Қазақстанда шағын және орта бизнес ашудың шарттары жеңілдетілмек

530
көрілім

Елімізде шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін бірқатар шарт жеңілдетіледі. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, ШОБ пен АӨК субъектілері үшін бірқатар шарт жеңілдетіледі және қосымша режимдер ұсынылмақ.

— Шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданыстағы арнайы салықтық режимдерді сақтау қарастырылған. Дегенмен кейбірі жаңғыртылады. Мәселен патентті алсақ, мөлшерлеме 2%-дан 1%-ға азаяды. Ал «жеңілдетілген декларация» режимі үшін талаптар жеке тұлғалар үшін де, заңды тұлғалар үшін де табыстың мөлшері бойынша бірдей болады. Сонымен қатар жаңа режим ұсынылады. Тиянақталған шегеріс режимі. Бұл кімнің айналымы үлкен, бірақ табысы аз болса, соған тиімді. Салық төлеушілерге режимді таңдау құқығы беріледі, — деді Руслан Дәленов.

Аграрлық сала үшін де ынталандыру шаралары ұсынылып отыр.

Бірыңғай жер салығы (БЖС) режимінде ШФҚ үшін ҚҚС бойынша шектеулер болмайды, яғни ШФҚ-ҚҚС салық төлеушілер БЖС пайдалану құқығына ие болады.

Еңбекақы төлеу қорына жүктемелерді азайту үшін ШФҚ басшысы, мүшелері және жұмысшылары үшін әлеуметтік салықты шегеру ұсынылып отыр. Қызмет әрекетінің басқа да түрлерін бөлек есептеу арқылы жүзеге асыруға рұқсат берілетін болады.

— Жер қойнауын пайдалануды ынталандыру үшін іс-шаралар қолға алынады. Негізгі өзгерістер геологиялық барлауды ынталандыруға бағытталған. Теңіз және тереңдегі мұнайдың кен орны үшін артықшылықты салық режимін ұсыну жоспарлануда. Арнайы салықтар мен жер қойнауын пайдаланушылардың төлемдерінің орнына жер қойнауын пайдалануға баламалы салық төлеу ұсынылмақ, — деп түсіндірді ол.

Қатты пайдалы қазбаларды барлау үшін жедел геологиялық барлау жасауды ынталандыратын жалдық төлемдер тетігі енгізіледі.