ШҚО-да өткен жылмен салыстырғанда кене шаққан адамдар саны 1,7 есеге азайды

609
көрілім
Үстіміздегі жылы кене шағудан болатын жұқпалы аурулардың таралу маусымы өткен жылмен салыстырғанда 2 аптаға кеш басталды. Атап айтсақ, алғашқы кене шаққан жағдай сәуір айының 4 күні тіркелді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі облыстық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығына сілтеме жасап.

2017 жылдың 9 мамырындағы статистикалық мәлімет бойынша кене энцефалиті бойынша эндемиялық аумақтардағы медициналық мекемелерге кене шаққан 1074 адам қаралған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кене шаққан адамдар саны 1,7 есеге азайған (2016 жылдың осы кезеңінде кене шаққан адамдар саны -1849). Бұл биыл көктемнің кеш шығып, суық болғандығымен байланысты.

Кене шағып медициналық көмекке шағымданған адамдардың 92% ( 985 адам) кене энцефалиті вирусына қарсы аурудың алдын алу үшін қолданылатын иммуноглобулин алды, қалған 8% медициналық көмекке кеш шағымдануларына байланысты серологиялық профилактикамен қамтылмаған.

Шығыс Қазақстан облысы кене энцефалиті аурушаңдығы бойынша эндемиялық аумаққа жатады. Облыстың Глубокое, Зырян, Катон-Қарағай, Көкпекті (Самар аймағы), Ұлан, Шемонаиха аудандары мен Риддер және Өскемен қалалары сияқты 8 аумақ кене энцефалитінің табиғи ошағы болып табылады.

Республикалық бағдарлама бойынша аталмыш 8 эндемиялық аумақта көлемі 844 гектар жерде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда барлық эндемиялық аумақтарда осы аталған жұмыстардың жүргізілуі аяқталды.

Көктемгі-жазғы кезеңдегі ауа-райына байланысты кене энцефалитінің жағдайлары және кене шаққан адамдар саны жыл сайын өзгеріп отырады, бірақ ШҚО ғана тән орташа статистикалық деңгейдан аспайды.

Кене энцефалиті аурушаңдығы кене шаққан соң медициналық көмекке шағымданбаған адамдар арасында тіркеледі.

Кене энцефалиті аурушаңдығының өзекті мәселе болуына байланысты облыстың әрбір тұрғыны жеке басты кенеден сақтаудың келесі қарапайым ережелерін жақсы білуге және оларды орындауға тиісті:

1. Табиғат аясына барғанда арнаулы киім кию: жеңі ұзын ер адамның көйлегін киіп, жағасын, жеңін түймелеп, етегін шалбарға салып, шалбардың балағын шұлыққа немесе аяқ киімнің ішіне салып, құлақ пен басты қорғау үшін орамал байлау керек. Кенені жылдам байқау үшін ашық түсті киім киюге кеңес береміз.

2. Дененің ашық жерлеріне, киімге кенені жолатпайтын арнаулы заттарды (репелленттерді) жағу керек. Олар жақпа май, лосьон, аэрозоль түрінде дәріханалар мен шаруашылық дүкендерінде сатылады.

3. Әрбiр 1,5-2 сағат сайын киiмдердi, желке мен құлақтын тұсын, қолтық пен шаптың маңайын мұқият қарап, жабысқан кене болса алып, отқа жағып жiберген жөн.

4. Табиғат аясынан келген соң денені, киімдерді, орманнан әкелген гүл шоқтарын және тағы басқа заттарды және үй жануарларын кенеге мұқият қарау қажет.

Егер кене жабысса оны қалай алуға болады?

Кененің тұмсығы теріде қалып қалмау үшін, оны өте еппен алу қажет.

Кенені алған кезде келесі кеңестерді орындауды ұсынамыз:

  • Кенені пинцеттің немесе жіптен дайындалған ілмектің көмегімен, кененің ауызына барынша жақын және оның қадалған жеріне тік ұстап, теріден еппен алып тастау керек;
  • Кененің шаққан жерін құрамында спирт бар ерітіндімен зарарсыздандырып, қолды сабындап жуып тастаған жөн;
  • Кене шаққаннан соң, 3 күннен кешікпей жергілікті медициналық мекемелерге қаралу қажет.

Ерлен Османов