ШҚО-да орман өртінен келген шығын 3 млрд теңгені құрады – прокуратура

115
көрілім
Фотосурет egеmen.kz сайтынан

Өңірдегі экологиялық жағдайдың ушығып бара жатқанын айтып, мамандар әр жиында дабыл қағуда. Үйлестіру және қадағалау шараларын қабылдау нәтижесінде 2020-2023 жылдар аралығында атмосфералық ауаның бұзылуына әкелген жағдайлардан 120 млн теңгеден астам сомаға залал өндірілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, осы уақытқа дейін 20-дан астам табиғат пайдаланушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
2021 жылдан бастап «Казгидромет» РММ филиалының бақылау бекеттерінің мониторинг желісі арттырылды. Бұл атмосфералық ауаның ағымдағы жағдайы туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде, оның ішінде «AirKaz.org» қосымшасының әлеуеті арқылы ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Мамандандырылған прокуратураның наразылығымен елді мекендерде жасыл желектерді компенсациялық отырғызу көлемі 5-тен 10 ағашқа дейін ұлғайтылды. Ағаш отырғызу дендрологиялық жоспарды ескере отырып жүзеге асырылады.
2020-2023 жылдар аралығында мыңнан астам заңсыз полигондар анықталды, олардың кейбіреулері табиғат қорғау прокуратурасының ұсынысымен жойылды. Сондай-ақ, экология басқармасы жергілікті атқарушы органдардың 10-нан астам жауапты қызметкерлерін әкімшілік жауапкершілікке тартты.  
- Экологиялық заңнама талаптары мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келмейтін полигондардың жағдайы басты мәселе болып қала беруде. Қазіргі кезде ауылдық қоқыс үйінділері мен полигондардың 90%-ы заң талаптарына мүлде сәйкес келмейді. Ал қалғандары бойынша жергілікті атқарушы органдар қалдықтарды сақтау үшін жер телімдерін берумен шектелді. Бұл мәселелердің барлығы қала, аудан әкімдіктерінің, сондай-ақ облыс әкімдігінің назарына жеткізіліп, прокуратураның бақылауына алынған, - делінген ШҚО Прокуратурасы ұсынған мәліметте.
Облыс көлемінде 2 миллион гектарға жуық немесе 20 мың шаршы шақырым аумағын орман алқаптары алып жатыр. Өкініштісі сол, соңғы төрт жылда 924 дала және 493 орман өрті болған. Жалпы шығын 3 млрд. теңге құрады. Соңғы 5 жылда бюджеттен 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінгенімен орман шаруашылығының мекемелері жабдықтармен қамтылмаған. Қолда бар өрт сөндіру техникасы мен көліктердің едәуір бөлігі тозып, ескірген.
Кадрлардың тапшылығы да  басты мәселе. Барлық орман шаруашылығы мекемелерінде кадрлардың жетіспеушілігі байқалады.
Орман шаруашылығы мекемелері басшылығының тікелей қолдауымен мемлекеттік орман қорының аумағында ағаштарды кесу фактілері жалғасуда. Соңғы 3 жылда 7,5 мың м3 орманды заңсыз кесудің 101 фактісі анықталып, 10 қылмыстық іс қозғалған.
Елдегі орман алқаптарында ағаштардың өспеуіне орманды молықтыру шараларының дұрыс жүргізілмеуі әсер етуде. Атап айтқанда, Шығыс  Қазақстан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу Басқармасының мәліметі бойынша, орман дақылдарының өмір сүру деңгейі 58%, стандарты кемінде 70% құрайды.  
Орман заңнамасы саласындағы жоғарыда аталған мәселелердің барлығы  осы жылдың 30 қарашасында облыс әкімдігі басшылығының және мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыспен күрес бойынша Үйлестіру кеңесінің отырысында қаралды, Анықталған заң бұзушылықтар бойынша қадағалау актілері енгізілді.
Өңір үшін экология саласындағы тағы бір өзекті мәселе - жер қойнауын пайдалану.
Тексерулер мен рейдтік іс-шаралар барысында лицензиялық-келісімшарттық шарттарды толық орындамаған 50 жер қойнауын пайдаланушы анықталған, 162 жер телімі бойынша келісім-шарттық міндеттемелердің орындалуы туралы есептер уәкілетті органға ұсынылмаған.  Жекелеген кәсіпорындар жер телімін ресімдемей, аса қорғалатын табиғи аумақтарда пайдалы қазбаларды өндіру жұмыстарын жүргізгені анықталған.
Осы уақытқа дейін 50-ден астам жер қойнауын пайдалану учаскелері өңделмеген. Барлық аталған бұзушылықтар бойынша қадағалау актілері енгізілді. Бұл мәселе маусым айында Үйлестіру кеңесінің отырысында қаралып, мүдделі органдарға бірқатар нақты ұсыныстар беріліп, осы бағыттағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған бірлескен іс-қимыл алгоритмі әзірленді.
Бүгінде прокуратураның қадағалауымен жер қойнауын пайдалануға лицензиялық-келісімшарттық міндеттемелер бойынша 500 млн теңгеден астам міндетті төлемдерді өндіру жұмыстары жүргізілуде. Қаражат өндірілген соң облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсалмақ.