«Бақытты отбасы»: 2% ипотека қанша адамға беріледі

338
көрілім

Барлық баспана бағдарламаларын біріктіріп, бірыңғай түсінікті тұрғын үй саясатына айналдыру қажет. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

- Екінші жартыжылдықта жоспарлық көрсеткішті (баспана салу бойынша – ред.) қуып жетесіздер деп үміттенемін. Жалпы үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр, бірақ баспана қолжетімдігі мәселесі соңына дейін шешілмеді. 2012 жылы кезекте тұрғандар саны 487,8 мыңға дейін 2 еседен астам көбейген. Кезек үнемі өсіп келеді. Сондықтан, ҚР Тұңғыш Президенті 2% баспана қарызы механизмі бар «Бақытты отбасы» бағдарламасын ұсынды. Бұл жақсы бағдарлама, бірнеше айдан бері жұмыс істеп келеді. Оның нәтижесі қандай? – деп сұрады Президент ҚР ИНдустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдан.

Министр жыл соңына дейін жоспар бойынша 13 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілетінін айтты.

- Біз бұл жоспарды орындаймыз. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 400 мың шаршы метрге қалып қоюымыз мүмкін, бірақ белсенді жұмыс істейтін боламыз. «Бақытты отбасына» қатысты 2 айда барлық ережені жасадық, 1 шілдеде өтінім қабылдауды бастадық және бүгін төлемдер басталды. 6 000 несие биыл беріледі, - деді Роман Скляр.

Өз кезегінде Президент барлық баспана бағдарламаларын біріктіруді ұсынды.

- Барлық тұрғын үй бағдарламаларын бірыңғай түсінікті баспана саясатына шоғырландыру қажет. Биылғы қыркүйектің 1-іне дейін бұл мәселе бойынша ұсынымдар енгізуді тапсырамын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.