Шығысқазақстандық грек-рим күресінің шеберлері Жазғы Спартакиадада командалық есепте үшінші орын иеленді

456
көрілім

Алматы қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан еліміздің VI Жазғы Спартакиадасында жерлестеріміз жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сайыс әлі жалғасып жатыр. Әдеттегідей, жерлестеріміз тыңғылықты әзірліктерін жүргізіп, грек-рим мен еркін күрестен облыс намысын арқалап барды. Алғашқы екі күн «классиктер» шеберлік байқасты. Негізі, әр белдесу әдемі әдіс-тәсілдерге толы болды. Жерлестеріміз асыра лақтыруға келгенде кей өңірдің палуандарынан көш ілгері екендіктерін аңғартты. Алдымен қоржынға медаль салған жігіт – Диас Әскербай. 63 келіге дейінгі салмақта финалға шығатындай-ақ мүмкіндігі болды, тек қарсыласының белдесу соңына дейін аздаған басымдығын сақтап баққаны бар. Есесіне, үшінші орын үшін күрес қос жерлесіміздің арасында өрбіді. Диас Әскербай аягөздік таланты спортшы Нұрсұлтан Базарбаевпен күш сынасып, шиеленісті өткен белдесуде соңғы секундтарда жеңісті жұлып кетті.

Сосын 72 келіге дейінгі салмақта күресен Елдос Камелов күміс медаль иеленді. Өте мығым, әрі жиырманың ары жақ, бері жағындағы қолды-аяққа тұрмайтын өрен. Финалға дейін жетіп, шешуші сында қарағандылық Ибрагим Магомадовтан ұтылды.

60 келіге дейінгі салмақта ағайынды Фидахметовтердің өнері көпшілік есінде қалғаны сөзсіз. Ернар да, Ернұр да алғашқы айналымдарда айқын басымдық танытты. Тек Ернар жартылай финалда күтпеген жерден Айбек Сабырбековке есе жіберді. Негізі Айбек те Шығыс Қазақстанның тумасы. Алайда Абай облысының намысын арқалап шықты. Ернар қола медаль үшін белдесуге шықпады, есесіне Ернұр мүмкіндігін мүлт жібермей, тұғырдың үшінші сатысына жайғасты.

Осыған дейін үлкен спорттан ұзақ уақыт қол үзген Әлем чемпионатының бес дүркін жүлдегері Алмат Кебіспаев бозкілемге оралып, 67 келіге дейінгі салмақтың финалында жерлесіміз Мерей Бекеновтің осал тұсын тапты. Кебіспаев Үржар ауданының тумасы, бірақ Қарағанды облысының атынан күресті. Атап өтерлік жайт, Бекенов те тісқаққан палуанмен белдесіп, тәжірибе жинағаны сөзсіз, Алмат та өз салмағында әлі теңдессіз екенін дәлелдеді.

Сөйтіп екі күміс, екі қола медаль иеленген шығысқазақстандық грек-рим күресінің шеберлері 94 ұпаймен жалпыкомандалық есепте үшінші орыннан көрінді. Бүгін, ертең еркін күрестің мықтылары анықталмақ.

Әділхан ЕСІМХАНОВ