғаз, Аягөз-Қарауыл-Семей-Қайнар бағытындағы жолдар су жайылуына байланысты жабылғанын ескертті. Аягөз-Қарағанды бағытының 528-704 шақырымында, Аягөз-Қайнар бағытының 0-144 шақырымында барлық көліктер үшін жол жабылды.

Аягөз, Күршім, Ұлан аудандарымен бірге Глубокое ауданының да су жайылған елді мекендерінде Төтенше жағдай мамандары жұмыс істеуде.

Сағат 18.00

Өңірімізде бірнеше ауданның кейбір елді мекендерін тасқын су алды. Осыған орай облыстық ТЖД 1000 адамдық апаттық құтқару тобын арнайы құрған. Сонымен қатар, ағын суды бөгеу үшін қосымша 300 техника тартылды.

– Бірнеше күннің ішінде-ақ бір айдың жауын-шашын мөлшері түсті, – деп хабарлады ведомство өкілдері, – Дағдарыс орталығынан құрылған арнайы топқа 1000 адам, 300 бірлік техника, 56 жүзу құралы, 58 моторлы сорғы бөлінген. Қарғын судың зардабы әсіресе Аягөз, Глубокое, Ұлан аудандары мен Өскемен қаласында сезілуде. Қазірде су алған 22 үй мен 148 аулаға көмек көрсетіп үлгердік. Сондай-ақ, жалпы саны 23 адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Ұлан ауданының Мамай батыр ауылындағы көпірде әлі де болса кезекші топ жұмыс істеуде. Өскемен-Алматы бағытындағы жолдың 130 метр бөлігіне жайылған судың 80 метрі судан арылды. Бір күн ішінде су алған аулалардан 3724 текше метр су сорып алынған. Соның ішінде Өскемен қаласында 3484 текше метр, Аягөз ауданында 240 текше метр су сорылды.

Облыс орталығынан Аягөз ауданына көмек ретінде 20 адам мен 5 техника шықты. Осы уақытқа дейін тұрғындардан «112» нөміріне 1000-нан астам қоңырау түскен.

Сағат 19.30

Аягөз ауданында төтенше жағдай жарияланды. Қарқыны қатты тасқынның тегеуріні 20 үйді басқан. Аудандық ТЖ мамандары мен №50 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері 300-ден астам адамды қауіпсіз жерге көшірді. Тұрғындардың біразы туған-туыстарын пана етсе, қалғандары №6 мектеп интернатына орналастырылды. Су сору жұмыстарын өрт сөндірушілер қолға алды. Оларға көмек қолын созу үшін облыс орталығындағы Шығыс аймақтық аэроұтқыр жедел-құтқару жасағынан қосымша 20 адам, 5 техника мен 3 жүзу құралы жіберілді.

Ұлан және Күршім аудандарында су алған жолдарда қозғалыс біршама қалпына келтірілген. Ұлан ауданының Мамай батыр ауылында көпірді шайған су ауылға жайылмас үшін күре жолды жыруға тура келіпті. Қазір мұнда су деңгейі түскен, қалаға бет алған ауыл тұрғындары қосымша жолмен қатынауда. Облыс бойынша 3724 текше метр су сорылып, 815 құмқап төселген. Апат құрбандары жоқ.

Дүйсенбі. 12 наурыз

Қапияда келген апатпен күрес қызу жалғасуда. Аймақ бойынша су басқан жер үйлердің саны 70-тен асып кеткен. Аягөз, Глубокое, Зайсан, Күршім, Үржар, Ұлан, аудандары тасқын су құрсауында қалып, Өскемен мен Риддер қалаларында бірінші ауысымдағы мектеп оқушылары, 1-2 курс студенттері сабақтан босатылды.

