Франция елшісі келді

318
көрілім

Қазақстандағы Францияның төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ жұмыс сапарымен Өскемен қаласында болып қайтты. ШҚО әкімі Даниал Ахметов елшімен кездесіп өңірдің өндіріс саласының әлеуеті туралы айтып берді.

Облыстағы ірі өнеркәсіп ошақтарының өнімі тек Қазақстанда емес, сонымен қатар әлем бойынша жоғары сұранысқа ие. Даниал Ахметов бұдан бөлек, ел тарихына тоқталып, жаздыгүні Филипп Мартинэні киелі орындарды, атап айтқанда, Берелдегі патшалар алқабын және Зайсан ауданындағы Шілікті қорымын аралауға шақырды. Әкім сондай-ақ, Шығыс Қазақстанда б.з.д. VII ғасырда бабалардың бірегей металлургиялық технологиясы болғанын ерекше атап өтті.

– Біз ұлттық мәдениетімізбен мақтанамыз. Көпшілік қазақ халқының көшпелі тұрмысы үлкен мүмкіндіктерге жол ашпаған деп ойлайды. Алайда, бүгінде белгілі дүние, ол – біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда Шығыс Қазақстанда ата-бабаларымыз бірегей металлургиялық технологияны игергені. Әлемнің ешбір елінде ол уақытта, яғни, б.з.д VII ғасырда алтынды соғу технологиясы болған емес, – деді Даниал Ахметов.

Елшінің айтуынша, археология саласында серіктестік, оның ішінде патшалар алқабы француздық эксперттер үшін өте қызықты. Өз кезегінде Филипп Мартинэ аймақ басшысының шақыруын қабыл алып, турист есебінде келетінін жеткізді. Кездесу барысында сондай-ақ, өңірде француз тілін заманауи әдіс бойынша оқыту туралы келісімге қол қойды.

Асқар ТҰМАРБЕК