Жерлесіміз Серікқазы Бекбосынов ҰОС жылдарында Свирь өзенінен алғаш жүзіп өткен жауынгердің бірі

1386
көрілім
Фотосуреттер ШҚО Мемлекеттік архив құжаттарынан алынды

1944 жылдың қаңтар айында қасап қырғынның көкесін көрсеткен неміс әскері Ленинградтан шегіне бастаған соң финдер тарапы абдырап, қарқын ала түскен айбынды кеңес әскерінен қаймыға бастаған-тұғын. Ладога өзені мен Финляндия бұғазы аралығындағы құрлыққа скандинавиялық әскерлер шоғырланған. Ал ені 400 метрге жуық Свирь өзенінен өтіп, соларға бұрын жету үшін жүрегінің түгі бар, сайдың тасындай іріктелген жауынгерлер қажет болды. Әлбетте, бұл межеден мінсіз өткендердің бірі Абай ауданының тумасы Серікқазы Бекбосынов еді. Ол туралы талай мәрте жазылғанмен сайт тілшісі мемлекеттік архив деректеріне үңіліп, аудан әкімдіктеріне ресми сұраухат жіберіп, қолда бар ақпаратты толықтырып қайтқан болатын.

Жау жаңылысқан сәт

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қай майдан шебіндегі айқас түбегейлі бетбұрыс жасауға себепкер болды десеңіздер, көпшілігі ойланбастан Мәскеу, Сталинград, Курск түбіндегі сұрапыл айқастарды сөз етеді. Бұл шүбәсіз. Тек кейбір майдан даласында жарқын жеңістің бастауы саналған сәттерді де сол тізімге қосса, беймезгіл уақытта баса-көктеп кірген неміс басқыншыларымен болған ұрысты көз алдыңа басқа тұрғыдан әкелетіндей. Соның бірі Свирь өзенінен жедел жүзіп өту. Неге дәл Свирь өзені? Себебі ара-тұра неміс-фин әскері тізе қосып, қысымды арттырған сәтте біршама күш алып, айтарлықтай қауіп төндіре түскен-тұғын. Финляндия басшысы, фельдмаршал Густав Маннергеймнің бұйрығымен 41-ші жылдан бастап Ладога мен Онега көлдерінің арасында терең эшелондалған бекініс жүйесінің құрылысы басталып, 44-ші жылға дейін жалғасты. Финдердің алғашқы қорғаныс жолағы Свирь жағалауының солтүстігінде орын тепкен-тұғын. Оған қоса, қызыләскерлердің тағы бір қауіп күтер түсі Лапландиядағы Гитлердің қалың қолы. Осы мезетте Жоғарғы қолбасшылық тосын шабуыл ұйымдастыруға пәрмен беріп, 1944 жылғы маусым айының 21-і күні Кеңес Одағының Маршалы Кирилл Мерецков «Свирь-Петрозавод» операциясын бастайды.

Күндізгі сағат 11:00-лер шамасында Свирьдің сол жағалауынан жүздеген қайық қозғала бастағанда иін тірестіре отырған солдаттар сойқан соғыс көрсетеміз деп сары майдай сақтаған фин қару-жарағы атқылауының астында қалды. Ал шын мәнісінде… қайықта отырған сарбаздар емес, қалың матадан тігілген адам макеттері болатын! Қолдарында «автомат», белдерінде «гранат», «каскалары» тақтайдан жасалған. Мұндай әдіс алдын ала барлау жасағанның өзінде анықтау мүмкін болмаған фин сарбаздарының атыс нүктелері қайда екенін білу үшін арнайы әзірленді.

Сарбаздар салып берген жол

ШҚО Мемлекеттік архивінің құжаттарында дәл осы өзеннен жедел жүзіп өткендердің қатарында Абай ауданының тумасы, кейін Ұлан ауданы Жоғарғы Тайынты ауылында ғұмыр кешкен жерлесіміз Серікқазы Бекбосынов жайлы мәліметтер табылды. Полк командирі Свирьді бағындырып, жау шебіне жету үшін 12 ерікті қажет екендігін жеткізгенде алғашқылардың бірі болып сұранғандарлың бірі осы Серікқазы Рысқанұлы еді. Былайша айтқанда, ажал аранына өз аяғымен баруға ниет танытты.

