Кәсіпкерлер марапатталды

269
көрілім

Өңірімізде жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін құрылған «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы жақсы қарқынмен іске асуда. Жылдан жылға өз кәсібін бастап, дөңгелетіп әкеткен шығысқазақстандықтар легі артып келеді. Жуықта ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов аймақ экономикасын дамытуға ықпал еткен 50-ден астам шағын бизнес өкілдерін марапаттады.

Бүгінде шағын бизнес – Шығыс Қазақстанның экономикасын датытуға жетелейтін негізгі факторлардың бірі десек артық айтқандық емес. Өңір кәсіпкерлері өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы, халыққа қызмет көрсету және сауда салаларында білек сыбана жұмыс істеуде. Өскемендегі «Event Hall» банкет залында өткен шараға 50-ден астам шағын бизнес өкілдері бас қосты.

– Соңғы үш жылда «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасының барлық көрсеткіштері бойынша біздің облыс бірінші орында тұр, – дейді ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, – Бұл сіздердің елеулі еңбектеріңіздің жемісі. Жыл сайын шағын кәсіпорындардың жалпы кірісі артып келеді. Осының нәтижесінде, өнімнің бәсекеге қабілеттілігі де өседі.

Шара барысында шағын бизнес иелері мақтау қағаздарымен марапатталды. Өз кезегінде кәсіпкерлер де әрдайым қолдау көрсететін облыс әкімдігіне және ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына алғыстарын білдірді.

Айта кету керек, Шығыс Қазақстан субсидияланған жобалар саны бойынша елімізде бірінші орында тұр. Жыл сайын бұл бағдарламаға қатысуға ниет білдіргендер саны да артуда.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