ШҚО-да жер сілкінісі не себепті жиілеп кетті?

1454
көрілім

Соңғы 30 жыл көлемінде жер сілкінісі тым жиілеп кетті. Күндіз де, түнде де жер қыртысының қозғалысын сезіп тұру бізге үйреншікті жағдайға айналғандай. «Бұл жер жаратылғаннан бергі үрдіс» дейтін шығармыз, дегенмен Жер шарындағы бүкіл жер сілкінісінің 15 пайызы Қазақстанның Алатау, Алтай, Тарбағатай таулы аумағын қақ жарып өтетін белдеуге тән екенін біреу білсе, біреу білмес. Оның үстіне бірнеше жер жарығының үстінде орналасқан біздің өңір 6-9 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін аймақтарға жатады. Бетін ары қылсын, алайда алда-жалда дүлей апат бола қалса не істемекпіз? Бар-жоғы екі ғана сейсмологиялық станциясы бар, бірақ сейсмолог мамандары жоқ облыс қайғылы жағдайдың алдын алуға дайын ба? Көкейкесті осы және басқа да сауалдарға сайт тілшісі жауап іздеп көрді…

Тарих тереңіне бойласақ…

Жалпы Шығыс Қазақстан аумағының жер сілкінісінен кенде емес екенін алға тартқан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бұл аймақтағы ірі жер сілкінісі туралы алғашқы деректердің сонау 1761 жылы тіркелгенін айтады. Осы жылы орын алған Монғолиядағы 10-11 балдық жер сілкінісінің әсері Семей, Өскемен қалалары мен Ертіс өзенінің бойын жағалай орналасқан басқа да елді-мекендерде сезіліп, магнитудасы 6 балға дейін жеткен.

Кейін 1887 жылы Өскемен қаласы мен 1901 жылы Глубокое және Бұқтырма елді мекендерінде тіркелген 6-7 балдық жер сілкінісінің эпицентрін жергілікті деп атауға болады.

1990 жылдың 14 маусымы күні эпицентрде 8 балдық күшті жер сілкінісі Зайсан ауданында орын алды. Зайсандық зілзаладан соң бес ай бойы жер бес жүз рет дірілдеп, оның екеуі 5-6 балға дейін жеткен. Бұл жер сілкінісі елеулі зардап шектіріп, ғимараттар құлады. Зайсан ауданының бұрынғы Рожково (қазіргі Біржан) ауылында Біржан есімді бала үйінді астында қалып, мерт болды. Жалпы бұл жолғы зілзала салдарынан 8874 үй қирап, 300 миллион кеңестік рубль көлемінде шығын келтірді.

2003 жылдың 27 қыркүйегі күні Ресейдің Алтай аймағындағы Чуя өзенінің аңғарында орын алған 9-10 балдық жер сілкінісінің әсері Шығыс Қазақстанның солтүстік-шығыс аумағында 7 балдық зілзала болып сезілді.

Соңғы күшті жер сілкінісі биылғы жылдың 4 сәуірі күні орын алып, Зайсан ауданында оның магнитудасы 5-6 балл, ал облыс орталығында 3-4 балл болып сезілді.

Жиілегені рас

Соңғы жылдары жер сілкінісінің жиілегенін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті де растап отыр.

Шығыс Қазақстан еліміздің сейсмикалық белсенді аймағына жатады, – дейді ШҚО ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы Александр Ломыгин. – Бұл аймақта Локтев-Қара Ертіс, Ертіс, Нарым, солтүстік Зайсан, солтүстік Сауыр, оңтүстік Сауыр, Жарма және Шыңғыс-Алакөл сияқты 8 неотектоникалық белсенді жер жарықтары орналасқан. Кешенді геологиялық-геофизикалық деректерге сәйкес Нарым, Марқакөл, Сарымсақты, солтүстік Зайсан, оңтүстік Сауыр және Тарбағатай сынды бірнеше сейсмогенерациялық аумақтарда магнитудасы жеті балдық жер сілкінісі болуы мүмкін. Соңғы жылдары жер қыртысының сейсмикалық белсенділігі артты. Мұны күші 6,3 балдық 1990 және 2017 жылдары орын алған жер сілкінісі дәлелдейді.

Болжау мүмкін емес

Өкінішке қарай, Шығыс Қазақстан аумағындағы құзырлы мекемелер жер сілкінісін алдын ала болжауға дәрменсіз. Біріншіден, бұған қажетті құрылғылар мен мамандардың жетіспеушілігі, екіншіден ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоқтығы кедергі келтіріп отыр.

Облыс аумағындағы Білім және ғылым министрлігінің Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедициясына тиесілі екі сейсмостанция Семей және Зайсан қалаларында орналасқан, – дейді Александр Анатольевич. – Өзімізде сейсмолог мамандар жоқ. Ал автоматты режимде жұмыс істейтін аталмыш станциялар аталмыш экспедиция мамандарының қарауында.

Жер сілкінісінің болжамы болуы мүмкін деген ықтималдылықпен жасалатынын алға тартқан лауазымды тұлға, болжам нақты болуы үшін кешенді геофизикалық деректер жинақталып, жер сілкінісі үрдісінің моделі жасалуы керектігін айтады.

Қазіргі уақытта жер сілкінісінің қысқа мерзімді болжамын жасау жаратылыстанудың қиын, әрі көп зерттеуді қажет ететін мәселесі, – дейді Александр Ломыгин. – Сондықтан қысқа мерзімді болжам жасау тәжірибеден гөрі ғылыми-зерттеу саласына жақын. Әмбебап хабаршылардық жоқтығы, сонымен қатар аномальды құбылыстардың орнықсыздығы кешенді зерттеулерді қажет етеді.

