Талайды торықтырған тасқын су

527
көрілім

Тосын мінез танытқан табиғаттың әлегі толастар емес. Талай елді мекеннің тұрғындарын бір тарының қауызына сыйғызған тасқын су тасжолдарды бөгеп, жер үйлерді шайып әкетуде. Осыған дейін Аягөз, Глубокое, Шемонаиха аудандарында төтенше жағдай жарияланған болатын. Қазір атырапқа ағылған қарғын су Семей қаласы мен Зырян ауданының халқына қорғасындай ауыртпалық түсірген. Үйлері судың астында қалған Көкпекті және Катонқарағай аудандарының тұрғындары да қонақ үйлер мен мектептерге көшірілді. Аймақ басшысы Даниал Ахметов тілсіз жаудан зардап шеккен өңірлерді аралап, тиісті шаралардың уақтылы атқарылуын жіті қадағалауда. Ал ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстанға тасқынмен күрес жұмыстарына қосымша 2 млрд теңге бөлінетіндігін жеткізді.

Естеріңізге сала кетсек, өңірімізде 10 наурыз күні толассыз жаңбыр жауа бастады. Көпке созылмай, жаңбыр мен еріген қар суы тасқынға айналған. Қапияда келген табиғи апаттың зардабын ең бірінші аягөздіктер тартты. Үйлерін су басқан тұрғындар интернат пен туған-туыстарын паналауға мәжбүр болды. Тасқын су жайылған басқа да аудандар аз болған жоқ. ШҚО Төтенше жағдай департаментінің мамандары қарғын суды бөгеп, тұрғын үйлерін су басқан жұртты қауіпсіз жерге көшіріп отырды. Аймақ басшысы Даниал Ахметов үйсіз қалған адамдарға баспана кілтін табыстап, барлық жағдайды өз бақылауына алды. Наурыздың ортасынан кейін табиғаттың тосын мінезі саябырси бастасымен-ақ облыстың өзге өңірлерін су тасқыны жайлады. Атап айтсақ, Наурыз мейрамы өтер-өтпесте Глубокое, Катонқарағай және Шемонаиха аудандарындағы тау өзендері бұлқынып, арналарынан асып төгілді. Үй-жайлары мен қора-қопсысын су басқан бірқатар ауылдардың тұрғындары төтенше жағдай қызметіне жүгінді.

Сәрсенбі. 28 наурыз

Шүлбі су электр станциясынан жіберілген су деңгейі үш есеге артқан. Осыған дейін секундына 500 текше метр су жіберілсе, осы жолы су деңгейі 1800 текше метрге дейін жеткен. Осының салдарынан Семейдегі «Түйемойнақ» аралындағы 10 үйді су басты. Сонымен қатар, Бесқарағай ауданында 11 ауылдық округке де қауіп төнді. ШҚО әкімі Даниал Ахметов су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы уақтылы мониторинг жүргізбегенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, орта тәуліктік су жіберу мөлшерін көтеру мәселесі не облыстық, не қалалық әкімдікпен еш келісілмеген. Айта кету керек, аталған факті бойынша прокуратура тексеру жұмыстарын бастады.

– 23-26 наурыз күндері бізге түсініксіз жағдайда көп мөлшерде су жіберілді, – дейді Даниал Ахметов, – Егер наурыздың бірінде Шүлбі су қоймасындағы орта шығын секундына 501 текше метрді құраса, 20 наурызда секундына 661 текше метрге жетіп, орта есептен едәуір көтерілген. 25 наурызда су жіберу деңгейі секундына 721 текше метрді құрады. Ал наурыздың 27-інде секундына бірден 1127 текше метрге көтерілген, 28-інен бастап апаттық деңгейдегі су жіберу фактісі тіркеліп, көрсеткіш секундына 1800 текше метрге дейін жетті. Бұл ай көлемінде жоспарлы су жіберу жұмысы жүрмегендігін көрсетеді. Су қоймасы таудың етегінде орналасса, түсінер едім. Бірақ, ол жазық аумақта орналасқан. Наурыздың 11-нен екі күн бойы толассыз жаңбыр жауып, күн райы жылынғанын білесіздер. Сол кезден бастап неге су жіберілмеді?!

