Жазықсыз түрмеге қамалған өскемендіктің пайдасына 2 млн теңге өндірілмек

353
көрілім

Түрі фотороботтағы суретке ұқсағаны үшін түрмеге қамалып, ақылынан адаса жаздаған Ақылбек Қаржыбаев сотты жеңіп шықты. 3 айын түрмеде өткізген оның пайдасына 2 млн теңге материалдық өтем және 1 млн теңге моральдық залал өтдірілмек.

Газетіміздің 2019 жылғы сәуір айының 4-і күні жарық көрген санында «Түрі ұқсайды деп түрмеге қамалған» атты мақала жарияланған болатын. Біз онда Өскемен қаласының тұрғыны Ақылбек Қаржыбаевқа тапа-тал түсте үйінің ауласында полиция қызметкерлері қырғидай тиіп, жазықсыз абақтыға қамағандығын жазған едік. Тәртіп сақшыларының сондағы қалқан еткен сөздері – «Фотороботтағы суретке ұқсайсыз» болды. Ақылбектің айтуынша, қылмыскерді тез анықтап, істі жабуды мақсат еткен құқық қорғау органы қызметкерлерінің кесірінен жанұясы 4 миллион теңгеден астам шығынға батқан. Алайда оларда 2 700 000 теңгенің түбіртегі ғана сақталыпты.  

– Несиелерімнің төлеу мерзімі өткендіктен берешегім көбейіп, 3 айлық еңбекақыдан айырылып, қарызға белшеден баттым. Адвокаттардың өзіне ғана 2 миллион теңгеден көп ақша жұмсалды. Сотқа арыз бергенімде моральдық шығын ретінде 10 млн теңге талап еткен болатынмын. Шынымды айтсам, жоқ дегенде 3 млн өтейтін шығар деп ойладым. Алайда ол да жоқ. Сот тек 500 мың теңге өндіру жайлы шешім шығарды. Бұл үкіммен келіспей апелляциялық шағым түсірдім. Соның нәтижесінде бұл сома 1 млн теңгеге өсті. Ал материалдық шығынды сот тек 2 млн теңгеге бағалады, – дейді Ақылбек Қаржыбаев.

Енді алдағы уақытта бұл материалдық залал ҚР Қаржы министрлігінен өндірілмек. Алайда оның нақты қай күні берілетіндігі әзірге белгісіз.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