ШҚО-ның бес ауданына шегіртке тарауы мүмкін

810
көрілім
Шартты фотосурет

ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар таратқан мәліметке сүйенсек, шегірткелердің маусымдық таралуы Бесқарағай, Бородулиха, Зайсан, Катонқарағай және Тарбағатай аудандарында күтіледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Осыған байланысты өңірде шаруалар шығын болдырмаудың алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар қолға алынуда.

– Ауылшаруашылық жер телімдеріне бақылау жүргізу ұдайы ұйымдастырылып отырады, – дейді басқарма мамандары. – Зиянкестердің таралуы мүмкін алқаптың аумағы 140 гектардан асады. Фитосанитарлық диагностика мен болжамдар республикалық әдістемелік орталығының болжамынша, 2,53 мың гектар жер алқабы зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарын қажет етеді.

Сарапшылар сөзінше, зиянкестер шабындық пен жайылымдағы шөптесін өсімдіктерге едәуір залал келтіреді. Тіпті қаптап келіп шабуылға шыққан шегірткелер тұтас алқаптың өзін тып-типыл етуге қауқарлы. Биыл химиялық өңдеу жүргізу мен зиянкес шегірткелерге қарсы пестицидтерді сатып алу мақсатында облыс бюджетінен 7,2 млн теңге қаржы бөлінді.