Еуропалық сарапшылар Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс деп санайтын заңның қабылдануын қолдады

88
көрілім
ашық дереккөзден

18 сәуірде Еуропалық кеңестің Парламенттік Ассамблеясы сайтында «Қазақстанның Адам құқықтары, демократия және Еуропа кеңесімен ынтымақтастық саласындағы ілгерілеуі» атты жазбаша декларация жарияланды, деп хабарлайды  Buqara.kz  сайтының тілшісі ҚазАқпартқа сілтеме жасап

Оған бірінші болып Венгрия парламентшісі, ЕКПА-дағы ұлттық делегацияның басшысы Жовт Немет қол қойған. Ж.Немет Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында ЕКПА-ның 22 мүшесі Еуропалық кеңес пен Қазақстан арасындағы байланыстарды дамытуды және ҚР-дағы реформаларды қолдайтынын атап өтті. «Еуропа кеңесі мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынаста жаңа өзгерістер болып жатыр. Қазақстан Республикасындағы саяси реформалардың дамуын атап өткім келеді және қазақстандық саясаткерлерді Еуропа кеңесімен байланыстарды тереңдетуге шақырамын», - деді венгриялық парламентарий.

Страсбургтегі ЕКПА-ның француздық сарапшысы Карла Дуат еліміздегі оқиғаларға тоқталды. «Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тартатын заңның қабылдануы – дұрыс шешім. Бұл туралы Қазақстанда болып келген сенаторлар жан-жақты хабардар етті. Бұл Қазақстан Республикасы мен Еуропа кеңесі арасындағы ынтымақтастықтың 20 жылдығын ескеретін ерекше сәт», - деді К.Дуат. Бельгияның Гент университеті докторантурасының қызметкері және Ұлыбританиядағы Сент-Эндрюс университетінің Таяу Шығыс, Орталық Азия және Кавказ зерттеулері институтының ғылыми қызметкері Каролина Ключевска NE Global басылымына тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау маңызды қадам екенін айтты. «Өзгерістер кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтеді.

Түзетулер соңғы бірнеше жылда қоғамда кеңінен талқыланды. Олар сондай-ақ гендерлік зорлық-зомбылық туралы қоғамдық пікірталастар мен нөлдік төзімділікке шақыру қайта басталғанын ескере отырып, маңызды сәтте орын алды», - деді К.Ключевска. Сарапшы сондай-ақ «NE Global»-ға Қазақстандағы жаңа заңдар, ең алдымен, Еуроодақтың немесе басқа да сыртқы ойыншылардың ықпалынан емес, ішкі динамикаға реакциядан туындағанын еске салды. «Алайда заңдардың іс жүзінде қалай жүзеге асырылатыны және құқық қорғау органдарының тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларына қаншалықты жауап беретіні әлі белгісіз. Өйткені дәл осы деңгейде зорлық-зомбылық жағдайлары жиі ескерілмейді», - деп ескертеді сарапшы. Айта кетейік, 15 сәуірде Президент әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдарға қол қойған еді.