Ит адамға дос па, қас па?

365
көрілім

Жеті қазынаның бірі болған ит ежелден бері адамның айрылмас досына баланып келеді. Десе де төрт аяқты серігінің достығын емес, қастығын көргендер де өңірімізде жетіп артылады. Әсіресе иесіз қаңғыған иттерден келер қауіп көп. Өткен жылы Өскемен қаласында байлаусыз жүрген иттен 245 адам зардап шеккен. Бұл аз сан емес. Осы жерде басын аша кететін тағы бір өзекті мәселе бар. Шығыс Қазақстан облысында тұрғындардың ит серуендетуіне арналған арнайы орын қарастырылмаған. Ал итін серуендетуге шыққан қожайындардың көпшілігі итінің тұмсығына тұмылдырық кигізуді жөн санамайтындарын жиі байқап қаламыз. Газет тілшісі бұл мақалада осы жайттарды саралап көрді.

Қазақ халқы әлімсақтан бері итті дос санап келеді. Азығын сайлап, қаруын байлап аңға шыққанда қасына бірге ертіп, күні-түні үй күзетін сеніп тапсыратын итті кие тұтқан. Сондай-ақ, қазірде құқық қорғау органдары есірткі мен жарылғыш заттарды анықтауда, қылмыскерді құрықтауда әркез танауы сезгіш иттің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Тіпті бұл жануардың адам өмірін ажалдан арашалап қалған кездері де жоқ емес. 2015 жылы Қарағандыда иесін құтқарамын деп ажал құшқан иттің ерлігіне шынымен-ақ сүйсінесің. Вокзалдағы темір жол рельсінде мас күйінде ұйықтап жатқан қожайынын жағасынан тістеп, жолдың шетіне шығарып үлгерген иттің сирағын пойыз жаншып, соның салдарынан ол оқиға орнында өліп кеткен.

Алайда таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, ит жануарының пайдасынан гөрі зиянын кешкен адамдар да арамызда бар. Бұл тұстағы негізгі әңгіме – иесіз көше кезген қаңғыбас иттер жайлы болмақ.

Қаңғыбас иттер қаптап жүр

Шығыс Қазақстан облысының бас қаласы болған Өскеменде иесіз қаңғып жүретін иттер баршылық. Әсіресе шеткері көшелерде үйірімен көше кезген иттерді жиі байқайтынымыз рас.

– Өзім Ахмер ауылының тұрғынымын, – дейді Гаухар Бекбосынова (аты-жөні өзгертілген) – Біз жақта бейсауат жүрген иттер өте көп. Алла сақтасын, күндердің бір күнінде бала-шағамызды ит қауып алса қайтеміз?! Қаңғыбас иттерді неге ешкім қадағаламайды?

Өскемен қаласы әкімдігінің хабарлауынша, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ШЖҚ «Өскемен мал дәрігерлік қызметі» КМК жүзеге асырады. Өткен жылы аталмыш мекеме 2501 ит пен 118 мысықты аулаған екен.

– 2017 жылғы көрсеткіш бойынша облыс орталығында 245 адам қаңғыбас иттерден зардап шеккен, – дейді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ольга Булавкина, – Оларға құтыру ауруына қарсы антирабиялық дәрігерлік көмек уақытылы көрсетілді. Қаңғыбас ит жайлы жедел шағымдармен тікелей М.Горкий көшесі 11А мекенжайында орналасқан қала әкімдігіне (телефоны: 57-41-69), мал дәрігерлік қызметіне немесе «Жаппай спортты дамыту орталығы» КММ филалдарына хабарласуға болады. Бұл мемлекеттік мекемелер белгіленген кестеге сәйкес қараусыз жүрген иттерді аулау жұмыстарын жүйелі және сапалы түрде жүргізеді.

Әкімшілік жауапкершілікке тартылады

Итімен серуенге шыққанда тұмылдырық кигізбейтіндерді көшеде жиі кездестіреміз. Ал бұл әрекетке заң бойынша нақты тыйым салынған. ШҚО ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, итті серуендетуге тұмылдырықсыз шығару ӘҚБтК-нің 408-бабының, 1-тармағымен реттеледі. Аталған баптан аттаған тұлға 3 АЕК (7215 теңге) мөлшерінде айыпппұл төлеуге міндеттелмек.

– 2017 жылы осы бап бойынша 5441 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жалпы облыс бойынша ит қауып алған 31 адам тиісті орындарға шағым түсірді. Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 408-бабының, 2-тармағы бойынша тұмылдырықсыз ит жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкіне залал келтірсе,үй жануарының иесіне 10 АЕК (24050 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады, – дейді ШҚО ІІД МТАБ басшысының міндетін уақытша атқарушы Әйгерім Нұрғазина.

Қаңғыбас иттер қайдан шығады?

Үйір-үйірімен қаптап жүретін иттердің қайдан пайда болатынын анықтау үшін кинолог маманды әңгімеге тарттық.

