Шығыс топырағында кейбір жыртқыш құстар мүлде жойылудың алдында тұр

653
көрілім
Шартты фотосуреттер

Олардың әрбірі қиядан ойысқа, таудан төменге қарай құлдилап, жемтігіне көз ілеспес жылдамдықпен шүйіліп келіп шабуылдайды. Иә, көпшілігінің жаратылысына ашық аспан астында еркін қалықтап, талмай ұшу тән. Құдды бір «Ұшу деген рақат қой, шіркін! Ала бұлттың ар жағына шырқап шыққан сәттегі телегей-теңіз шаттықты айтуға тіл жетпейді. Мөп-мөлдір аспандағы таза ауаны кеуде кере жұтып жерге жақындап келгеніңде алуан түрлі шөптер мен гүлдердің жұпар иісі аңқиды. Алып таулардың арасында тастан-тасқа секіріп ағып жатқан өзеннің шулы, биіктен төмен сырғыған бұлақ сылдыры сымбаты бөлек сұлудың сыңғырлаған күлкісіндей ғой, шіркін!» деп тіл қататын сияқты. Өкініштісі сол, олардың саны жыл өткен сайын азайып, қия-шатқалдар қаңырай бастағандай, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Орнитолог ойымызды салмақтай түсті

Бұлар жыртқыш құстар санатына жатады. Қаршығадан бастап тұйғынға дейін. Соған қарай негізгі қоректері де ет. Тұрқы шағындары жәндіктерден бастап салмағы бірнеше келі тартатын аңдарды талғажау етеді. Имек тұмсығы өткірлері елік пен маралға да тырнағын батырмай қоймайды. Аң-құс жайлы мағлұмат ұсынарда маман пікіріне иек артқан жөн. Ит тұмсығы батпайтын ну орман мен жасыл жапырағы жайқалған әсем жерлерде, балығы тайдай тулап, сансыз құсы шулаған айдын шалқар көлдерді аралап, өңіріміздің флорасы мен фаунасына қатысты құнды мәліметтер жинаған орнитолог Борис Щербаковтың пікірі әр ойымызды салмақтай түсті. Қазақ тәмсілінде аспанда қалықтаған алып құстарды жалпылай қарақұс деп атайды. Дей тұрғанмен олар да бірнеше класқа, яки болмаса топқа бөлінеді екен. Соның бірі – сұңқар тобына жататындар. Иә, қазақ жазығын қырағы жанарымен сүзіп, қанатын қомдаған сайын биіктен соң биік, бір таудан соң бір тау қалып жататын қанаттылардың алыстан көз салғандағы әрекеттері де әсем. Сұңқар тұқымдастардың өзге жыртқыш құстардан ерекшелігі – жемтігін көктен іледі. Бүркіт тұқымдасына жататын қаршығадан басты айырмашылығы – сұңқардың көрер көзге бірден байқалмайтын өткір тісінің болуы. Жалпы, бұл класқа күйкентай, дала күйкентайы, жағалтай, лашын, тұрымтай және тағы басқалары жатады.

Ақсары

Қайқы тұмсық қанаттылар

Ал кейбір әдебиеттерде қаршыға, көбінде қырғи деп жазылатын класқа сұңқардыкіндей тістен ада, қайқы тұмсық құстар енген. Борис Васильевич бұған жазық, көгал, қамыс төбелерін тінте ұшатын ителгіні жатқызды. Қырғи тұқымдас класына ақсары да (канюк) кіретін көрінеді. Орта Азия құрлығында жамансары деп қазақшаға аударылып жазылыпты. Ал бүркітке жуықтарын қайталап жазған әбестік болар, бұл жайлы мақала газетіміздің өткен сандарының бірінде жарық көрген болатын. Жүйелік тұрғысынан бұлар әр санатқа жатады. Қарақұстардың ішінде тұрқы алып балықшы тұйғынның да алар орны ерек.

– Тырнағымен бүріп әкеткенде ешбір балық тырп ете алмайды. Ұзындығы 55-58 см-дей, қанатын жайғанда бір жарым метрден асады. Кеуде мен желке тұсы құйылған сүттей аппақ. Жас дарақтарының ересектерінен бәлендей айырмашылығы жоқ, тек сәл шұбар түсті келеді. Су бетіне құлдилағанда тұмсығының астындағы тісі де қылаң береді. Осыған қарап отырып табиғаттың мұндай әсем жаратылысының барына таңдай қақпасқа амал жоқ, – дейді қарт орнитолог.

