ШҚО-да өткен жылы әскерге барудан жалтарғысы келген 664 азамат жазаланды

672
көрілім
Сарбаз боп сапқа тұрудан жалтаруға тырысатын кейбір жастар әскер қатарына алынуға асықпаса да, бұл борышты мемлекеттің бекітілген заңы міндеттейтінін олар біле бермеуі мүмкін. Мәселен, өткен жылы Шығыс Қазақстанда әскерден жалтармақ болған 664 азамат жазаланған.

Мұндай жағдайда ең алдымен Ішкі істер басқармасына әскерге барғысы жоқ азаматтардың тізімдері беріліп, оларға іздеу салынады. Сондай-ақ, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексі мен Қылмыстық Кодекстің талаптары да әскери қызметке шақырылудан бас тартушылардың басынан сипамасы анық. Атап айтқанда, Қылмыстық Кодекстің 387-бабына сәйкес, ол қатардағы адамдарға 1000 айлық есептік көрсеткіш (2 269 000 теңгеге дейін) мөлшерінде айыппұлдан бастап, еңбекпен түзеу, бас бостандығын шектеу және бас бостандығынан айыру жазалары қолданылуы мүмкін.

ШҚО Қорғаныс істері департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Шынар Дүсіпованың хабарлауынша, 2016 жылы облысымызда бұл бағытта 664 құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде, атап айтқанда, азаматтардың әскери есепке алу жөніндегі міндеттерді орындамауы (647-бап) бойынша 319 адам, медициналық тексерілуден немесе жиындардан жалтару (648-бап) бойынша 196 адам, әскери есепке алу құжаттарын қасақана бүлдіру немесе жоғалту (649-бап) бойынша 149 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұған қоса осы жылдың бірінші тоқсанында ғана аталған баптар бойынша 154 адам жазаланды.

Департаменттің ақпаратына сәйкес, биылғы жылы мерзімді әскери қызметке Шығыс Қазақстан өңірінен 1300 болашақ сарбаз аттанбақ. Өткен жылмен салыстырғанда биыл әскерге 300 бозбала артық барады.

Мейрамбек ҚОСАЖАН