ШҚО-да мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары жиі бұзылады

571
көрілім

Шығыс Қазақстандағы қоғамдық көліктер мен инфрақұрылым ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін тым қолайсыз. Өңір бойынша мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен қамту шаралары да сылбыр атқарылуда. Сонымен қатар, мүгедек балаларға арналған инклюзивті білім беру жүйесі жөнді қолға алынбаған. Тіпті мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары да жиі бұзылуда. Бұл және басқа да заңбұзушылықтарды зерделеу шаралары жан-жақты жүргізген ШҚО Прокуратурасы анықтады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Жылдан жылға артуда

Жалпы, облыс бойынша 58 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Олардың саны жылдан-жылға артып келе жатыр. Әсіресе өткен жылы алғашқы мүгедектікке душар болған тұрғындардың саны Абай, Үржар, Күршім, Бесқарағай және Бородулиха аудандарында күрт өскен. Статистикалық мәліметке сүйенсек, Шығыс Қазақстанның әрбір 23-ші тұрғыны мүгедек екен. Облыстық Прокуратура сол мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарының қалай сақталатындығына талдау жүргізді. Соның нәтижесінде, қадағалау органы бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады.

– Өскемен қаласындағы автобустардың бірде-біреуі мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдауға келмейді. Сондай-ақ, облысымыздағы 105 қалааралық автобустардың 59-ы ғана мүгедектер үшін жабдықталған. Оның үстіне облыс орталығында соңғы кезде салынған 7 тұрғын үйде мүгедектер үшін арнайы инфрақұрылым мүлде қарастырылмаған. Дәл осы қаладағы Қазақстан көшесінде орналасқан бірқатар коммерциялық нысандарды іріктеп тексеру шаралары көптеген дүкендер мен асханалардың мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделмегенін көрсетті. Сонда мүгедек адамдардың жағдайы қалай болмақ?! Олардың тыныс-тіршілігін жеңілдеткеннің орнына, осындай кемшіліктерге жол берілуде. Олай болмау керек! – дейді ШҚО Прокурорының міндетін атқарушы Құсайын Игембаев.

Прокуратура мамандарының анықтауынша, аймақтың Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы сурдоаударма дағдысын меңгерген мамандардың тапшылығы қатты сезіледі. Осындай мәселе Өскемен қалалық №1, Аягөз, Зайсан және Үржар аудандарының ХҚҚО-да туындауда.

Есептегі ессіздік

Мүмкіндігі шектеулі жандарды протез және арнайы құрал-жабдықтармен жабдықтау жұмыстары да көңіл көншітерлік емес.

– Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының хабарлауынша, мүгедектердің 62%-ы арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, – дейді ШҚО Прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының бастығы Рустам Шидердинов. – Бұл санға қарасаңыз, бәрі жақсы, жұмыс ойдағыдай жүргізіліп жатыр деген ойға келесіз, алайда біз тексеру барысында осы ақпараттың шындыққа мүлде жанаспайтынын анықтадық.

Қадағалау органының мәліметіне сүйенсек, мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың тек 6%-ы ғана арнайы құрал-жабдықтармен қамтылған. Ал жауапты мекеменің есебіндегі көрсеткіш бірнеше есеге арттырылып жазылған. Протездер мен ортопедиялық құралдарға келетін болсақ, облыс бойынша оларды алуға 956 өтініш берілгенімен, бірде-бір адамның қолы жетпеген.

– Заңға сәйкес әрбір сұраныс 30 күн ішінде орындалуы керек. Осы орайда, бір келеңсіз оқиғаны айта кетпеске болмайды. Шемонаиха ауданында ІІІ топтағы мүгедек балақайға мемлекет қаржысынан ортопедиялық аяқ-киім алынып берілуі керек еді. Дегенмен екі жыл бойы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының аудандық бөлімі бұл міндетті орындамаған. Араға екі жыл салып, яғни 2016 жылдың жазында баланың ата-анасы аты аталған аяқ-киімді алу үшін тағы да сұраныс береді. Бірақ одан да еш нәтиже шықпаған. 2017 жылдың қаңтарында мүгедек баланың ата-анасы құзырлы мекемеге үшінші рет барады. Алайда олардың сұранысы сол күйі орындаусыз қалған. Ең қызығы, атқарылған жұмыстың көрсеткішін жоғарылатқысы келген бөлім қызметкерлері өз есептерінде сол мүмкіндігі шектеулі балаға аяқ-киім берілген деп көрсеткен, – дейді Рустам Шидердинов.

Жұмыспен қалай қамтылады?

Облыс бойынша жұмыс берушінің кінәсінен мүгедек болып қалған жандардың 55%-ы бұрынғы басшыларынан ешқандай көмек алмауда. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен қамтылу мәселесі де сын көтермейді. Мысалы, соңғы 4 жылда ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына 4016 мүгедек адам жұмыс іздеп келген. Басқарма қызметкерлерінің есебінде олардың 55,8%-ы, яғни 2242 мүмкіндігі шектеулі тұрғын жұмыспен қамтылды деп көрсетілді. Десе де, облыстық Прокуратура жүргізген тексеру жұмыстары барысында бұл көрсеткіштің де асыра сілтеушілік екендігі белгілі болды.

– Шындығында, жұмыс сұрап келген мүгедек жандардың тек 10,7%-ы (554 адам) жұмысқа орналастырылған, – дейді Рустам Шидердинов. – Сонда жауапты қызметкерлер өз көрсеткіштерін 4 есеге арттырып жазған.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуында да қиындықтар жетерлік. Қазіргі кезде аумақта 15 208 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Соңғы 3 жылда осындай балалардың саны 33,8%-ға артқан. Өскемен қаласындағы 659 білім мекемесінің тек біреуі ғана (№15 орта мектеп) мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту үшін бейімделген. Жалпы облыстағы мүгедек оқушылардың үштен бірі арнайы жабдықталмаған сыныптарда білім алуға мәжбүр.

– Осы орайда аудан әкімдерінің салғырттығы таңқалдырмай қоймайды. Абай, Ұлан және Күршім аудандарында инклюзивті білім беру жүйесі бірде бір мектепте қолға алынбаған. Тіпті Абай ауданының әкімдігі бұл кемшілікті жасырып отыр. Олар «ауданда мүгедек балалар жоқ» деп ақталмақ болған. Әйтсе де, тексеру кезінде біз ол сөздің жалған екендігіне көз жеткіздік. Анықтауымызша, Абай ауданында 53 мүмкіндігі шектеулі бала бар екен, – дейді Рустам Шидердинов.

Сонымен қатар, қадағалау органының хабарлауынша, ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы мүмкіндігі шектеулі адамдар санының жылдан жылға өсу себептеріне талдау жүргізбейді. Осының салдарынан мүгедектікке әкеліп соғатын ауру түрлерінің деңгейі өршіп кеткен. Айта кету керек, мүгедектерді медициналық оңалту шаралары да жеткіліксіз деңгейде атқарылуда.

Осының барлығын сын таразысына салған облыстық Прокуратура мүгедек жандардың мәселелерін ретке келтіруге ықпал жасай алатын арнайы жұмыс тобын құруды талап етті.