ШҚО-да мүгедек жандар мемлекет қазынасына 40 млн теңгені қате аударған

482
көрілім

Шығыс Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдар ұзақ мерзім бойы төлеуден босатылғанына қарамастан түрлі салықтар мен алымдарды бюджетке төлеп отырған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО Прокуратурасына сілтеме жасап.

Талдау жұмыстарын жүргізген қадағалау органы 2015 жылдың қаңтары мен 2017 жылдың маусымы аралығында өңірдегі 12 128 мүгедек адамның мемлекет қазынасына 40 миллион теңге шамасында төлем жасағандығын анықтады. Негізінен мүмкіндігі шектеулі жандар бұл төлемдерден заң бойынша босатылған екен. Аталған уақыт аралығында мүгедектер жер және мүлік салығын, мүлікті мемлекеттік тіркеу алымдары мен өзге мемлекеттік баждарды бюджетке өтеп келген.

— Заң бойынша, мүмкіндігі шектеулі адамдар негізсіз мемлекет қазынасына ақша төлемдерін жасаса, бұл ақша сомалары мүгедектің арызы негізінде қайтарылуға жатады. Білместікпен бюджетке төлем жасаған мүгедектерге аумақтық мемлекеттік кірім органдарына жүгінуге шақырамыз. Мемлекеттік баж төлемдерін қайтару өткен 3 жылға жасалса, салықтар соңғы 5 жыл бойынша қайтарылады. Төленген салық сомаларын қайтару үшін мүгедектерге аумақтық мемлекеттік кірістер органдарына жүгіну қажет, — деп хабарлайды ШҚО Прокуратурасының баспасөз қызметі.