2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы жаңа мемлекеттік жәрдемақы алатын болады

367
көрілім

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандарының болжамы бойынша, 4 немесе одан көп баласы бар 340,3 мың отбасы көпбалалы болуына байланысты мемлекеттік жәрдемақыға үміткер бола алады. Айта кетерлігі, аталған жәрдемақы енгізілгеннен бастап Қазақстандағы көпбалалы отбасылар санының артуына байланысты алушылар саны да артуы мүмкін, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Жоғарыда аталған мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 500 теңге, 5 балаға – 53 125 теңге, 6 балаға – 63 750 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 375 теңге төленеді.

Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды, бұл 2018 жылдан бастап тағайындалмайтын осыған ұқсас жәрдемақыдан 4-7 есеге көп.

Айта кетерлігі, Қазақстанда бүгінде бала саны 7-ден асатын 3151 отбасы бар. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға жеке мемлекеттік жәрдемақы төленеді, олардың орташа мөлшері 16 160 теңгені құрайды. Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша оны 235 мыңға жуық адам алады. Бұл мемлекеттік жәрдемақының төленуі сақтала бермек.

«Ең басты принцип – мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі! Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке – көп балалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакет кіреді», – деді Біржан Нұрымбетов.

АӘК табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін болады. Ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ы тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады

Табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.