ШҚО-да соңғы алты айдың ішінде жол-көлік оқиғасынан 3 бала көз жұмған

327
көрілім

Соңғы жартыжылдықта балалардың зардап шегуімен болған 46 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан тәртіп сақшылары мен әскерилер алдын алу шараларын күшейтуде, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.


Сабақ басталу уақыты мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты облыста 700-ден аса шенділер мен 200-ден аса көлік жұмылдырылған.  
Мектептерге іргелес жатқан 292 аумақ жол қозғалысын ұйымдастыру тұрғысынан тексеріліп, жергілікті атқарушы органдарға анықталған кемшіліктерді жою туралы 129 ұйғарым берілген. 74 жол белгісі орнатылып, 85 жаяу жүргіншілер жолағы белгілері орнатылды.


Өскемен гарнизоны Әскери полиция бөлімінің әскери автомобильдік полициясы бөлімшесінің бастығы Талғат Замзиннің айтуынша, балалардың жол үстіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шараларға ерекше көңіл бөлінуде.


– Жаңа оқу жылы басталды. Барлығы білетіндей әсіресе мектеп алдында көліктер мен адамдардың қозғалысы көп. Сондықтан білім ордаларынан бастауды жөн көрдік. Біздің топ бұл шараны Ахмер орта мектебінде өткізіп, оқушыларға сақтық ережелерін түсіндірді. Алдағы уақытта да тиісті орындарда мұндай акцияларды жалғастырамыз, – дейді Талғат Замзин.


Айта кетейік, алдын алу шараларын Өскемен гарнизоны әскери автомобильдiк полиция бөлiмшесiнiң инспекторлары мен ІІМ қызметкерлері бірлесіп ұйымдастырды.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