Шығыс Қазақстан облысындағы киелі орындардың туристік инфрақұрылымы жақсаруда

378
көрілім

Биылғы жылы Шығыс Қазақстан облысындағы көпке әйгілі киелі орындар мен қажылық ететін жерлерді абаттандыру үшін көп жұмыстар жасалды. 2017 жылғы 29 қарашада Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов биліктің бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға ниетті екендігін айтты.

2017 жылы Абай ауданындағы Қоңыр-Әулие үңгіріне абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қасиетті жерлердің бірі болып саналатын Қоңыр Әулие үңгірін көркейтуге 25 млн теңге

бөлінді. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде үңгірге түсіп бара жатқан адамдардың алау жағуынан қалған қалдықтар, үңгірдің маңайында жатқан барлық қоқыстар тазартылған. Құрылысшылар кіре беріске жоғары қорғаныс ғимаратын орнатты. Келушілерге арналған ағаш баспалдақтар мен орындықтар қойылды.

Сонымен қатар, Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай ата кесенесі көркейтілді: электр желісі орнатылып, субұрқақ салынған. Бұл жұмыстарға 50 млн теңге жұмсалды.

Бүгінде облыстағы басқа да киелі орындардың туристік инфрақұрылымын дамыту бойынша ұсыныстар әзірленуде.