«Күдікті 10 минутта қолға түсті»: Өскеменде ер адамды көшеде атып кетті

395
көрілім

Оқиға түс ауа қаладағы Қазақстан көшесі, 98/1 мекенжайында болған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Куәгерлер аталған фактіге қатысты фотосуреттерді түрлі әлеуметтік желіге таратып, бірнеше парақша атыс болған сәт туралы бейнежазбамен бөлісті. Соған зер салсақ, көпқабатты үйдің ауласында келе жатқан адамды біреу екі рет атады. Тапанша емес, әлдеқандай мылтықпен. Әрі қарай оқиға орнына тәртіп сақшылары келіп, жағдайдың ақ-қарасын анықтаған. Облыстық Полиция департаменті мәліметінше, қаладағы «102» арнасына қоңырау қаңтар айының 13-і күні түсті.

– Хабарласқан адам подъездердің бірінің жанында қансыраған ер адамның жатқанын айтты. Жеткен бойда мәйітті көрдік. Алдын ала дерекке сәйкес, ер адам атыс қаруынан көз жұмды. Әрі қарай патрульдік полицейлерге дереу бағдар беріліп, күдікті 10 минутта қолға түсті, – делінген ақпаратта.

Республика бойынша азаматтарды қорғау қорының өкілі Артур Абдулкадыровтың мәліметінше, түс ауа атылған адам 1990-шы жылы туған.

– Алдын ала дерекке сүйенсек, оқ мойын мен иектің маңайына тиді. Осы жайтқа байланысты 1997 жылы туған тұрғын ұсталды. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, 2000-жылы туған жұбайына деген қызғаныш осыған себепші болды, – деді ол.

Дегенмен полиция бұған қатысты ақпар ұсынбады. Қазір аталған фактіге сәйкес ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Асыл АЙТБАЕВ (Фото ШҚО ПД)