ШҚО-да мал ұрлығын азайту үшін қандай шаралар атқарылуда?

644
көрілім

Төрт түлік малды халқымыз ежелден қастер тұтып, әр малды өз күтіміне қарай баптаған. «Жылқының сүті – шекер, еті – бал» деп әр жануарға асыл сөзін арнаған бабаларымыз жаз бойы жем-шөп дайындап, малды қыстан көтерем қылмай шығарып отырған. Осы ата салтты ұстанған арда қазақ, бүгінгі таңда сәл еріншектігінен бе, әлде селқостығынан ба – малын жоғалтып алып жатады. Жұмыспен өзін-өзі қамтып отырған ауыл тұрғындары үшін малын ұрлатып алу материалдық жағдайларына айтарлықтай салмақ түсіретіндігі анық. Бұл мақаламызда былтырғы мешін жылы мен биылғы жылдың басынан бері қанша мал жоғалды және оның басты себебі неде екендігі жайлы әңгіме өрбітпекпіз, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Басты себеп – малдың қараусыз жіберілуі

«Қазақтың міні – мал ұрлығы» деп Абай атамыз бекер айтпаса керек. Мал ұрлығының басты себебінің бірі – малды жаюға қосуға құлықсыздық танытып, өз еркімен қараусыз жіберу болып отыр. Дәл осы себепті иен далада иесіз жүрген малдарға қол сұғушылар да ұтымды пайдаланып қалуда, сондықтан бірінші кезекте төрт түлік асырап отырған әр отбасының малды қараусыз қалдырмауға баса назар аударғаны абзал.

Облысымызда мал ұрлығын сәл де болса азайту үшін көптеген іс-шаралар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта жасалатын әдіс-тәсілдердің нәтижесі болады деген сенімдеміз. Облыс аумағында 2016 жылы 446 мал ұрлау фактісі орын алған. Ал ағымдағы жылдың есебі бойынша үш ай көлемінде 80 мал ұрлау дерегі тіркеліп отыр, – дейді ШҚО ІІД МТАБ басшысы Бақытжан Торғаев.

Мал ұрлығымен ұсталған азамат ҚР КҚ-нің 188-бабына сәйкес (бөтеннің мүлкін заңсыз жымқыру) мүлкі тәркіленіп немесе 1000 АЕК есебінде айыппұл төлеуге, сондай-ақ он жылға дейін бас бостандығынан айырылуға жазалануы мүмкін. Мал ұрлығын болдырмау және алдын алу мақсатында жыл басынан бері жалпы саны 752 жиын өткізілген екен. Аталмыш жиындар барысында ұрлық-қарлықты тыю үшін жүргізілетін әртүрлі шаралар жайлы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Төрт түлікке қол сұғылмас үшін мал тұратын орындарға бейнебақылау орнату, жарық шамдарын арттыру, дабыл жүйесін монтаждау сынды әдіс-тәсілдер жұртшылыққа кеңінен түсіндірілген. Олардың бірсыпырасына малдарды күзетуге арналған иттерді асырау, есіктердің беріктігін күшейту, малды қараусыз жайылымға жібермей кезекпен бағу, ен салу, таңбалау сынды сақтық шаралары жатады.

Мал ұрлығын болдырмау үшін полиция қызметкерлерінің жұмысы жеткіліксіз. Осы орайда, халықтың көмегі де ауадай қажет. Әр адам өзінің жайылымдағы немесе қорадағы малын қарауда аса сақтық танытып, қауіпсіздікті барынша арттырғандары жөн. Шамасы жеткен тұрғындар жиын барысында айтылған сақтық шараларын жасаса, мал ұрлығының азаяры сөзсіз, – дейді Бақытжан Құмарбекұлы.

Дереу хабар берген жөн

Мал ұрлығы тіркелісімен ең бірінші кезекте полиция учаскелерінде бұрын осындай қылмысы үшін істі болған тұлғалардың қатысы бар-жоғы тексеріледі. Осы орайда, мал ұрлығы жиі орын алатын елді мекендер басты назарға ілінеді. Сонымен қатар, ШҚО ІІД өткізген түсіндіру шаралары барысында тұрғындарға малы жоғалғаны анықталған соң уақыт созбай полицияға дереу хабарлағандары жөн екендігі айтылды. Тұрғындардың көбісі өздері іздеп, таба алмағаннан кейін ғана құқыққорғау қызметкерлеріне хабарласатын көрінеді. Бұл алда жүргізілетін іздеу жұмыстарына біршама кедергі келтіретіні анық.

Малдарымның барлығына бірін қалдырмай ен салып отырамын. Десе де, осыдан бірнеше ай бұрын менің жылқым жайылымда жүрген жерінен қолды болып кетті. Жылқы үйірімен жайылатын жануар ғой. Қырда жайылып жүрген малымызға жиі көз қырымызды салып жүретінбіз. Бір күні тағы да қарайын деп барғанымда бір жылқым жоқ болып шықты. Осындай жағдай менің басымда бірнеше рет қайталанды, – дейді шаруагер Рүстем Алмасбеков (аты-жөні өзгертілген).

Бақытжан Торғаевтың айтуынша, мал ұрлығын ашу және алдын алу мақсатында облыстың ҚАІІБ аумақтық бөлімшелерінен арнайы топ құрылған. Сондай-ақ, ШҚО ІІД МТАБ басшысы тасымалдау бағыттары бойынша ауданаралық жолдар бойында, мал айдап өтетін тасжолдарда, елді мекендерге кіріп-шығатын жол бойларында, мал ұрлаумен айналысатын тұлғаларды анықтау мақсатында мал және ет өнімін тасымалдайтын автокөліктерге тексеру жүргізілетіндігін айтты.

Тағы бір айта кететіні, учаскелік полиция инспекторлары табиғатты криминалдық полиция қызметкерлерімен малды заңсыз өткізу орындарын іздеп табу және жедел іздестіру шаралары арқылы заңсыз әрекетке тосқауыл қою үшін ет саудалайтын базарларда рейдтер жүргізуде. Мал ұрлау фактісін ізін суытпай ашу үшін тұрғындар әр малдың жеке сипаттамасын (түрін, жасын, әртүрлі зақымданудан қалған ерекше белгілерін т.б.) білуі керек.