Су жайылған аудандарда облыстық және республикалық маңыздағы жолдар жабылса, таулы аудандарда көшкін жүру қаупі туындап отыр. Төтенше жағдай департаментінің мамандары, жергілікті полиция қызметкерлері, Шығыс өңірлік аэроұтқыр құтқару жасағының өкілдері, «Өскемен Тәртіп» ККМ, «Водоканал» МКК бірлесіп 1440 құмқап төсеп, 13 000 текше метр су сорғытқан.

– Аягөз ауданында 40 үй, Өскемен қаласында 8 үй мен 27 аула, Ұланда 2 үй мен 4 аула, Глубокое ауданында 3 үй мен 53 аула, Күршімде 42 аула су астында қалды, – деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі, – Қарғын судың жолға шайылып кету оқиғасы Зайсан, Күршім, Үржар және Ұлан аудандарында тіркелген. Дағдарыс орталығынан құрылған 1000 адамдық апаттық-құтқару тобының 536 өкілі қазір апат салдарымен күресуде. Сондай-ақ, 137 техника мен 27 су сорғы құралы жұмылдырылған.

Сағат 8.00

Өскемен қаласында тасқын судың салдарынан Жібек маталар комбинатындағы Сәтпаев даңғылы мен Байбатшина көшесінің қиылысынан Жібек жолы көшесіне дейінгі жол жабылған. Таң сәріден жұмысқа асыққан өскемендіктер орталыққа Самар тасжолы арқылы жетуге мәжбүр болды. Ұзын-сонар кептелісте қалған қалалықтар жұмыс орындарына тек түс уақытында ғана жете алды.

Сағат 9.00

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қарғын судан зардап шеккен Өскеменнің барлық шағын аудандарын аралауға аттанды. Аймақ басшысы ең әуелі су басқан ЖМК мөлтек аударына барып, одан соң Красин кенті мен Аблакетка шағын ауданындағы бірнеше үйдің жағдайымен танысты.

– Осы жерде бір мәселенің басын аша кетейін. Дер кезінде жұмыс істеуге кедергі келтірген тек екі-ақ нәрсе бар. Бұл – біліксіздік пен құлықсыздық. Өңірдегі барлық қызмет тосын жағдайға дайын емес екен. Басқа ешқандай себеп көріп тұрған жоқпын. Бұл қала әкімінің және ТЖ жөніндегі департамент қызметіндегі елеулі олқылық, – деді Даниал Ахметов.

Облыс әкімі журналистерге алдағы уақытта қызмет бабындағы міндетіне құлықсыздық танытқан барлық басшы тиісті жауапқа тартылатындығын жеткізді. Рейд барысында Красин кентіндегі арықтардың дер кезінде талапқа сай тазартылмағаны анықталды. Ал «бәрін жайластырдық» деп жар салған мердігер мекеме осы қызметі үшін толық ақысын да алған.

Бұл аралықта Ұлан ауданындағы Мамай батыр ауылында жағдай бұрынғыға қарағанда тұрақталып қалды. Тұрғындардың айтуынша, табиғат мұндай тосын мінезін соңғы 50 жылда көрсетпеген.

– Екі күн жауын-шашын болды, жердің тоңы 1,5 метрге жетті. Су жерге сіңбей, үстімен жөңкілді. Жаңа көпірді жобалауды бастаймыз. Ол алдағы уақытта тосын жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді. Жақын күндері тиісті қаржыны бөлеміз. Аудандық әкімдік ЖСҚ әзірлеуді бастайды, – деді мәселенің шешімін саралаған Даниал Ахметов.

Ал Аягөз ауданындағы жағдай тіптен күрделі. Дүйім жұрттың жайбарақат тіршілігі бір-ақ сәтте аранын ашып азынаған алапатқа алмасқан. Апат шығындарын есептеу үшін Аягөздегі төтенше жағдайға байланысты құрылған штаб 4 топқа бөлінді.

