Шығыс Қазақстан аумағында арқарлардың санын арттыру туралы ұсыныс жолданды

692
көрілім

Шығыс Қазақстанда Қызыл кітапқа енгізілген арқардың санын көбейту туралы ұсыныс ҚР Парламенті Сенатының Ауылшаруашылығы мәселелері, табиғат пайдалану және ауылдық жерлерді дамыту Комитетінің көшпелі кеңесінде айтылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі Informburo.kz сайтына сілтеме жасап.

Елімізде жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы заң болғанымен, оларды тұрақты түрде көбейту жүйесі жоқ. Сондықтан олардың саны өспей отыр. Аңшылық шаруашылықтары субсидияланбайтындықтан бізге мемлекеттік қолдау қажет, өйткені сирек кездесетін жануарларды сақтау – біздің міндетіміз. Тәжірибе ретінде біздің шаруашылық базасында арқар санын көбейтуді ұсынамын. Біз оларды асырап, санын көбейтуге дайынбыз. Әлсіз, әрі қартайған арқарларды шетелдіктерге сатуға және аңшылық брендін дамытуға болады, – дейді «Зайсан» аңшылық шаруашылығының директоры Аэлита Ахметсәлімқызы.

Аңшылық шаруашылығының ұсынысын ҚР Сенатының депутаты Сергей Плотников қолдады. Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке және құзырлы министрліктер мен мекемелерге сәйкес ұсынымдар жолданып, ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев аталмыш мәселені қарайтынын айтты.