ШҚО-да «Күміс жас» жобасы бойынша өз ауданында қанша адам жұмыс істеп жатқанын білмейтін әкімдер бар

218
көрілім
Фотосурет Egemen.kz сайтынан

Бүгін облыс әкімдігінде өткен отырыста аймақ басшысы Ермек Көшербаев бірнеше басқарма басшысының баяндамасын тыңдап, соның мазмұнына сәйкес сұрақтар қойды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Мусинова тұрғындарды әлеуметтік жағынан қорғау, ардагерлерді қолдау бойынша кешенді жоспар бекітілгенін жеткізді.
– Осы жылдың 1 тоқсанында Шемонаиха ауданының «Уба» санаторийінің базасында ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 58 адам санаторлық-курорттық емдеумен, сондай-ақ «Грехово» оңалту орталығының базасында 231 адам оңалту іс-шараларымен қамтамасыз етілді, – деді Альмира Әскерханқызы.
Осы тақылеттес ресми ақпараттар ұсынылып болған соң, Ермек Беделбайұлы зейнет жасына жеткен және 50-дан асқан кей тұрғынның көп жағдайда жұмыстан қағылып қалатындықтарын айтты.
– Облыс көлемінде ер адамдар 63 жасында, әйел адамдар 60 жасында зейнетке шығады. Бірақ бізде зейнеткер, болмаса елуді еңсерген азаматтарымыз еңбектен шеттеп қалып жатады. Оны жасыратыны жоқ. Көбінде ауылдардан байқаймыз. Соған байланысты елімізде «Күміс жас» жобасы енгізілген. Бүгінде он мыңдай қазақстандық осы бағдарламаға қатысуда. Біздің облыста осы жағы қалай жалғасып жатыр? – деп сұрады облыс әкімі Альмира Мусиновадан.
Басқарма басшысы жобаның аймақ көлемінде мол сұранысқа ие екендігін алға тартты. Анықталғандай, I-ші тоқсан қорытындысында 900-ден астам адам «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа жіберілді.
– Бұлардың жалақысы мемлекет тарапынан субсидияланады. Жұмыс берушілермен әлеуметтік келісімшартқа отырып, жоғарыда айтқан тұрғындарды сол жұмысқа жіберіп жатырмыз, – деді басқарма басшысы.
Ермек Көшербаев осы ретте аудан әкімдеріне сұрақ қойды. Көбі «Күміс жас жобасын білесіздер ме?» деген сауалға тосылып қалды. Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Шомпаев та аталған жоба үлкен сұранысқа ие екенін жасырмады. Бірақ қанша адам қатысып жатқанын айта алған жоқ. Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышов 1280 зейнеткер барын, бірақ неше адам қамтылғанынан бейхабар. Тағы бір шенеунік бірден 7000 адам (Қазақстан бойынша 10000) қатысқанын айтты.
– Тосыннан сұрақ қойып, сіздерді ыңғайсыз жағдайға қалдыру ойымда жоқ. Тек жұмыс барысында азаматтардың осы санатын назардан тыс қалдырмаңыздар. Жастар жағы түсінікті, жұмысқа тұру жағы жеңілдеу. Ал зейнеткерлер қайтпек? 50 жастан асқан адамды мысал етсек те, көбінің күш-қуаты мен білімі бойында. Сол себепті, «Күміс жас» жобасы күн тәртібінен түспеуі тиіс, – деді Ермек Көшербаев.