– Бұның бірнеше себептері бар, – дейді атын атамауды өтінген кинолог маман, – Мысалы, ақша табуды мақсат тұтқан бір отбасы 2-3 итті асырап алады да, оның күшіктерін сатуды кәсіпке айналдырады. «Тауарын» жарнамалау үшін олар «таза тұқымды» деп бояма сөздерді айтады. Ал күшікті сатып алған иесі оның мінезін есейген кезде ғана біледі. Иттің ашуланшақ немесе именшек болып өсуі әбден мүмкін. Күндердің күнінде оның өзгені қойып, өзін асыраған иесіне шабуылдауы ғажап емес.

Маманның айтуынша, саяжайы бар тұрғындардың көбісі жазда бақшалығын күзету үшін ит асырайды. Ал маусым аяқталғаннан кейін сол итті оларға керексіз болып қалады.

– Итті көпқабатты үйдегі пәтеріне апаруды жөн санамаған адам, оны қаңғытып бос жібереді, – дейді кинолог, – Иесіз қалған жануар басқа қаңғыбас иттерге барып қосылады. Сөйтіп байлаусыз жүрген иттердің үйірі қалыстасады. Тағы бір мысал, кішкентай баласы ата-анасына күшік асырағысы келетінін айтады. Еркетотайдың сөзін жерге тастамайтын олар балақайдың айтқанын орындайды. Ал күшікті ермек қылған бүлдіршіннің жануар өскен кезде қызығушылығы жоғалатыны анық. Осылайша, тағы бір қаңғыбас ит пайда болады. Кеңес заманында бұл жайттар қатаң бақылауда болатын. Ал бүгінде ит саудасы негізінен кәсіпке айналып кеткендей.

Ажал құшқандар да бар…

Елімізде қаңғыбас ит адамды талап өлтірген қайғылы жағдайлар да орын алып жатыр. Тіпті өз иесінің баласына да.

2013 жылы Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Жаңа Шамалған ауылында жантүршігерлік оқиға болды. 8 жасар баланы тапатал түсте көршісінің иті талап өлтірген. Бүлдіршін аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, есін жимастан жантәсілім етті.

Қаннен-қаперсіз ойнап жүрген кішкентай Мадиярды қоқыс жанындағы ит талап тастаған. Оқиға түскі сағат екі кезінде орын алған. Алайда, сәбидің шырылдаған даусын естіген ешбір жан болмады. Тек бірнеше сағаттан кейін ғана Мадиярдың жансыз денесін ағасы тауып алған, – дейді Жаңа Шамалған ауылдық округінің әкімі Бақытбек Жанысжанов, – Итті атып, басын кесіп, облыстық санэпидстанцияға жеткіздік. Ауылдық жерлерде ит өте көп. Былтырғы төрт айдың ішінде 89 итті аулап, көзін жойдық.

2016 жылы Шымкентте қабаған ит адамды талап өлтірді. Ротвейлер тұқымды ит өзінің көршісін жұлмалап тастаған. Қансыраған 64 жастағы зейнеткер әйел сол жерде көз жұмды.

90 жастағы әкесіне келген Надежда Чумихина өз ауласынан шыққан бетте көршінің иті бас салыпты. Үйлердің арасында қоршау да болмаған екен. Итке таланып жатқан анасына қызы көмекке келгенімен көзі қанталаған ротвейлер күш бермеген. Қабаған ит өлтіріліп, басы сараптамаға жіберілді. Ал жәбірленуші тарап кешірім бергеніне байланысты ит иесі жеңіл жазамен құтылды.

2018 жылы Ақмола облысында 6 жастағы бүлдіршінді өз үйінің ауласында өз иті талап өлтірген. Жантүршігерлік оқиға 1 наурыз күні сағат 15.00-де орын алды. Үй ауласында кішкентай Дамир күнделікті әдетінше сай итпен бірге ойнап жүрген. Отбасының асырауындағы төртаяқты болған соң хайуан мен баланың достығына ешкім тосқауыл қоймаса керек. Бірақ ит иттігін істеген. Баланы бас салып талап, жұлма-жұлмасын шығарыпты. 6 жасар бүлдіршіннің қарсыласуға да дәрмені болмаған. Шырылдаған дауысты естіп жүгіріп шыққан әкесі итті сол мезетте атып тастаған. Бірақ бәрі де кеш еді… Қан-жоса болып сау-тамтығы қалмай таланған бала өліп кеткен. Қазір Қажымұқан ауылында полиция оқиға бойынша тергеу жүргізуде. Ит құтырған ба, жоқ па, анықталу үстінде.

Биылғы жылы Қостанайдағы кәсіпорындардың бірінің ауласында ер адамды ит талап тастады. Зардап шегуші Қостанай облыстық ауруханасына жеткізілді. Мекеменің бас дәрігері Юрий Моисеевтің айтуынша, ит ер адамның бірнеше жерінен қауып алған.

– Оны бірден жансақтау бөліміне жатқыздық. Қолдан келген көмегімізді жасадық. Бірақ, ол есін жимастан көз жұмды, – дейді бас дәрігер.

Қостанай облысы ІІД баспасөз қызметі ақпаратты растап отыр.

– Ит қауып алған 59 жастағы Жітіқара қаласы тұрғынының қаза болу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Зардап шегуші жұмыс істеген кәсіпорын басшысына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 408-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды, – дейді ІІД баспасөз қызметі.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