ШҚО-да найзағайдың көптеп соғуынан орман өрті 3 есеге артты

557
көрілім
Шартты фотосурет.

Өрт қауіпсіздігі артқан кезең басталғалы бері өңірімізде 150-ден астам орман өрті орын алған. Бұл көрсеткіш өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 3 есеге артты. ШҚО ТЖД мамандарының хабарлауынша, мұндағы басты себеп – найзағайдың көптеп соғуы болып отыр.

Орман өрттінің саны өскенімен тілсіз жау шарпыған жер алаңының аумағы үлкен болған жоқ. Нақты айтсақ, жалпы өрт орман аумағының 150 гектарын қамтыды. Облыс бойынша орман өрті Бесқарағай, Бородулиха аудандары мен Семей қаласының төңірегінде жиі қайталанған. Көп жағдайда тілсіз жауды өрт сөндірушілер емес, орман шаруашылықтарының иелері мен жергілікті атқарушы органдар залалсыздандырып отырыпты.

– Орман өртінің артуындағы негізгі себеп – аспан тілген найзағайдың жиі және қатты соғуы. Бір қуанарлығы – соның салдарынан келтірілген материалдық шығын 7 есеге азайды, – дейді ШҚО ТЖД өрт қауіпсіздігін бақылау және алдын алу басқармасы басшысының орынбасары Ринат Қондыбаев.

Сонымен қатар, дала өрті де 2 есеге артып кеткен. Қазіргі таңда құтқарушылар дала және орман өртін азайту үшін тиісті шараларды қолға алуда. Ринат Қондыбаевтың айтуынша, бұл мақсатта өрт қаупі артқан аумақтарда еріктілерден құралған топтар күзету шараларын жүргізбек.