Шығыс Қазақстандағы ауылшаруашылық кооперативтерінің жемісі

342
көрілім

2017 жылдың жазында Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев агроөнеркәсіптік кешен мекемелерінің басшыларын арзан шикізатты сатпай, дайын өнімдерді өндіру үшін кооперативтерге белсене бірігуге шақырды. Бұл сөздің түп-төркінін ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген адамдар бірден түсінді. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласындағы кооперативтерге 16 мың субъект бірлесіп отыр. 44 пилоттық кооперативтер іске қосылған. Оның ішінде 32 кооператив сүт, 12 кооператив ет бағытында жұмыс істеуде.

Осы кооперативтерді жабдықтауға 3,1 млрд. теңге бөлінген. Бұның 2 млрд. теңгесі Аграрлық несие корпорациясының бюджеттік несиелеу бағдарламалары мен Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жұмылдырылды. Ал 1,1 млрд. теңге қаржы институттарының меншікті қаражаты болып табылады.

Облыста жалпы 17 400 бас сиыры бар 54 сүт-тауар фермасы жұмыс істеп тұр. Биылғы он айдың ішінде бұл шаруашылықтар өңдеуші компанияларға 60 мың тонна сүт берді. Жылдық жоспар 68 мың тоннаны құрайды. Өткен жылы осы кезеңде 14 мың тонна аз өндірілген болатын. Бұдан бөлек, халықтан тағы 20 мың тонна сүт сатып алынды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп.

Облыстың аграрлық секторына көрсетілген мемлекеттік қолдау биылғы жылы біршама артқан. Нақты айтсақ, 18 млрд. теңге субсидия бөлінді (өткен жылмен салыстырғанда 10% жоғары). Өндірілетін өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру үшін облыста екі ет комбинатының құрылыс жұмыстары да басталды.

Бұл жайттарды Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында сөз алған Даниал Ахметов мәлімдеді.