Жағалтай

Мысықтарша аң аулайды

Қаршыға тұқымдастардың тағы бір өкілі – қоңыр күшіген (бурый гриф). Ұзын қанаты аңшылар қауымын ежелден-ақ қызықтырып, өзгеше тұрпаты көптің көз суғара қарауларына себепкер болған. «Сырттай қарағанда қырағы көзі секем аларлықтай-ақ, алайда оның адамдар мен жануарларға тигізер залалы жоқ» дейді зерттеуші-орнитолог. Қазақстанда олардың саны ілуде біреу шығар, көзге іліккендерін браконьерлер қуатты қару-жарақтарымен атып түсіретін сыңайлы. Ресми деректерде ірі дарақтарының салмағы 12-14 келі, денесінің ұзынды 65-70 см-ге жететіндігі жазылған. Иә, шынымен-ақ алып құс екен. Алайда осал тұсы мынада: жемтігіне жеткен тұста тырнағының әлсіздігіне қарай айырылып қалу ықтималдығы жоғары. Есесіне кез келген өлексеге тәбеті ашылса тұмысығын найзадай қадап, әп-сәтте порша-поршасын шығарады.

Қаршыға

– Қаршыға тұқымдастар көбінесе мысықтарша аң аулайды. Кейбір шағындау құстар атылып ұшқанда жемтігі тек кенеттен ысылдап шыққан дауысты ғана естиді. Ал бұлар көз көрім жерден мүлде алшақтап, бұта-ағаштардың ығында жасырынып тұрады. Көздері кейде ашық-сары түске түрленіп, қанаттарымен кілт бұрылу кезінде өте сауатты қимылдайды. Тырнағымен бүріп өткенде аяушылық дегенді білмейді. Айталық, қырғауыл, құр, я болмаса кішілеу аңдарды байқап қалса тігінен емес, жоғарыдан біртіндеп төмендеу арқылы ұмтылады, – дейді білікті зерттеуші.

«Кері кетушіліктің бір көрінісі»

Осы ретте жағалтай да (чеглок) сөз етілді. Өзі лашыннан аумайды. Қарт орнитологтың айтуынша, біршама сұсты, жүгірген аңның біршамасы дерлік байқаған бойда сілтідей тынады. Оқыс қимыл жасаса-ақ жанын алар әзірейіл осы деп ойлайды. Мәселен ағылшындарда аңшы иттерді түлкіге салуға тыйым салынса, Борис Васильевич жыртқыш құстармен аңшылыққа шығуды да біртіндеп азайтса дейді. Себебі аң аулаудың мұндай түрі қатігездіктің бір шыңы болып саналады. Жантүршігерлік. Браконьерге қызық, аңшыға ермек керек. Иә, бәлкім араларында ішер асын сонымен байланыстыратын да шығар, алайда бейкүнә тіршілік иелерін бұлай қорлап, мораль тұрғысынан мейілінше ауытқымау керек. Әсіресе, өткір тырнақтар алдымен терісіне кірш-кірш кіріп, кейін көздерін де ойып алады.

– Олар да өмір сүруге құқылы, олар да балапан басып, өсіріп-жеткізеді. Ал адами фактор іске араласқанда, мұның бәрі теріс пиғылмен жүзеге асырылған жиіркенішті қадам, – деген Борис Васильевич адамгершілік қасиетінің көршілік санасынан кете бастағандығын қапалана жеткізді. Өңірден тыс республика көлемінде жылына Қызыл кітапқа енген қанша аң-құстың атылатындығы белгісіз, дегенмен мұндай қатігездік қоғамдағы кері кетушіліктің бір көрінісі. Лашындарды бірнеше жылдан бері жолықтырмадық, ал ителгінің саны саусақпен санарлық.

Өзінің табиғатқа қатысты ақпараттарын толықтыру мақсатымен Тарбағатайдағы Маңырақ жотасына барғанда ителгіні бірнеше мәрте кездестіргені бар. Қызығы сол, аталған құстарды арабтар үшін қолға түсіреді. Неліктен дейсіздер ғой? Сатады екен. Шамамен 50-80 мың долларды құрайды. Дегенмен бұл тұрғыда қазір заң да нақты күшіне енген. Ақшаға құныққан браконьерлер қылмыс барысында қолға түссе, жазасын темір торда өтеу бекітілген.

Сұңқар

Алайда адамнан айла артылған ба? Төрт аяқтыға жауар бұлттай түнеріп ұмтылса да, адамзат атаулыға зияны жоқ көрікті құстардың қу құлқынның құлы болған қаруы барларға ермек қылар нысанаға айналғаны шынымен де жанды жабырқатады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