Жергілікті жұрт қаланың су алған бөлігі теміржолдың сыртында орналасқандықтан «За линий» деп атап кеткен. Аягөздің төрт аймағын басқан су екпіні кеше сағат 19.00-де сабасына түсе бастады. Ал бүгінде су қайтқанымен ауа райының суытуына байланысты көшелерде мұз кесектері мен тоң батпақ пайда болды. Жергілікті штаб мүшелері үй-үйді аралап, зардап шеккен жанұяларды тіркеуге алып жатыр.

Штаб мамандарының айтуынша, 11 наурыз күні бір адам дәрігердің көмегіне жүгінген. Интернатқа орналастырылған ересектер мен 28 балаға аудандық білім беру бөлімі ыстық тамақ үлестірді. Облыс орталығынан келіп жеткен көмек жасағының психолог маманы тұрғындарға моральдық көмек көрсетуде.

16.00

Күршім ауданында Топтерек ауылының көпірін су шайып кеткен. Бұл – ауылды аудан орталығымен байланыстырып тұрған жалғыз көпір. Ағын су көпірден асып қана қоймай, сол маңдағы елді мекенге ағыла бастаған. Абырой болғанда, ТЖД мамандары жедел әрекет етіп, қауіптің бетін қайтарды. Бірақ Топтерек ауылының сыртпен байланысы қиындап тұр. Көпір бүлінген тұста кішігірім жасанды өткел ұйымдастырылды. Қазір жергілікті әкімдік өкілдері, Шығыс өңірлік аэроұтқыр құтқару жасағы мен Төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындарды өзеннен қайық арқылы өткізуде. Айта кету керек, негізгі жол ауылдан төрт шақырым жерде.

– Қайықпен тек шұғыл шаруасы бар адамдар ғана тасымалдануда. Қазірге дейін жасанды өткелдің көмегіне 7 ересек адам мен 3 бала жүгінген. Аудан бойынша тәулік бойы кезекшілік атқарылып, мониторинг жүргізілуде, – деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Еліміздің түкпір-түкпірінен Аягөзде тасқыннан зардап шеккен отбасыларға көмек қолын созуға ниет білдіргендер саны артуда. Әлеуметтік желілер арқылы ақшалай демеу ұйымдастырып жатқандар да жоқ емес. Сондай-ақ, ҚазАқпараттың мәліметіне сүйенсек, Астана қаласында игі мақсаттағы арнайы топ құрылған. ШҚО-ның ауыл-аймақтарына материалдық қолдау білдіруге шақырған жаны жайсаң азаматтар көмекке киім-кешек, азық-түлік және қаржылай көмек қабылданатындығын хабарлады. Бастаманы ұйымдастырған Елордадағы шығысқазақстандықтар екен.

– Бізге жеткен ақпаратқа сәйкес, бүгінде Аягөздің өзінде ғана 400-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Өзім сол жердің тумасымын. Кешеден бері көп болып көмек жинап, қызылсудан зардап шеккен ауылдарға жөнелтуді жөн көрдік. Тек жерлестер ғана емес, кез келген елордалықтар қатыса алады. Ақшалай көмекпен бірге азық-түлік, киім-кешектер қабылданады, – деді бастамашыл топтың мүшесі Медет Шаменов.

Оның айтуынша, қазір жиналған заттар мен азық-түліктерді елге жеткізу мәселесі шешіліп жатыр.

– Бұл бастаманы қолға алғанымызға бір-екі күн ғана өтсе де қоңырау шалып «көмекті қалай көрсетсек?» деп сұрап жатқандар өте көп. Әзірге арнайы есепшот ашқан жоқпыз. Аударылған ақшаның ашықтығын қаматамасыз ету мақсатында шот ашсақ па деп отырмыз. Сондай-ақ, ШҚО әкімдігімен ақылдасып келісеміз. Жиналған заттарды елге жеткізіп беру үшін жерлестер көлік жалдаймыз деп отырмыз, – дейді ол.

