Биылғы қуаңшылық ШҚО-да алынатын өнім көлеміне қалай әсер етпек?

692
көрілім
Шартты фотосурет

Жаймашуақ жаздың тең жартысы аңқаны кептірер аңызақпен өтті. Дүркін-дүркін жаңбыр жауғанымен бірқатар аудандарды қуаңшылық жайлап үлгерді. Топырақта ылғал болмауына байланысты далада егін, тіпті қаталаған төрт түліктің де қырылған жайттары тіркелді. Төбеден себелер ақ жаңбыр, я болмаса қабат бұлттан құйылар нөсер жауын болсын, жәрдемге келмесе өңірдегі талай шаруагер шығынға ұшырауы ғажап емес. Бұдан бөлек, өнімнің жылдағыдан төмен болуы күзге қарай азық-түлік бағасының одан әрі шарықтауына әсер етпесе игі. Осы тұрғыдағы ахуал қандай, сайт тілшісі сұрастырып, анықтап көрген еді.

«Ыстық ың-дымызды шығарды»

Республикалық бұқаралық ақпарат құралдары тіптен, «аһ» ұрарлық деректер мен мысалдар келтіруде. Айтуларынша, республикадағы бірқатар өңірлерде бұған дейін болмаған аңызақ байқалыпты. Әсіресе, Батыс Қазақстан мен оңтүстік өңір. Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында ауа темпаратурасы да біркелкі әрі кемі бір айдан астам уақыттай аумағына тамшы да тимеген. Күннің соққысына өсімдік атаулыдан бөлек, жайылған мал да ұшырады. Әбден діңкелеп, көтерем болған төрт түлік сайын дала төсінде қырылды. Соңғы санақтарға сенсек, табиғи апат салдарынан шаруагерлер 1000-нан астам малынан айырылған. Осыған байланысты жемшөп бағасы да күрт қымбаттады. Аман алып қалу мақсатында шарасыз фермерлер, яғни қожалық иелері малға «бөрттірілген» картон қағаз беруге мәжбүр болуда.

Қандай аудандар мен қай шаруа қожалықтарының күрделі жағдайға тап болғандығы жайында Президентке ақпар жетіп, Үкімет бұл жағын бақылауға алғандай. Кезекті жиындардың бірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылық министрін де жұмыстан шығарды.

– Шаруагерлердің амалы таусылып, қолдарында дәрмен қалмағанда маған тікелей жүгінулеріне тура келді. Әлбетте, жағдайдың шатқаяқтап кеткені рас, ауа райының тосын мінезіне шыдас беру мүмкін емес. Мұндайда жан-жақты сараланған шешім қабылдап, қандай да бір шара қолданған жөн. Министрлік қысылтаяң сәтте міндетін атқара алмады, сол себепті де Сапархан Омаровты орнынан босаттым, – деді Президент.

Бұл уақытта ауыл шаруашылығының басы-қасында жүргендер дауыл алдындағы дабыл қағып, егіннің селдір шығуына байланысты қандай да бір қымбатшылық байқалатынын жұмбақтап болса да жеткізуде. Яғни фермерлер жылдағы межеден аз өнім алса, онда ауылшаруашылық өнімдері бағасының өсуі әбден ықтимал.

Секемденуге не себеп?

Сонда қай тұрғыда қымбаттау күтіледі және ауа райы қолайсыздығының қандай кері әсері болуы мүмкін екендігін анықтау үшін газет тілшісі салалық ведомство өкілдеріне сұраухат жіберген еді.

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар «Қазгидромет» РМК мәліметінше, шілде айының екінші және үшінші онкүндігінде жауын болу ықтималдығы нормаға жетіпті. Демек ол жақтағылар шілде аяқталғанша бірқатар аудандарда ауа райы жаңбырлы болады деп болжаған. Алайда құр болжамның құрып бара жатқаны талай шаруагердің көз алдында байқалып-ақ тұр. Соның ішінде Риддер қаласы маңында ылғалды аумақтар былтырғымен үндес, ал дәл осындай мөлшердегі құрғақшылық Үржар ауданында байқалған.

Жалпы облыс аумағындағы ауа райының құбылмалылығы жылдағы нормаға сәйкес деген мәлімет ұсынылды.