– 12 ерікті-сарбаз қатарында Бекбосынов та болды. Операцияны бастауға жарты сағат қалғанда жігіттер адам макеттері отырғызылған алты салды суға жіберіп, жүзе отырып соңынан итерді. Қарсы тарап артиллериялық-миномет пен пулеметтен атқылап, «алдамшы әскерді» жер жастандыруға асықты. Екі сал жауған оқтан қирап, бұзылса, қалғаны өзеннен шығынсыз өтті. Сарбаздар біртіндеп орнығып, фашистердің жеті мәрте жасаған соққысын тойтара білді. Қарсыластың атыс нүктелерінің анықталуы тұтас бір дивизияға жол салып, артилериялық-минометтік атқылауға мүмкіндік берді, – делінген құжатта.

Көкірек кернеген кек

Осындай ерен ерліктен соң арада ай өткенде КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығына сәйкес 12 жауынгер тегіс Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды! Өзі жайлы жазылған очеркте жерлесіміз полк командиріне Свирьден жүзіп өту үшін алғаш болып сұрануының себебін былай деген:

– Менің екі ағам – Олжақан мен Мырзақан Мәскеу үшін шайқаста қаза тапқан еді. Зұлым жаудан солардың кегін алу үшін майданға өзім тіленіп келдім. Енді мен тек екі туысым ғана емес, құрбан болған барша боздақтардың, фашистік концлагерьде тұтқында жатқан бауырластардың кегін алуға бекіндім. Осы жауапты тапсырманы орындауды маған да жүктесеңіздер екен! – деген.

Айтпақшы, жасы әлі жиырмаға да жетпеген жерлесіміз суға жүзуден екінші разряд нормасын орындап үлгерген-тұғын. Мұны Шемонаиха аудандық комсомол комитетіне өтініш тапсырған кезінде айтқан.

Полк командирі полковник Данилов жерлесіміздің «Личное делосындағы» «Қазақ, 1925 жылы туған. ВЛКСМ мүшесі, майданға өз еркімен барған» деген мәліметтерін есепке алып, ақыр соңында десантшылар батальонына қабылдаған. Соғыста дұшпанның үрейін алатын да десантшылар. Демек от пен оқтың астында жүретін осы жауынгерлер еді…Сөйтіп 19-дағы өр мінезді жігіт әп сәтте 99-шы әуе десанттық, гвардия дивизиясының 300-ші атқыштар полкіне қарасты 2-ші батальон қатарын толықтырды. Тарихи деректерде Карелия жері сол кезге дейін терісі бағалы аңдар есебі қисапсыз, күзен атаулы көптеп мекендейтін нулы жер деп жазылса, үш жыл ішінде берекесі қашып, өзен-көлдерден тұнық су емес, қан аққан қатерлі орынға айналыпты.

«Бұйрығыңыз орындалды!»

Жаз айы болса да тереңдігі 5-7 метрге жететін Свирь өзені біршама суық, ал жүзе алмайтын сарбаздар үшін орындалуы мүмкін емес тапсырма еді. Дегенмен топ командирі Владимир Немчиков бастаған сарбаздар арғы жағаға өтіп, плацдармды алып үлгерді. Осы кезде арттан жүгіре жеткен капитан Матохин:

– Бекбосынов! Тірімісің! Бармысың! – деген қуанышын жасыра алмады. Жерлесіміз болса бойынан әл-қуат кеткеннің өзінде:

– Жолдас капитан, бұйрығыңыз орындалды! – деп командиріне тапсырманың соңына дейін жеткізілгендігін баяндап бақты. Бұдан әрі соңдарында келе жатқан тұтас дивизияны көрген он екі сарбаз лезде рухтанып алды. Жауға жақындаған сайын сұстанып, сұрланып барады. Шоқтай жанған жанарлары жай оғындай жалын атып, қуатты әскер жасырынған жаудың жан алқымынан алды.

Серікқазы Бекбосынов маусым айының 23-і күні ауыр жараланды. Шайқас барысында контузия (Мұхаметқан Имашев жазған очеркте) алған жауынгер Олонец майданындағы далалық госпитальға жеткізілді. Кеңес Одағының Батыры атағын алғанын кешкісін хал-жағдайын сұрауға келген капитан Матохиннен естиді.

Алайда Мемлекеттік архив құжаттарында контузия алғаны расталмаған екен. Полковник Данилов ұсынған марапаттау парағында қандай да бір жарақат алмағаны, қызыл әскер қатарына 43-ші жылдың қаңтар айында қабылданғаны, фин тұрған жағаға жеткен соң автоматынан қалың әскерге оқ жаудырғаны ап-анық жазылған. Тағы бір назар аударар жайт, Кеңес Одағы Батырының туған жеріне қатысты бірізділіктің болмауы, әр жерде әрқалай берілгенін байқадық. Бір деректе Қзыл-Орда, Абай ауданы әкімдігіне жіберген сұраухат жауабында Орда тауының бөктеріндегі Архат ауылы, Өскемендегі қос архивте Сорнят, Серкат деп жазылған. Батырдың қызы Ләйлә Бекбосыновамен жолығып, осы жағын нақтылап, естелігін тыңдап көрген едік.