Осы орайда, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы да атқарылып жатқан шаралардан шеткері қалмаған. Атап айтқанда, басқарма елордалықтарды «Қайырымдылық керуені» акциясын қолдауға үндеді. Бүгіннен бастап Астананың барлық мешіттерінде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек заттарын қабылдау пункттері ашылады.

Сейсенбі. 13 наурыз

8.00

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, облыс бойынша 136 үй судан арылған. Қазіргі уақытта тек 6 үй ғана су астында тұр.

– Шығыс Қазақстанның аудан-қалаларындағы аулалар мен үйлерде, бау-бақша аумақтарында су қалмады. Үйлерден 34000 мың текше метр су сорылды. Жалпы аймақ бойынша су алған үйлердің саны 140-тан асып кеткен. Сондай-ақ, тасқын кесапатынан 180 аула мен 110 саяжай нысаны зардап шекті. Ал Аягөз ауданында 260 адам қайтадан үйіне оралған. Құтқарушылар тәуліктік режімде мониторинг жүргізуде.

Ал Өскеменде 15 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Олар үйлеріне қайта алмай, туған-туысқандарын паналауда. Қарғын судың жол бетіне шығуы бойынша 6 оқиға тіркелген. Жол қызметінің өкілдері су алған бөліктерге кезекшілік орнатты. Күршім-Маралды жолының 39 шақырымында, Омбы-Майқапшағай жолының 1321 шақырымында жолды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Ұлан ауданындағы су алған Мамай батыр ауылының тұрғындары жолға жаяу қатынауға мәжбүр. Айта кету керек, тасқын кезінде 50 бас жылқы, 125 бас ірі қара, 484 бас ұсақ мал қауіпсіз жерге айдалған. Апаттық-құтқару жұмыстарына 708 адам, 204 техника, 27 су сорғыш құралы жұмылдырылды.

13.00

Облыс әкімі Даниал Ахметов Аягөз қаласына арнайы келіп, тұрғындармен кездесті. Аймақ басшысы тасқын судан зардап шеккен аягөздіктердің ешбірі биліктің назарынан тыс қалмайтынын, барлығына тиісті деңгейде көмек көрсетілетінін жеткізді. Аягөздегі 148 үйдің 8-і құлап, 10-ы апатты жағдайда қалған. ШҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл сан алдағы күндері еселенуі мүмкін.

Қарғын судың өтінде қалған әр үйді жеке аралап шыққан Даниал Ахметовке тұрғындар арыз-шағымдарын барынша жеткізді. Мәселен, қирап қалған үйлердің ішінде Желтоқсан көшесі, 72 мекен-жайында орналасқан Ильмира Қайымбаеваның баспанасы бар. Аяғы ауыр отанасы «қабырғасы сөгіліп, іргесі қираған шаңырағымды кім қалпына келтіріп береді?» деген сауалын өңір басшысына кесе-көлденең тастады. Даниал Ахметовке дәл осы сынды сұрақтар аз қойылған жоқ. Өз кезегінде ондаған аягөздіктің қабырғасын қайыстырған, қала берді күллі Қазақстан халқын толғандырған мәселеге қатысты ШҚО әкімі:

– Аягөздің бірде-бір тұрғыны назардан тыс қалмайды. Баспанасы жарамсыз болып қалған отбасыларына осы қаладан үй сатып береміз. Қазіргі таңда Аягөзде 15 үй сатылады деген ақпарат келіп түсті. Солардың бәрін сатып аламыз. Одан кейін орталықта 60 пәтерлік жаңа тұрғын үй салынуда. Сол үйден пәтер береміз. Ешкім баспанасыз қалмайды.

Облыс әкімі мәлім еткен ресми жауапқа ризашылығын білдірген тұрғындар көз жастарын жасыра алмады.