Айта кету керек, әдетте дағдарыс деңгейі 450 см құрайтын Семейдегі Ертіс өзенінің суы түнде ең жоғары деңгейі – 525 сантиметрге жетіпті.

Бейсенбі. 29 наурыз

«Түйемойнақ» аралындағы 192 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Олардың 139-ы, оның ішінде 40 бала қонақүйге орналастырылып, күніне үш уақыт тамақпен және барлық қажеттіліктермен қамтылды.

Төтенше жағдай жарияланған аудандарда тексеру жұмыстарын жүргізуді ШҚО Прокуратурасы қолға алған.

– Секундына 1800 текше метр су жіберу туралы нақты факті, оның салдары да бар. Біз бұл жағдайды түбегейлі тексеретін боламыз. Наурыздың 7-сі күні қалалар мен аудандар әкімдерінің, өкілетті орган өкілдерінің қатысуымен жиналыс өткізіп, бүгінгідей жағдай болмас үшін қатаң бақылау мен талдауға алуды тапсырған едік. Прокуратура нақты, субъективті себептер мен адами фактордың бар-жоғын анықтауды межеге алады. Қазіргі уақытта ТЖ болған аудандарда тексеру жүргізудеміз, – деді облыс прокуроры Құсайын Игембаев.

Сондай-ақ, кешелі бері Бесқарағай ауданында күшейтілген режим енгізілген. Су кіру қаупі бар 11 елді мекен белгілі. Олар: Старая крепость, Стеклянка, Глуховка, Бірлік және Белокаменка ауылдары. Аудандық әкімдік қызметкерлері үй-үйді аралап, эвакуация болған жағдайда жиналу орындары туралы хабар таратты. Тұрғындардың жекеменшік малына уақытша ықтасын беру үшін шаруа қожалықтары да қолұшын созып, көмекке келуде.

Азаматтық қорғаныс пен ТЖ қызметтері әкімдердің жетекшілігімен қауіпті аймақтарда жұмыс істеуде. Семейде арнайы комиссия құрылып, алғашқы асау толқынның салдарын есептеуде.

Жұма. 30 наурыз

ШҚО-ның 16 ауданы тасқын салдарымен күресуде. Су басқан елді мекендердің ішінде Өскемен, Семей, Аягөз және Шемонаиха сынды қалалар да бар. Кешегі тәулік ішінде апат салдарымен күреске Төтенше жағдайлар комитетінің жеке құрамынан 500 адам жұмылдырылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті тасқын салдарын жою жұмыстарына 116 техника, 54 су соратын құрал, 7 қайық қолданылғанын хабарлады. Департамент дерегіне сүйенсек, бүгінге дейін 897 үйден су қайтқан. Глубокое ауданында 22 үй, Шемонаиха ауданында 4 үй әлі су құрсауында тұр.


Катонқарағай ауданы

Соңғы екі тәулікте Катонқарағай ауданының 2 елді мекеніне су жайылған. Ақсу ауылында Бекалқа елді мекеніне апаратын жолдың суағарын су шайып, 2 үйдің ауласына кірсе, Барлық ауылында 10 үйдің ауласына су кірген. Аудан әкімдігінің хабарлауынша, бүлінген үй мен зардап шеккендер тіркелген жоқ.

Сенбі. 31 наурыз

31 наурызда 6 сағат бойы тынбай жауған жаңбыр Көкпекті ауданы, Самар ауылының үстіндегі Лайлы су бөгетінің деңгейін көтерген болатын. Нысан басындағы кезекші топ жағдайды дер кезінде байқап, сақтық үшін Самар ауылындағы 90-нан астам үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 20-сы мектеп-интернатты уақытша паналауда. Бүгінгі таңда дамбыдағы су деңгейі 1,5 метрге түсіп, қауіптің беті сейілгендей болды.

Наурыздың 10-ында басталған табиғаттың тосын мінезіне қарсы күрес шығыны Шығыс Қазақстанда 2 млрд. 205 млн теңгені құрады. Бұған тағы Семейде болған төтенше жағдай қосылды. Жалпы, бүгінде бұл шаһарда 300-ге тарта тұрғын және 500-ден аса бау бақша үйлерін су алған. ШҚО әкімі Даниал Ахметов тосын судан зардап шеккен семейліктердің тұрғын үйлерін аралап шықты.

