«Погондағы журналистің» бір күні немесе құқық бұзушыларды қалай тәртіпке шақыруға болады?

783
көрілім

«Ішуді доғардыңыз ба? Балаңыз сабаққа барып жүр ме? Көршілерден шағым түспей ме?» деген сауалдар учаскелік полицейдің санасында жиі сағым береді. Жұрт шырт ұйқыда жатқанда да, тапа-тал түсте де жалғасып жататын әкімшілік құқық бұзушылықтар тәртіп сақшыларына босаңсуға мұрша бермейді. Жуықта Өскемен қалалық полиция басқармасы ұйымдастырған «Погондағы журналист» жобасы аясында олардың жұмысын өз көзімізбен көрдік. Жасыратыны жоқ, көбі ащы судың алдыңғы шебінде жүріп, есірткіге есе жіберген жандар.

Өскемен қалалық полиция басқармасына қарасты Сол жағалау полиция бөліміне бұзушылықтың неше түрі бойынша шақыртулар түседі. Бір есептен, қазір «Учаске» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр. Біз де таңсәріден қызметтік куәлікке отырып, жергілікті полиция қызмет бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Руслан Сейтқазиновпен бірге жанжал болған үйлерді аралап шықтық. Дәл осы уақытта қара торы, сұңғақ полицей әкімшілік сотқа түскен арыздар бойынша материал апаруға қамданды. Қала көшелері әлдебір күңгірт кепке түскендей. Жаңбыр сілбілеп, сырттағы қарбалас пен кенеттен туындайтын ұрыс-керістің бәрі пәтерлерге еніп кеткен тәрізді. Біз тоқтаған бірінші пәтер Сәтпаев даңғылы, 30 мекенжайында. Бес қабатты үйлердің кетеуі кетпеген, тек толассыз жаңбырдан алды көлшікке айналған. Үшінші қабатында Александр Пашнин тұрады.

Есірік су десе есін жоғалтып, көзі жайнап шыға келеді. Қазір ол тіркеуде тұр. Бұған дейін ұрыс-керістің көкесін көрсетіп, Ирина Андреевнаның ығыры мен дығырын шығарған. Руслан Серікұлы сөз бастап, қал-жағдайын сұрады.

Ішуді доғардыңыз ба? Үйде бәрі дұрыс па?

– Бізде бәрі дұрыс қой (жымиып).

Ирина Андреевнадан шағым түсіп жатқан жоқ па?

– Түспеді.

Балалар қалай?

– Ұйықтап жатыр.

Келін қайда?

– Білсем ғой соны. Жатақханаларды жағалап жүрген шығар.

Осы кезде асүй жақтан «не боп қалды?» деп сұраған дауыс шықты.

Андреевна, қалдарыңыз қалай?

– Жақсы деуге келмес.

Неге?

– Келін жоқ, қыдырып жүр әлі.

Оны айтты, отағасы түзеліп келе ме?

– Ештеңе демейін, әзірге тіл-көзі тасқа. Ішпегеніне үш айдай болды ғой деймін.

– Балалар сабаққа барып жүр ме?

Әзірге барып жүр, апарып тұрамыз.

– А-а, бұл кім? Жаңа қызметкер ме? – деп маған көз қиығын тастады.

Таныстық тез орнады. Қысқасы, бұл пәтерді келесі аптадан бастан мен шолып тұрмақпын.

Тексеріс осымен тәмам. Негізі біз аралап шыққан аумақ көп ықшам аудандармен салыстырғанда тәртіпті сақтап бағады. Руслан Серікұлы осыны айтты да, «бөлімнен тағы бір шақырту түсті» деп қызметтік көлікке қарай жылдам басты.

Аталған мекенжайдағы жанұяда соңғы уақытта ыдыс-аяқ жиі сылдырлай бастапты. Сол себепті, Ирина Андреевна күнде теңселіп келетін күйеуін оқшаулауды сұрап, тәртіп сақшыларына арыз түсірген. Оны айықтырғышқа апарып, біраз уақыт сол жерде ұстады. Осы жолы барғанымызда былапыт сөзден тыйылып, «арақты татып алмадым деп» ағынан жарылды. Учаскелік полицейдің міндеті сол, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай «келіссөз жүргізу». Себебі, тіркеуде тұрған немесе аяқ асты бұзақылыққа басқан адамның бас амандығы соның мойнында.

Келесісі – Сәтпев 3, мекенжайы. Мұнда тұрмысы нашар отбасы ғұмыр кешіп жатыр. Тоғыз қабатты жатақхананың бесінші қабатына көтеріліп, соңынан санағанда екінші есікті қақтық. Кәдімгі бір жарым бөлмелі (полуторка) пәтер. Сергей Витальевич рауан таңнан ішімдік ішуді әдет қылған. Жұбайы Вероника Степанова еден жуып, ескі-құсқыны жинастырып әлек. Қонақ бөлмедегі төсектің астын иемденіп алған ақ ит арсалаңдап үруін тоқтатпады. Отағасы жұрт білмесін деп арағын минералды судың бөтелкесіне құйып алып жұтып отырды. Онысын әшкере қылдық. Әйтеуір «асүйдің батыры» ретінде әйеліне қол көтеруін тыйған. Осы үшін де Сол жағалау полиция бөлімінде тіркеуде тұр. Роман атты кәмелеттік жасқа толмаған ұлдары бар.