– Пәтер береміз деп уәде берді. Алла бұйырса, алдағы таңда баспаналы боламыз. Мамырда балам дүниеге келеді. Даниал Ахметовке зор алғыс білдіремін. Келіп, көріп жағдайымызды сұрап жатқан бәріне рақметімді айтамын. Қуаныштан көзіме жас келіп тұр, – деді Ильмира Қайымбаева.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов сондай-ақ, Аягөзге облыстық «Парыз» қорынан 50 миллион теңге бөлінетіндігін жеткізді. Аталған қаражат күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді, атап айтқанда, отын-көмір, азық-түлік, киім-кешек сияқты тұрмыстық жағдайды шешуге жұмсалады.

Апат салдарын есептеуге құрылған арнайы комиссия жұмысын жалғастыруда. Бүгінде өзен деңгейі біршама төмендеген. Жергілікті билік көпірлерді қалпына келтіру жұмыстарын атқаруда. Ал қалада құрылған еріктілер жасағы су тасқыны шайып өткен аумақтарды тазалау жұмысын жүргізуде.

Бұдан бөлек Даниал Ахметов Жарма, Күршім, Үржар сияқты жоғары қауіп төнген аудандар аумағындағы жағдайдың жіті назарға алынғанын, арнайы тікұшақпен бақылау басталғанын мәлімдеді.

16.00

Тасқын Тарбағатайға да жетті. Аудандағы Базар өзенінің деңгейі көтеріліп, 4 ауланы су басқан. Төтенше жағдай департаментінің мамандары жергілікті атқарушы биліктің көмегімен тұрғын үйлердің ауласын су басып кетпес үшін қызу-тер болып әрекет етуде. Сол аумаққа 35 адам мен 5 бірлік техника жұмылдырылған.

Сәрсенбі. 14 наурыз.

10 наурыздан бастап қалың жұртты қысылтаяңға түсірген қарғын судың зардабы мен атқарылған жалпы жұмыстың жай-күйін баяндау мақсатында Даниал Ахметов облыс әкімдігінде баспасөз брифингін өткізді. Жиналыс барысында аймақ басшысы айтпай келген апаттың қазіргі уақытта жіті бақылауда екендігін жеткізді.

– Бүгін таңертең уәде еткендей Аягөз ауданына 50 миллион теңге қаржы бөлінді, – деді ол, – Зардап шеккен тұрғындардың барлығына бірдей көмек көрсетеміз. Өзімнің айлық жалақымды да қиыншылыққа тап болған адамдарға көмек ретінде «Аягөз-Болашақ» қорына аудардым. Осы ретте, жедел қарқынмен әрекет еткен Аягөз ауданы әкімдігінің жұмысын ерекше атап өту керек. Қазіргі уақытта тасқын жайпаған жерлерді бақылауға 6 тікұшақ жұмылдырылған. Тасқын тас-талқан еткен Ұлан ауданындағы Мамай батыр ауылына жаңа көпір саламыз.

Соңғы деректерге сүйенсек, тасқынның салдарынан Аягөзде – 189 үй (8-і бұзылған), 2 аула маңындағы аумақ, Өскеменде – 24 үй, 17 аула маңындағы аумақ, 110 саяжай аумақтары, Ұланда – 5 үй, 15 аула маңындағы аумақ, Глубокое ауданында – 8 үй, 49 аула маңындағы аумақ, Зайсанда – 2 үй, 7 аула маңындағы аумақ, Үржарда – 8 аула маңындағы аумақ, Күршімде – 1 үй, 64 аула маңындағы аумақ, Зырянда – 16 аула маңындағы аумақ, Риддер қаласында – 2 аула маңындағы аумақ, Катонқарағайда – 5 аула маңындағы аумақ, Шемонаихада – 4 аула маңындағы аумақты су басқан. ШҚО Төтенше жағдай Департаментінің мамандары облыс бойынша барлығы 385 адамды қауіпсіз жерге көшірді.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Фотосуреттер ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен және әлеуметтік желілерден алынды