– Әкем 1977-ші жылы өмірден озды. Мен ол кезде 7-ші сыныпта оқимын. Қолына қалам алса бірыңғай арабша жазып, парақ бетіне түсірген естеліктерін, ой-толғаныстарын көпшілігі түсінбей жататын. Жанұяда үлкенімін. Бауырым Нұрсерік Жоғарғы Тайынты ауылында, сіңілім Кәмшат Кореяда тұрады. Қазіргі уақытта Жоғарғы Тайынтыдағы кеудемүсіннің опырылған жерлерін қалыпқа келтірмек ойдамыз. Өзі Абай ауданының Қарауыл ауылында туған, – деді әкесінің тұңғышы.

Қандай құрмет көрсетілді?

Кеудемүсін демекші, өңірде қазақ жауынгерлерінен ұзын-саны 12 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алса, бюст тұрмақ, көше, мектеп атын берсе де еш әбестік емес. Қайта бұл неміс басқыншылары төндірген берекесіз бүліншілік пен пен дүрбелең-дүрмекке толы беймаза тірлікті біржола басуға сүбелі үлес қосқан боздақтарға көрсетілер сый-құрметтің бір бөлігі болуға тиіс пе дерсің?! Көңіл көзімен сараласа, сөз етіп отырған облыс орталығындағы көшелердің біріне Серікқазы Бекбосыновтың есімін берсе де еш сөкеттігі жоқ. Жалпы, жау жаудырған оқтан жасқанбай, соғыс қимылдарын сауатты орындаған жауынгерге туған жері Абай ауданы мен Ұлан өңірінде қандай құрмет көрсетілуде? Аудан әкімдіктері де ізін суытпай, жіберген хатымызға уақтылы жауап берді. Айтпақшы, архив деректерінде кейіпкеріміз қан майданнан оралған соң Таврия ауданындағы Калинин атындағы кеңшарда шопан болып жұмыс істегені жазылған.

Ұлан ауданы әкімдігінің мәліметінше, Жоғарғы Тайынты ауылы мен аудан орталығындағы қос көшеге жерлесіміздің есімі берілсе, 2015 жылы Қасым Қайсенов кентіндегі Батырлар аллеясына Серікқазы Рысқанұлының құрметіне бюст орнатылған. Ал Абай ауданы әкімінің орынбасары Мейржан Смағұлов ресми мәлімет қана емес, жерлесіміздің өмір жолынан да үзінді келтіріпті.

– Отызыншы жылдары Серікқазы Бекбосыновтың ата-анасы Шемонаиха ауданына қоныс аударған. Ұлы Отан соғысы басталған кезде өзін майданға жіберу жөнінде аудандық комсомол комитетіне бірнеше рет арыз бергенімен, өтініші 1943 жылы жасы он сегізге толғанда ғана қанағаттандырылды. Қарттықтың ауылына жеткенше, яғни 1977 жылға дейін Шемонаиха, Ұлан, Таврия, Жарма аудандарында жылқышы болды деген деректер бар, – деді ол.

Өңірге есімдері белгілі, Зәкәрия Белібаев, Жанғазы Молдағалиев, Баян Байғожина және Серікқазы Бекбосынов сынды Кеңес Одағының Батырларына бюст-ескерткіштер орнатылған екен Абай ауданында. Ал Свирь өзенін жүзіп өтіп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен кейіпкерімізге көзі тірісінде мектеп, көше атауы берілмегенімен, қазіргі уақытта Қарауыл ауылында бір көше жаужүрек жерлесіміздің есімімен аталады.

***

Архив мәліметтерінде ерлігімен қос ауданның атын аспандатып, мәртебе сыйлаған Серікқазы Рсықанұлы құрметті атаққа ие болғандар арасында төртінші тізімде тұр. Әр жылдары тізім жаңартылып отырды. Мәселен, 1964 жылы «Рудный Алтай» газетінде 57 адам деп жазылса, арада бір-екі жыл өткенде бұл сан 62-ге, баспадан 2010-шы жылы жарық көрген фотоальбомда Кеңес Одағының Батыры атағын алған 109 жерлесіміздің есімі жазылған.

Мақала алапат соғыста ажал құшып, қан майданда жанқиярлықпен қаза тапқан жерлестеріміздің рухына арналады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