Әуелі тікұшақпен апат аумағын айналып өткен аймақ басшысы Мирный шағын ауданындағы жағдаймен танысып, жұртшылыққа апаттың орын алу себебін түсіндірді.

– Су қайдан шықты? Шүлбі су қоймасынан ақырғы үш күннің ішінде секундына 1800 текше метрді құраған су келді. Анықталғандай, биыл өткен жылмен салыстырғанда наурыз бойы аталған су қоймадан жіберілетін судың мөлшері анағұрлым төмен болған. Су тола бастаған соң, нормадан үш есеге дейін артық көлемді құраған суды жіберген. Оның соңы Семейдегі төтенше жағдайға алып келді. Су ресурстары комитетінің басшысы қазір осында. Барлық әкімшілік шаралар қолданылуда. Бұл келеңсіздіктер кімнің ісіндегі салғырттықтың салдары екендігі анықталды. Осы мәселемен қазір прокуратура айналысуда, – деді Даниал Ахметов.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Кемежай, Затон аумақтарындағы қарғын судан зардап шеккен үйлерді тұрғындармен бірге 3 сағат бойы аралады. Әрбіріне жеке-жеке шығын өтеліп, үйдің жөнделетіндігін жете түсіндірді. Тілсіз жаудың өтінде қалған Краевая көшесі 38Б үйдің иесі № 18-мектеп мұғалімі Медет Токтаровтың құрылысы толық аяқталмаған баспанасына берілер матариалдық көмекке күдігі бар еді. Бірақ, облыс әкімімен кездескеннен кейін бар уайымым сейілді деп отыр.

– Облыс әкімі барлық жөндеу жұмысын мемлекет қаржысы есебінен жасап береміз деді. Көз алдымда арнайы тапсырма берді. Көңілім орнына түсті, – деген ұстаз өз ризашылығын білдірді.

Десе де, кей тұрғындар баспаналарын тазалау ісіне асығар емес, оған себеп бағалаушылар келмей еш нәрсеге тиіспеу керек деген алып-қашпа сөз. Бұның рас-өтірігін сұраған осы көшедегі 55-ші үйдің тұрғыны, үш баланың анасы Бақытгүл Ертаеваға облыс әкімі комиссияның шығынды бағалау жүйесіне оның еш қатысы жоқ екенін айтты.

– Үйді тазалауды бастаңыздар. Комиссия келмей үйге кірмеу керек деген бос сөзді қою керек, – деді Даниал Ахметов қала әкіміне. – Әр үйді жөндеуге сөз береміз. Шыққан шығынды толық өтейміз. Бүгіннен бастап комиссия үйді-үйді аралап жүр. Оларға бүлінген барлық дүние-мүлік тізімін, басқа да шығындарды жеткізу керексіздер. Мен бірер күнде қалаға тағы да келемін.

Осылай әр тұрғынның өтінішіне құлақ асқан аймақ басшысы әкімдік алдында галстук тағып өзін күтіп тұрған депутаттарға белсенді болу керектігін айтты. Расымен, әкіммен бірге халық арасында бұл күні тек бір ғана депутат – Әсемхан Досқұжанов жүрді. Ол Сәтпаев көшесіндегі терезелері сынған үйлерді қалпына келтіру, оған қоса, су басқан үйлерге жөндеу жүргізу жұмыстарын өз міндетіне алды. «Халық қалаулылары бірінші кезекте халықпен бірге болулары керек» деген Даниал Ахметов Семей қаласының әкімі Ермак Салимовқа қоғаммен бірге етене жұмыс істеуді тапсырды.

Жексенбі. 1 сәуір

Семейде зардап шеккен үйлерге отын-су, киім-кешек, азық-түлік жеткізу жұмыстары басталды. Бұл шараларға жалпы шығынды өтеу үшін қаланың төтенше жағдай қорындағы қаржы мен облыс әкімі бөлген 70 млн теңге жұмсалды.