Осылайша, ауа райының мөлшерден тыс ыстықтығы азық-түлік бағасының қымбаттауына айтарлықтай себеп болды деуге келмес, өйткені егін егілген өңірлерде қатты қуаңшылық байқалмады, – деп қорытындылады ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар.

Ведомство дерегіне сүйенсек, күн райының қолайлы болуына қарай өңірде:

дәнді дақылдар (жүгеріні қоспағанда) – 765,9 мың тонна;

майлы дақылдар – 670 мың тонна;

картоп – 450,1 мың тонна;

бақша дақылы – 156,2 мың тонна;

астықтық жүгері – 13,5 мың тонна;

басқа көкөністер – 265,6 мың тонна өнім жинау жоспарланған.

 

Облыстық Ауыл шаруашылық басқармасындағылардың мәліметінше, жемшөп тапшылығы байқалмайды.

– Қала, аудан әкімдіктерінің алдын ала дерегіне сәйкес шілде айының 16-сы күнгі ақпаратқа зер салсақ, өңірде 228 мың тонна шөп (жоспардың 9,2 пайызы), пішенд – 27,2 мың тонна (жоспардың 22 пайызы), сүрлем – алты мың тонна (жоспардың екі пайызы). Бұдан бөлек, аймақта өткен жылдан бері 90,1 мың тонна шөп пен 0,1 мың тонна сүрлем қалған, – делінген басқарма таратқан мәліметте.

Қазіргі уақытта басқарма өкілдерінің айтуынша, барлық аудандарда жемшөп әзірлеу бойынша туындаған сауалдарды талқылау мақсатында жедел штаб құрылған.

Ауылдық округ әкімдіктері мен мал азығын дайындаушылар жеке қосалқы шаруашылықтардағы баға қолжетімділігін ұйымдастыру жайлы меморандумға қол қойған. Меморандум жасасу жемшөп дайындаунауқаны аяқталғанға дейін жалғасады, – деп жазылды ведомствода.

ШҚО Ауыл шаруашылық басқармасындағылар осы уақытқа дейін көтерем болған немесе қуаңшылық салдарынан мал қырылу фактілері тіркелмегендігін жеткізді.

Қашан қамтамасыз етеді?

Ауылшаруашылық өнімдері бағасының қымбаттау ықтималдығы жайлы қойған сауалдарымызға облыстық кәсіпкерлік басқармасындағылар жергілікті ауылшаруашылық басқармасына сұраухатты қайта жіберу арқылы жауап берді. Алайда ақпаратты молынан тауып береміз дегеннің өзінде мардымды ешнәрсе ұсынбады. Айтуларынша, баға тұрақтылығын сақтап, оның өсу сынды болжам ұсыну міндетті құзырларына кірмейді.

Дей тұрғанмен өздері тізбектеп өткен ауылшаруашылық өнімдерінің әлеуметтік маңызы бар 19 атауының 13 түрімен облыс қамтамасыз етпек.

Олар: бірінші сортты ұн өнімдері (нан, кеспе, қарақұмық жармасы, сиыр мен тауық еті, күнбағыс майы, сүт, айран, ірімшік, сары май, картоп және сәбіз).

Ал жұмыртқа, қырыққабат және пияз өнімдері облыс тарапынан біртіндеп қамтамасыз етілетін көрінеді.

Сондай-ақ тауардың төмендегі үш түрі:

Тұз, күріш және қант өңірімізде өндірілмейтіндігін айта кеткен жөн. Өздеріңізге белгілі, бұл жағын оңтүстік өңірлерден немесе басқа елдерден тасымалдау арқылы сөрелерге қояды.

Жеміс-көкөніс өнімі бағасын ұстап тұру бойынша «Айналмалы жүйе» механизмі аясында «Приречное АгроФирмасы» ЖШС 2021-2022 жылдарға арнап 500 млн теңге көлемінде қарыз берді, – деді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Владимир Гайламазян. – Жеміс-көкөніс өнімін жеткізуді 2021 жылдың қарашасы мен 2022 жылдың мамыр айлары аралығында «Приречное АгроФирмасы» ЖШС жүзеге асырады.

Келісімшарттарға сәйкес облысқа 3100 тонна картоп(өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық), 900 тонна қырыққабат, 800 тонна сәбіз және 1200 тонна пияз жеткізілмек.