Күйеуіңіздің мінез-құлқы түзеліп келе ме? Айқай-шу тыйылды ма үйлеріңізде? – дедім.

– Біз ешқашан ұрсыспаймыз, көршілерімізден сұраңыз, – деді Вероника Степанова.

Ащы судың иісі қолқаны қапқаны болмаса, пәтерде бірқалыпты тірлік. Өкініштісі сол, ұлдары Роман бейсенбі күні сабаққа бармай қойыпты. Әке-шешесі «сөйлесеміз» деді де мен ұсынған хаттаманың «таныстық» деген жеріне қол қойды.

Үшінші барған жеріміз – Сәтпаев көшесі, 22/2 мекенжайы. Мұнда «тәжірибелі» нашақор тұрады. Қамал бұзар жастан асқан. Есімі – Кирилл. Есірткіге әуес адамға ұқсамайды. Тек бірнеше сұрақты төпелеп қойса, қабақ шытқандай болады. Бір кездері учаскелік полицейлерге «үйінде көкнәр қайнатады» деген шақырту түскен. Содан бері жағдайын сұрап тұру әдетке айналды. Ресми ақпарат көп шақырту отбасылық жанжал бойынша түсетіндігін көрсетті. Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексіне өзгертулер енгізіліпті. Бұрын әкімшілік іс тек арыз түскен жағдайда қозғалса, қазір жәбірленушінің арызы қажет емес.

– Бұл профилактика тұрғысынан тиімді. Осыған дейін кей әйелдер қысым көрсе, күйеулерінен қорыққандықтан арыз жазбайтын. Ал қазір отбасылық жанжал бойынша әрбір шақырту әкімшілік сотта қарастырылады. Сол үшін әйелдеріне зорлық-зомбылық көрсететін «үй тирандарына» профилактика өткізуге оңтайлы. Сонымен қатар, мұның алдында әкімшілік кодексте 15 тәулікке дейін қамау жазасы болса, қазір 15 тәулік деп бекітті, – деді Руслан Сейтқазинов.

«Үй тирандары» өз алдына, қазір аула мен подъездерде қаңтарулы тұрған балалар арбасы, самокат, велосипедтерді жымқыру жиіледі. Бұған алдымен сол заттың иесі кінәлі. Учаскелік полицейлерден бөлек, қалалық өрт сөндіру бөлімі де бірлесе шолуға шығып тұрады. Осындай жайттардан ара-тұра тілсіз жау өршитін көрінеді. Одан бөлек, хаттама жұмыстары қаптағанда «Әкімшілік өндірістің бірыңғай реестрі» ақпараттық жүйесі көмекке келеді. Өте тиімді. Бірнеше шақыртуды соның көмегімен біржақты еттік.

Жаңбыр да басылды. Әйтеуір көңіл көтеретін, музыка қосылып, ішімдік ішілетін орындарда демалушылар саны аз. Шақырту түскен еді, мекеме қожайыны жағдайдың тез реттелгенін айтты. Хош, енді тәуліктік кезекшілікке түскен учаскелік полицейдің «бес қаруына» тоқталайық. Алдымен «Макаров» тапаншасы беріледі. Кісен, көзді ашытатын баллон, газ тұтқыш, оқ өтпейтін кеудешемен қамтамасыз етіледі. Бәрін бірден алып шықпаса да, шақырту ыңғайына қарай қамданады. Айталық, жуықта ғана азаматтық қару иесі өз бетімен оқ атқан.

– Қуанышқа орай, ешкім зардап шекпеді. Бұзақыны қолға түсірдік, қазір ол қамауда. Осындай шақыртуларға оқ өтпейтін кеудеше мен каска киіп барамыз. Жоғарыда айтылған заттар түрлі жайттарды ескере отырып, беріледі, – деді учаскелік полиция инспекторы.

Кешкісін бөлімге тұрғындар келіп, әр бағытты қамтыған мәселелері мен жеке сұрақтарын қойды. Біреуі жол бойында люк ашылып қалғанын, біреуі пәтер иелерінің кооперативі сылбыр жұмыс істейтінін айтса, біріне кәрі ағаштың құлағалы тұрғаны ұнамайды. Осының бәрін сараптап, тиісті бөлімдер мен соттарға ресми хат жібердік. Анығы сол, бірде-бір өтініш жауапсыз қалмайды.

Учаскелік полицейлер қарбалас жұмысқа әбден үйреніскен. Заңнама тұрғысынан сауатты болу былай тұрсын, кейбір миға қонымсыз сауалдарға да жауап іздеп кетеді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