Даниал Ахметов Семей қаласындағы апат аумағын тікұшақпен барлауда

Су тасқынынан зардап шеккен көшелер мен аулаларды құрғату қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы күні Семей қаласына өзге өңірлерден арнайы техникалар көмекке келді. Баспаналарын су алған тұрғындарға қолұшын созу үшін Өскемен және Павлодар облысынан арнайы 19 техника мен 10-нан аса адам жұмылдырылған. 50 тұрғын үй мен 21 аула әлі де су астында. Алдағы 2 күнде баспаналар мен аулалардағы суды сору жұмыстары толық аяқталмақ.

– Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша өзге өңірлерден көмекке техникалар келді. Қазір жұмыс жасап жатыр. Атап айтсақ, 2 тікұшақ, 15 су сорғыш құрал Өскеменнен, 2 АЭС машина Павлодар облысынан келді – деді қалалық азаматтық қорғаныс жедел-штабы ақпараттық қызметінің өкілі Мейіржан Амангелдиев.

Дүйсенбі. 2 сәуір

Зырян ауданында төтенше жағдай жарияланды. Мұнда өзендегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан 300 үйді және 160 ауланы су алған. 1 сәуір күні Бұқтырма өзеніндегі жағдайды бақылау үшін облыстық әкімдіктің әуе жасағы мен «Қазавиақұтқару» базасының үш тікұшағы шолу жасады. Олардың бірінде ШҚО әкімі мен облыстық департамент басшысы Нұрлан Мадьяров болды.


Зырян ауданы

Сейсенбі. 3 сәуір

Су тасқынынан зардап шеккен Глубокое, Шемонаиха, Қатонқарағай аудандарында қазір жағдай тұрақталып келеді. Қазір 1914 тұрғын баспаналарына оралған. Наурыз айының басынан бері Шығыс Қазақстан облысында 1371 үйді су басты. Ал бүгінгі күні Зырян ауданында 308 үй Бұқтырма өзеніндегі су деңгейі 1,5 метрге көтерілуіне байланысты су астында қалып отыр. Бір ай бойы өңірден 3 мыңға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.

Алдын ала мәлімет бойынша, сараптама жүргізілген 83 үй қайта қалпына келтіруге жарамайды. Атап айтқанда, Өскеменде – 7, Аягөзде – 35, Глубокое ауданында – 21, Шемонаиха ауданында – 16, Қатонқарағай аудандарында – 4 үй. Бүгінгі күні баспаналарды қалпына келтіру жұмыстарына 195 миллион теңге бөлінді. (Аягөз ауданына – 80 миллион, Шемонаихаға – 40 миллион, Глубокое ауданына – 75 миллион теңге). Сондай-ақ «Парыз» облыстық қоғамдық қоры арқылы тұрғын үйді сатып алуға және көмекке 150 млн. теңге бөлінген. Және аудандарда да зардап шеккендерге ақша жинау үшін арнайы есепшоттар ашылды. Мысалы, «Шемонаиха Болашақ», «Зырян - біздің қала», «Даму», «Аягөз Болашақ», «Асыл» қоғамдық қорлары. Материалдық және қаржылық көмек Астана, Павлодар, Алматы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келеді. Су тасқынының салдарын жою кезінде Шығыс Қазақстан облысы ТЖД-ның 407 техникасы мен мамандары тартылды. Сондай-ақ, көмекке Ұлттық Ұлан сарбаздары, әкімдік, коммуналдық қызметтердің қызметкерлері тартылды.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Фотосуреттер ШҚО әкімі баспасөз қызметінен және ШҚО ТЖД-дан алынды

Семейдегі су тасқынына байланысты қоғамдық өкілдері мен ардагерлер кеңесінің

Үндеуі

«Халқымыз қай заманда да қабырғасы қайыспай қиындық пен ауыртпашылықты бірге көтеріп, жеңе білген. Қолдауды қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды. Қайырымдылық - халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Сондықтан, қиын жағдайға ұшыраған жерлестерімізді жан жақты қолдап, ынтымағы берік, бірлігі жарасқан ел екенімізді көрсетіп, қолдау көрсетейік. Барлықтарыңызды осынау игілікті шарадан қалыс қалмай, азаматтық ұстанымдарыңызды білдіріп, барынша қолдау көрсетуге шақырамыз.

Шоттың реквизиттері:

«Асыл» ҮЕҰ
БСН: 051240009478
Есепшот: KZ699650000031221610
«Forte Bank» АҚ