Сейсмологтар жер сілкінісі болжамдарын үш түрге бөледі. Атап айтсақ, 3-тен 10 жыл аралығын қамтитын – ұзақ мерзімді, 1-2 жыл аралығын қамтитын – орта мерзімді және бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейінгі аралықты қамтитын қысқа мерзімді болжамдар. Олардың әрқайсысы бойынша жер сілкінісінің қауіпті аумақтарының картасы жасалады. Барлық алынған деректерді болжаушы комиссия талдап, ҚР ІІМ ТЖК, Қауіпсіздік кеңесі мен Алматы қаласының әкімдігіне жолданады. Қоса кетсек, орта мерзімді болжамдарды сейсмикалық бақылау жүйесі жақсы дамыған Алматы облысы ғана жасай алады.

Сейсмологиялық станциялар санының жеткіліксіздігінен Шығыс Қазақстан облысында күшті жер сілкінісін алдын ала болжау мүмкін емес, – дейді Александр Ломыгин. – Сейсмолог мамандардың сөзіне сенсек, біздің өңірдегі мұндай станциялардың саны 10-нан кем болмауы керек көрінеді. Тіпті осының салдарынан, біз бұған дейін болып кеткен жер сілкіністерінің де ошағын нақты анықтай алмай отырмыз.

Қазгидрометтен түсетін ауа райындағы өзгерістер жайын ұялы байланыстың СМС-хабарламалары арқылы көпшілікке жеткізілетінін мәлімдеген мемлекеттік қызметші, жер сілкінісі туралы қысқа мерзімді болжамдардың болмауына орай мұндай хабарламалардың жіберілмейтінін айтады. Егерде жер сілкінісіне қатысты нақты болжамдар болса, облыстық ТЖД кезекшілері ұялы байланыс арқылы хабарлауға әзір. Ал болып кеткен жер сілкіністері жайлы ақпаратты азаматтар www.some.kz немесе www.vkigps.kz сайттарынан көре алады.

***

Қалай десек те, зілзаланың болып-болмауын дәлме-дәл болжау бүгінгі ғылымның ең күрделі мәселесі болып қала бермек. Кешенді зерттеулерді талап ететін бұл үрдіс еліміздегі сейсмологтардың бастарын ауыртып, балтырларын сыздатқан басты мәселе екені рас. Дегенмен, Жер ананың жоспарын болжап білу мүмкін емес. Табиғат апатының алдын алуда еліміздің ғана емес әлемдік мамандар да дәрменсіз. Бар-жоғы 6 миллиард жастағы ғаламшарымыз жас болғандықтан әлі де адамзатқа тартар тосынсыйлары көп. Тек оның қандай болатынын адамзат ұрпағы көре ме, көрмей ме – белгісіз…

Шығыс Қазақстан облысының 60 пайыз аумағы 6-9 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін аймақтарға жатады.

Облыстың 55,5% аумағы, яғни 157,2 мың шаршы шақырымы, 616,8 мың тұрғынымен 6 балдық жер сілкінісі болуы ықтимал аймаққа жатады. Оған Семей, Курчатов қалалары, Бесқарағай, Бородулиха, Шемонаиха аудандары мен Абай (5 елді мекені), Жарма, Ұлан және Аягөз аудандарының бір бөліктері кіреді.

Облыстың 25,2% аумағы, яғни 71,486 мың шаршы шақырымы, 639,2 мың тұрғынымен 7 балдық жер сілкінісі болуы ықтимал аймаққа жатады. Оған, Өскемен, Риддер қалалары мен Глубокое ауданы және Аягөз, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Үржар, Зырян, Шемонаиха (6 елді мекені) аудандарының бір бөліктері енеді.

Облыстың 15% аумағы, яғни 42,592 мың шаршы шақырымы, 130 мың тұрғынымен 8 балдық жер сілкінісі болуы ықтимал аймаққа жатады. Оның ішіне, Зайсан ауданы мен Катонқарағай, Көкпекті (9 елді мекені), Күршім (15 елді мекені), Тарбағатай (21 елді мекені), Зырян (10 елді мекені), Үржар (21 елді мекені) аудандарының бір бөліктері кіреді.

Облыстың 4,3% аумағы, яғни 12,02 мың шаршы шақырымы, 14 мың тұрғынымен 9 балдық жер сілкінісі болуы ықтимал аймаққа жатады. Бұл аймаққа Катонқарағай ауданының бір бөлігіндегі 26 елді мекен жатады.

 

12 балдық сейсмикалық баған

Балл

Күштілігі

Келетін зақым

1 Байқалмайтын Сейсмикалық құрылғылар ғана анықтайды
2 Өте әлсіз Тыныш отырған кейбір адамдар ғана сезеді
3 Әлсіз Тұрғындардың кейбірі ғана сезеді
4 Орташа Аздаған діріл байқалып, ыдыс-аяқ сылдырлайды
5 Әжептәуір күшті Ғимараттар, жиһаз дірілдеп, қабырғаға сызаттар түседі
6 Күшті Барлығы байқап, сылақтар құлайды
7 Өте күшті Тас үйлердің қабырғалары жарылады
8 Талқандаушы Дымқыл жерлер жарылып, ескерткіштер төңкеріледі
9 Алапат Тас үйлерге зақым келіп, құлайды
10 Жойқын Тау беткейлері көшіп, ғимараттар құлайды
11 Апатты Жер қатты жарылып, жартастар құлайды
12 Өте апатты Барлық ғимараттар құлап, сарқырамалар пайда болып, өзен арналары өзгереді, жер жарылады

Азамат ТЕМІРБЕКОВ