Жеті жыл бойы Шемонаиха жұртын жауыр еткен жылу мәселесі шешілді

535
көрілім

Облыс әкімі Даниал Ахметов Шемонаиха ауданына жасаған жұмыс сапарында Усть-Таловка ауылындағы жылу қазандығының жайымен танысты. Айта кету керек, жылу беру нысаны тек аталмыш елді-мекенді емес, сонымен қатар аудан орталығы мен өндірістік ғимараттарды да қамтып отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Мұндағы жылу желілері 2009 жылдан бері жөні түзу жөндеу көрмеген еді. «Шығыс-Энерго» ЖШС қарамағына өткеннен кейін ғана жағдайы оңала бастады. Кәсіпорын өз қаражатына қазандыққа жөндеу жүргізіп, бір ғана жылумен қамту жолдарының 6 учаскесін жаңарту үшін 68 миллион теңге жұмсады.

– Шемонаихада жылдар бойы қордаланған мәселе шешімін тапты. Енді басқа да жағдайларға, мәселен жаңа тұрғын үй салу ісін қолға аламыз. Бұл ретте біз инженерлік инфрақұрылым желісін тартуға қаржы бөлеміз, сондай-ақ, бюджет саласында қызмет етіп жатқан мұғалімдер мен дәрігерлердің де пәтер алу жолдарын қарастырамыз, — деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Аймақ басшысы жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң, тұрғындар жазда да ыстық сумен қамтамасыз етілетіндігін жеткізді.