Жарма ауданы Қалбатау ауылының тұрғындары темір-терсек ұрлау жиілеп кеткендігіне наразы

902
көрілім
Шартты фотосурет

Қазақта «Батырдан – барымташы – барымташыдан – ұры – ұрыдан – қары – қарыдан – бәрі шығады» деген мәтел сөз қазіргі уақытта жиі қолданылмаса да, мақсатты түрде жасалған бұрыс әрекет дәл осы сөзді айтқызбай қоймайды. Жарма ауданының орталығында белгісіз біреулер аулаға дейін кіріп, темір-терсек ұрлауды әдетке айналдырған көрінеді. Сайт редакциясына қоңырау шалған тұрақты оқырмандарымыз осыны айтып, тәртіп сақшыларының іске барынша мұқият кірісулерін өтінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Балалар бассыздығы

Алайда өтініш қабылдау бөлек те, соны жедеғабыл жүзеге асыру бір бөлек. Аталған жайт осыдан 10-15 жыл бұрын көптеген аудандарда балалар мен жастардың «табыс көзіне» айналып, темір қабылдайтын орынға күніне бірнеше реттен баратындары жасырын емес. Бейресми деректер, бойынан айла артылмайтын әккілер бір темірдің өзін қайта ұрлап, қайта өткізгендерін де көрсетті. Қош, бұл өткеннің еншісінде. Қалбатау ауылының тұрғыны Мадина Жұмағалидың сөзінше, өзінің дене бітіміне сәйкес емес, зілдей ауыр темірді балалар мен жасөспірімдер қас-қағым сәтте қолды қылуға әдетке айналдырған.

– Дұрысы, темір қабылдайтындардың жұмысына қандай да бір шектеу енгізу қажет. Тіпті аулама да түсті. Соншалық зілдей затты шынашақтай балалардың ұрлап кетулері санаға сыймайды. Кейбірі көршімнің балалары, арасында жағдайы төмен отбасынан шыққандары бар. Үш-төрт адам бірлесе көтеретін зілдей темір ұрлығын 13 жастағы жасөсіпірім өз мойнына алған екен. Бәлкім, оларды осыған мәжбүрлейтін біреу бар шығар? – дейді ол.

Осы тұсқа келгенде аудандағы құзырлы мекеме өкілдерінің жауабын ұсынуды жөн көрдік. Әйткенмен олар осы уақытқа дейін темір-терсік ұрлау фактісі тіркелмегендігін, оларды қабылдайтын орындардың тіркеуден өткендігін жеткізді. Айтуларынша, қазіргі уақытта Қалбатау бойынша темір-терсек қабылдайтын төрт орын бар. Барлығы Мемлекеттік кірістер бөлімі арқылы тіркеліп, тиісті лицензияларын алған. Осыған байланысты биыл бірде-бір ұрлық жағдайы тіркелмеген екен.

Жаза басса жауапкершілікке тартылады

Сонда көршісіне келгенде аяқасты жауар бұлттай түнеріп, табыс табамын деп жанталасқан кімдер? Жоқ әлде өзгенің затын жымқырып, араларынан ала мысық өтулеріне себепкер болған жастар мен ересектер ме екен?

– Қалбатау ауылында балалардың темір ұрлап, үй ауласына түсу фактісі тіркелмеді. Қазіргі уақытта аталған қылмысты ашу бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Темір ұрлығына қатысты кез келген қылмыс хақында аудан орталығындағы темір қабылдайтын пункттер тұрақты түрде тексеріліп, іздестіру жұмыстары жүргізілуде, – деді аудан әкімінің орынбасары Талғат Мұратов.

Егер осы уақытқа дейін белгісіз біреулер беттің арын белге буып, балалар мен жасөспірімдерге салмағы түрліше, кейде 70-100 келіге дейін тартатын темірді ұрлатып, сатуға үгіттеген болса, залалы төрт тарапқа да тимек. Айталық, ұрланған заттың иесі, соны жымқырған жасөсіпірім, оларды айдап салатын өздері, қала берді, учаскелік полицейлерге де мұндай іздестіру жұмыстары қылдан май суырғандай қиындық туғызатындығы анық.

Белгілі болғандай, жауапты тұлғалар темір қабылдайтындардың басын қосып түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Егер әлдекім ұрлық үстінде қолға түссе, жасаған әрекеттері мен келтірген шығын мөлшеріне орай ҚР Қылмыстық Кодексінің баптарына сәйкес жауапкершілікке тартылмақ.

Әділхан ЕСІМХАНОВ